Мүгедектер жеке көмекшілерінің жәрдеміне мұқтаж боп қалды
Александр ЛАБЫКИН – көру қабілеті бойынша І топ мүгедегі, Қазақстан соқырлар қоғамы (ҚСҚ) кәсіпорнында жұмыс істейді, матрастар тігеді. Александр жыл басынан бері үш ай жұмыстан қалып қойған. Бірақ ол осыған мәжбүр болған: зағип жанға бөгде біреудің көмегінсіз үйден жұмысқа дейін жету және кері үйіне қайту қиын.
МҰНДАЙ ЖАЛАҚЫ БОЛМАЙДЫ
Айта кету керек, Лабыкин секілді қамкөңіл жандарды мемлекет қолдаусыз қалдырмады – 2007 жылдан бастап қозғалуы қиын І топ мүгедектеріне жеке көмекші қызметі тиесілі. Жеке көмекшілер мүгедектерді жұмысқа, оқуға, дүкенге немесе әкімдікке алып барады, коммуналдық есеп-шоттарын төлеуге, бланкаларды толтыруға көмектеседі және т.б. Көмекшілердің еңбекақысын төлеу қаржысы қалалық бюджеттен бөлінеді. Алайда жаңа жылдан бері ақша жоқ.
-Жұмысқа бізді арнайы автобус алып барады, бірақ мені үйден аялдамаға дейін және аялдамадан жұмысқа дейін алып баратын біреу қажет қой. Подъезден шығасың да, бәлкім мейірбан бір жан келіп, көмектесер деп тұрасың. Немесе көршің кездеседі. Жалпы, әр кезде әрқалай болады. Осының салдарынан жұмысымнан қалып қойып жүрмін, - дейді А. Лабыкин.
Облыстық ҚСҚ басқармасының төрағасы Қасымбек ИСЕМБАЕВТЫҢ айтуынша, ақшаның кешеуілдеу себебін қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлі-мінің бастығы Нұрлы ХАБИЕВА қалалық жұмыспен қамту бөлімінің қалалық мәслихаттан қосымша қаржылар сұрап отырғандығымен түсіндірді.
Шынымен де, мүгедектер әлденеше рет қалалық әкімдік пен қалалық жұмыспен қамту бөліміне жеке көмекшінің жалақысын көбейту өтінішімен шыққан.
- Қазіргі айына 3 000 теңгеге көмектесуге кім келісе қояды, - дейді Александр. - Әрине, балалар қолдары тигенде көмектеседі, бірақ күні бойы олар жұмыста ғой. Жалғызбасты мүгедектер қаншама? Егер сома ең болмағанда 20 мың теңге болғанда, көршілердің бірінен өтінуге ұялмас едік.
Сонда, қағаз жүзінде мемлекет көмектесіп отыр, ал іс жүзінде олай емес болғаны ғой. Ал Батыста мүгедектердің ассистенттері әжептәуір салмақты еңбекақы алады.
Бізде қалалық бюджеттен бұған жыл сайын шамамен 3,4 млн теңгедей сома бөлінеді. Алайда көмекшінің қызметіне мұқтаж мүгедектердің саны жыл сайын өсіп отыр. Биыл мұндай жандардың саны 85 адамды құраған.
- Бір мүгедекке айына 3 мың теңге шамасында келетін болғаны ғой, - дейді Қ. Исембаев. – Біз бөлінетін соманың заңдылығын тексеру үшін прокуратураға хат жаздық. Төлем мөлшерін көбейту үшін қалалық мәслихатқа да жаздық. Мен басқа облыстағы әріптестеріммен хабарласып тұрамын. Мәселен, Ақтөбеде жеке көмекшілерге 20 мың теңгеден ақша төлейді екен. Ендеше, неге бізге аз бөлінеді?
ҚАМТУ БӨЛІМІНДЕГІ ҚАНДАЙ ҚҰПИЯ?
Біз қалалық жұмыспен қамту бөліміне сауал жолдадық. Жауап екі аптадан кейін келді, бірақ онда төлемдердің не үшін кешеуілдеп жатқандығы туралы басты сұраққа жауап болмады. Хабиеваның орынбасары Қатима ЕСҚАЛИЕВА: «Бастыққа хабарласыңыз, егер ол маған осындай тапсырма берсе, айтамын», - деп комментарий берді.
