2 мамырда «Евразия-СтройКапитал-2007» компаниясының 200-дей жұмысшысы ереуіл жариялап, ауысымға шықпай қалды.
«ЕвразияСтройКапитал-2007» ЖШС – қытайлық «Синопек Инжиниринг» компаниясының АМӨЗ-дің хош иісті көмірсутек өндіру кешені (ХӨК) құрылысының нөлдік циклін жүргізіп жатқан мердігері.
Мамырдың 2-сі күні кешкісін ереуілшілер Балықшыдағы өз жатақханаларының жанына топталған еді. Айта кету керек, олардың дені – тарихи атамекендеріне Қытайдан оралып, қазір Қазақстанның әр аймағында тұрып жатқан оралмандар. Жұмысшылардың вахталық әдіспен емес, тұрақты негізде ХӨК-те жұмыс істегендеріне бір жылдай болған.
ҚЫТАЙ ТІЛІ ДЕ КӨМЕКТЕСПЕДІ
Ереуілге шыққандардың басты талабы еңбекақыны көтеріп, заң бойынша тиесілі барлық төлемақыларға қол жеткізу.
- Құрылыста қазір негізінен ағаш шеберлері, бетоншылар, арматурашылар, жүк ілушілер жұмыс істейді. Жалақымыз 50-60 мың теңге, ал қытайлық жұмысшылардікі (олар 120 адам) – 230 мың. Біз оларға қарағанда сапалы әрі тез жұмыс істейміз, - дейді жүк ілуші Еркін ДҮЙІСОВ (суретте). – Демалыссыз еңбегімізге тиесілі үстеме ақы да толық төленбейді. Сырқаттануымызға байланысты алған күніміз үшін де төлем жоқ, зейнетақы жарналары түспеген, дұрыс тамақтандырмайды. Ал кадрлар бөлімі мен бухгалтериядағы біздің қазақстандық мамандар еңбекақы мен еңбек келісім-шарты туралы сұрақтарға дөрекі, намысқа тиіп жауап береді. Өткен жылдың желтоқсанынан бастап осы мәселелерді шешу туралы «ЕвразияСтройКапитал-2007» ЖШС директоры ЧИН ЕДЕН әлденеше рет өтініп, шыдамымыз таусылғанын айтып ескерткен едік, бірақ одан ештеңе шықпады. Біздің көпшілігіміздің қытайлық әріптестерімізбен тілдік кедергіміз жоқ, бірақ келісімге келе алмадық. Ереуілді бастауға тура келді.
Біз «ЕвразияСтройКапитал-2007» ЖШС директоры Чин Е мырзаға хабарласпақ болдық. Тұтқаны оның орынбасары Алтай ТОМАҚАЕВ көтеріп, бұған қатысты түсінік беруден бас тартты.
РЕЛИЗ-БҰЙРЫҚ
Ал 3 мамырда қытайлық «Синопек Инжиниринг» компаниясының қазақстандық филиалы 2 мамыр күні «ЕвразияСтройКапитал-2007» ЖШС-нің 170 қызметкерінің жұмысқа шықпағаны расталған баспасөз релизін таратты. Баспасөз релизінде қазақстандық жұмысшылардың еңбекақысы сыйақы мен үстеме ақылармен қосқанда 90 мыңнан 140 мың теңгеге дейін, ал қытайлық жұмысшылардікі – 160 мың теңге екендігі көрсетілген (мен содан кейін ереуілшілерден қайтадан сұрадым – олар бірауыздан тағы да қолдарына әрі кеткенде таза 60 мың алатындарын мәлімдеді – С.Т.). Алайда бұл құжаттағы бастысы - өзінің қосалқы мердігеріне еңбек дауын 5 мамырға дейін реттеу жөнінде қатаң қойылған шарт болды.
ҚЫСҚА ӘРІ НҰСҚА
4 мамыр күні таңертең «ЕвразияСтройКапитал-2007» ЖШС директоры Чин Е ереуілшілердің өкілдерімен кездесті. Оған компанияның кадрлар және қаржы бөлімдерінің басшыларынан басқа «Синопек Инжиниринг» компаниясының қазақстандық филиалы директорының кеңесшісі Жалғас ТІКЕНБАЕВ қатысты. Атыраудың бұрынғы мэрі сөзін ақыл-кеңеспен бастады:
– Ереуіл бұдан шығатын жол емес, оның үстіне сіздердің еңбек келісім-шарттарыңыз бар, онда бәрі жазылған...
