Иранның бұрынғы президенті Махмұд Ахмадинежадтың адвокаты оның ұсталғаны туралы ақпарат құралдары таратқан мәліметті жоққа шығарды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Ria.ru-ға сілтеме жасап.
Махмұд Ахмадинежад 2005-2013 жылдары Иранды басқарды.
«Менің қорғалушым экс-президент Махмуд Ахмадинежадтың Бушер қаласына жасаған сапарында ұсталғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды», - деп мәлімдеді адвокат.
Бұған дейін Лондонда шығатын арабтілді Al-Quds Al-Arabi басылымы Тегерандағы сенімді дереккөзіне сілтеме жасап экс-президенттің Ширазға сапары кезінде ұсталғанын хабарлады.
Басылым Иранның жоғары көшбасшысы Али Хаменидің мақұлдауымен тұтқындалғанын айтады. Газет дереккөзінің мәліметінше Иран билігі Ахмадинежадты Бушер қаласында «тәртіпсіздікті қоздырды» деп санап осындай шешім қабылдаған.
Басылымның жазуынша Махмуд Ахмадинежад Иранда билікке қарсы шеру басталған 28 желтоқсан күні Бушер тұрғындарының алдында қазіргі президент Хассан Роухани мен оның үкіметін сынап, халықтың проблемасынан алшақтап кетті, елді нашар басқарады, қоғам байлығын монополиялап алды деп айыптаған.
Al-Quds Al-Arabi-дің жазуынша, Иранның бұрынғы президенті кейбір шенеуніктердің «қоғамдағы шынайы жағдайдан мүлде бейхабар» екенін айтқан.
28 желтоқсаннан бері Иранның Тегеран, Мешхед, Исфахан, Решт секілді үлкен қалаларында биліктің әлеуметтік, экономикалық, ішкі және сыртқы саясатына қарсы наразылық акциялары өтіп жатыр. Иран Президенті Роухани наразылық шаралары ішкі проблемаларға байланысты өтіп жатқанын және басқа арандатушы елдердің қатысы барын мәлімдеді.
БАҚ таратқан соңғы деректерге сүйенсек, акция салдарынан кемінде 20 адам құрбан болған. Тегерандағы наразылықтан соң соңғы үш күнде 450-ге жуық адам тұтқынға алынған.
Дереккөз: baq.kz