Мұның құпиялылығы неде екендігі түсініксіз. Қалалық жұмыспен қамту бөлімінің бастығы Хабиева ханымды ақыры ұстай алмадым. Қабылдау бөлімінде әр хабарласқан сайын оның жиналыста отырғанын айтты. Ал қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы Назымгүл ҚАЙСАҒАЛИЕВА былай деді:
- Жеке көмекшінің қызметін төлеу қаржысы 3,5 млн теңге мөлшерінде қарастырылған. Конкурс енді жарияланды, шамамен маусымда қорытындысы белгілі болады. Кешеуілдеу себебі – бұл ақша жетіспейді, сондықтан қалалық жұмыспен қамту бөлімі қалалық мәслихатқа соманы көбейту өтінішімен шықты.
ДЕПУТАТТАР УӘДЕ БЕРДІ
Алайда қалалық мәслихат жыл басынан бері екі сессия өтсе де, қалалық жұмыспен қамту бөлімінің мұндай өтінішінен бейхабар екен.
- Жалғыз ғана – наурыз айында мүгедектердің өздерінен көмекші қызметінің төлемдерін көбейту жөніндегі өтініш-хатын ғана алдық, - дейді қалалық мәслихат аппаратының жетекшісі Қанат НҰРМҰҚАНОВ. – Мамырдың аяғында бізде кезекті сессия болады, сол кезде мүгедектерге қандай көмек болатынын талқылайтын боламыз.
Қалалық мәслихаттың әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының төрайымы Бағыт ШЕРКЕШБАЕВА осы проблемамен жұмыс істей бастағандарын хабарлады.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА
АЙТПАҚШЫ
Мүгедектер үшін заңгерлік кеңес
5 мамырда Халықаралық мүмкіндіктері шектеулі жандардың құқықтары үшін күрес күні атап өтілді. Мәртебені рәсімдеу, ең керекті құралдарды алу, емделуге квота алу – мүгедектер үшін ең өзекті мәселелер осы.
- Егер бірнеше жыл бұрын Қазақстанда 480 мың мүгедек бар болған болса, бүгінде 536 мың болды, - дейді «Намыс» ҚБ төрағасы Қайрат ИМАНАЛИЕВ.
- Неліктен?– деген сұрақ аузымнан еріксіз шығып кетті. – Жыл сайын он мыңдаған адам мүгедек атанатын не қылған елміз?
- Нашар экология, қауіпсіздік техникасы ережелерінің сақталмауы, жол-көлік оқиғаларының көптігі – осының бәрі статистиканы көбейтіп отыр.
Ал статистиканың сыртында физикалық дәрменсіздікпен ғана емес, бюрократиялық машинамен жиі күресуге тура келетін тірі адамдар тұр. Оларға көмектесу үшін жыл басынан бері Қазақстанда құқықтық орталықтар ашыла бастады. Біздің аймақта «Заң алдыңдағы теңдік: Орталық Азиядағы әділ сотқа қолжетімділік» Орталық Азия Еуразия Қоры бағдарламасының «Оңалту + құқық» жобасын «Мүгедек әлемі» ҮЕҰ жүзеге асырады. Ол ересектер және балалар оңалту орталығынан екі кеңес қызметін ашты.
Проблема жетерлік. Мамандандырылған емдеу мекемелеріне квота, шипажай жолдамаларын алу өте қиын. Жас мүгедектер оқу және жұмысқа орналасу проблемаларымен бетпе бет келеді. Бұдан басқа, баспанаға жеңілдік заңмен реттелмеген. Мәселен, әдетте тек ІІІ топ берілетін есту қабілеті бойынша мүгедектер заң шығарушының назарынан мүлдем тыс қалған. Мүгедектікті тағайындау мен емдеу процедурасы көп сұрақтар туғызады. Көп жағдайларда дигностика мен емдеу кепілдендірілген медициналық көмек көлеміне кірмейді.
Барлық осы сұрақтар бойынша кеңестер алу үшін мүгедектер енді өз заңгерлеріне жүгіне алады. Оларға көмек тегін көрсетіледі.
Зульфия ИСКАЛИЕВА