– Ағай, қайдағы келісім-шарттар?!– деп айқай салды жұмысшылар. – Ешқандай келісім-шарт жоқ, мәселе сонда боп тұр ғой!
Оларды тағы біраз тыңдаған соң Тікенбаев өзгеріп сала берді:
– Егер айтып отырғандарыңыз рас болса, біз жағдайды міндетті түрде түзейтін боламыз. Олар заңға сәйкес барлық әлеуметтік жарналарды аударып, үстеме жұмыстарыңыз үшін ақы төлейтін болады. Олай болмаған жағдайда ЖШС-мен келісім-шарт бұзылады.
Ал ЖШС бухгалтері Әлия ОРАЗОВА жиналғандарға зейнетақы жарналарын бухгалтерияның үнемі аударып отыратынын растай бастады:
– Мен ай сайын ақшаларды аударып отырмын, бірақ олардың қайда кетіп жатқанын білмеймін. Мұны зейнетақы қорынан сұрау керек.
Алайда Чин Е мырзаның қысқа қайырған сөзі даудың тобықтай түйіні болды:
– Мен еңбек келісім-шартының жасалмағаны үшін және басқа да қателіктеріміз үшін кешірім сұраймын. Қанеки, былай жасайық: жазбаша түрде өз талаптарыңызды жазыңыздар, оларды қысқа уақыт ішінде, бір-екі күнде қараймыз, деп уәде беремін.
Жұмысшылар сол сәтте алдын-ала дайындалған қағазды ұсына қойды.
КЕШКЕ ҚҰЖАТ – ТАҢЕРТЕҢ ЖҰМЫС
Сол күні кешкісін Чин Е ереуілшілердің негізгі талаптарын орындау туралы жазбаша міндеттемесімен жатақханаға келді. Оларға еңбек келісім-шартын жасауға, еңбекақыны таза 150 мың теңгеге дейін (сәуір айындағы қайта есептеулермен) көтеруге, толықтай үстеме және еңбекке жарамсыздық күндерін төлеуге, тамақтандыруды жақсартуға (ас мәзірін жұмысшылардың өздеріне жасауды ұсынды) уәде берілді. Бірақ Чин Е талаптардың бірінің ғана орындалмайтынын жасырған жоқ. Әңгіме экологиялық үстеме туралы болып отыр.
– Бұл талап заңсыз: АМӨЗ аймағы ресми түрде экологиялық тұрғыда қауіпсіз деп саналады, - деді «ЕвразияСтройКапитал-2007» ЖШС директоры.
Бәлкім, солай да шығар. Бірақ талап тектен текке туындамаған: адамдар алаңда үнемі газдың иісі шығып тұратынын, құрылысшылардың талып қалған кездері болғанына шағымданады.
Келесі күні, 5 мамырда ереуілшілер жұмысқа шықты.
- Тараптар өзара мәмлеге қол жеткізді,-деп мәлімдеді облыс прокурорының бөлім бастығы Мақсат ШӘРІПОВ.- Жұмыс беруші жалақыны шамамен 40% көтерді және тұрмыстық жағдайларды жақсартуға уәде берді. Санэпидстанция, еңбек департаменті мен прокуратура өкілдері қатысқан жұмыс тобы өз жұмысын бастады. Тексеру нәтижесін қосымша хабарлаймыз.
3,5 ЖЫЛДЫҚ ҚҰРЫЛЫС
АМӨЗ-гі хош иісті көмірсутек өндіру кешені 2008-2013 жылдардағы ҚР Мұнай-химия өнеркәсібін дамыту бағдарламасының аясында салынуда. Қытайлық «ЕвразияСтройКапитал-2007» компаниясымен құрылысты «кілтпен тапсыру» туралы келісім-шарт жасалған. Жобаның құны - 1 миллиард 679 миллион 892 мың 520 АҚШ доллары. Жүзеге асыру мерзімі – 41 ай. Құрылыс өткен жылы басталған. «Синопек Инжинирингтің» мәліметтері бойынша, бүгінде құрылыс алаңдарында түрлі мердігер мекемелерден 610 жұмысшы жұмыс істейді.
Сәния ТОЙКЕН, суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