Атырау, 28 қараша 11:42
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

ТШО және ҮЕҰ: гранттар шегі

2 268 просмотра

ҮЕҰ өкілдері мен ТШО қызметкерлерінің таяуда болған кездесуінде «Игілік» әлеуметтік-инфрақұрылымдық бағдарламасы мен әлеуметтік инвестициялар бағдарламаларының бірігуі туралы хабарлады.

Естеріңізге сала кетейік, әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобаларды шетелдік компаниялар өтеусіз негізде жүзеге асырады: өнімді бөлу жөніндегі келісімге сәйкес, Қазақстан ол үшін шикі мұнай  беру арқылы есептеседі. Алайда, ТШО «Игілік» бағдарламасының келісімге келген міндеттемелерден тыс жүзеге асырылатындығына және оның шығындарының ешқандай да өтемақысының алынбайтындығына сендіреді. Биылғы жылы бағдарламаның бюджеті $20 млн құрады, оның ішінде $11 млн Құлсары қаласын сумен жабдықтау жүйесін қайта қалпына келтіру бойынша қосымша жұмыстарды атқаруға, ал, $9 млн – әлеуметтік нысандар құрылысына жұмсалады.

ТШО биылғы жылы әлеуметтік инвестициялар бағдарламасына, яғни, Жылыой ауданындағы білім беру және денсаулық сақтау саласын қолдау мақсатында $1 миллионнан  аса қаржыны бөлмек. Дегенмен, ҮЕҰ мүшелері компанияны гранттар бөлу барысында ашық жариялылық болған жоқ деп бірнеше рет кінә артқан еді. Компанияның пайдасынан әлеуметтік бағдарламаларға қанша пайыз кететіндігі тіптен құпия.  Жариялылыққа қатысты тағылған кінәні ТШО өкілдері қабылдаған жоқ. Олардың пікірінше, проблема онда емес, басқада.

- Өткен жылы Рзабек (Р. АРТЫҒАЛИЕВ – ТШО компаниясының үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджері) және Линси (Линси КРЕЙН – оның орынбасары) Құлсарыда бір кездері ТШО қаржысына салынған аурухананың бүгінгі күйін көріп, жағаларын ұстады,- дейді ТШО-ның жұртшылықпен байланыс жөніндегі кеңесшісі Гүлнәр АЙТЖАНОВА.

- Бас дәрігер аурухананы тиісті жағдайда ұстауға бюджетінің жоқ екендігін, азғантай жалақы үшін дәрігерлердің жұмыстан кетуі олардың жетіспеушілігіне әкеліп отырғандығын мәлімдеді. Жергілікті ҮЕҰ мүшелерінің тағы бір қойған талабы: ТШО әлеуметтік көмектері біржақты болмай, болашаққа бағытталған болуы тиісті: – Сіздер біздің фермерлерімізге көмектесе алар ма едіңіздер? Көмек дегенде жай тракторды сыйға тартып қоймай, шаруашылықты бірнеше жыл өз аяғына тұрып кеткенге дейін қолдау көрсетуге мүмкіндіктеріңіз бар ма? Ал, сіздер тек «Раушан» шаруа қожалығына ғана көмектесесіздер, сол ғана, - деді «Демос»  ҮЕҰ жетекшісі Тоғжан ҚИЗАТОВА.

-  Біздер селоларға барамыз, ондағы тұрғындармен әңгімелесеміз, олар нақты бір мәселелердің шешімін қалайды: балабақша, амбулатория, жақсы жолдар, сумен дұрыс жабдықтау, - дейді Линси Крейн.

– Әрине, бас-аяғы жоқ нені қалайсың деп сұрақтың астына алғанда абдырап қалған село тұрғынын түсінуге болады. Сіздер менеджерлерсіздер және оның бәрін сарапқа салып ойлануларыңыз керек емес пе?  Егер селода айналысатын ештеңе болмаса жаңа балабақшаларға кім барады, жаңа жолдармен кімдер жүреді?    - деп жауап берді ҮЕҰ мүшелері.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

9 мамыр 2012, 13:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.