Американың Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) директоры Майк Помпео "Ресей мен өзге елдер АҚШ-тың сайлау процесіне кесір тигізуге тырысып жатыр" деп мәлімдеді. Жексенбіде CBS арнасынан сөйлеген Помпео Ресейдің сайлауға араласуы "ұзақ мерзімді сипат алғаны және әлі күнге дейін жалғасып жатқаны" туралы айтқан.
АҚШ арнаулы қызметі бұған дейін Ресей 2016 жылы АҚШ-та өткен президенттік сайлауға республикашыл партияның кандидаты Дональд Трампқа көмектесу үшін араласқан деген қорытындыға келген. Мысалы, демократиялық партияның кандидаты Хиллари Клинтонның электронды поштасын бұзып, хаттарын жариялау арқылы оның беделіне нұқсан келтіру, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі пропаганда тәрізді істермен айналысқан.
Мәскеу АҚШ сайлауына араласу туралы өзіне тағылған айыптарды түбегейлі жоққа шығарып, мойындамайды. АҚШ-тың арнайы прокуроры Роберт Мюллер қазір қылмыстың болғаны я болмағанын анықтау мақсатында тексеру жүргізіп жатыр.
Трамптың бұрынғы екі серігі – ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Майкл Флинн мен сайлауалды штаб қызметкері Джордж Пападопулос Ресей ісіне қатысты тергеу барысында АҚШ федералдық тергеу бюросына (ФБР) жалған мәлімет бергендерін мойындаған.
Трамп өз сайлауалды штабының Ресеймен ешқандай астыртын сөз байласуға бармағанын мәлімдеген.
АҚШ-та келесі үлкен сайлау 2018 жылы қарашада өтпекші. Ол сайлауда республикашылдар конгрестегі басымдығын сақтап қалуға тырысады деп хабарлайды "Америка дауысы" радиосы.
Дереккөз: azattyq.org