Атырау, 29 қараша 08:35
 ашықВ Атырау +3
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

​Дональд Трамп: «Иран халқы жемқор билік режиміне қарсы әрекет ете бастады»

2 771 просмотра


Иранда өткен аптада басталған қоғамдық қарсылықтар әлі де тоқтаған жоқ. Мемлекеттік ақпарат құралы өткен түні қауіпсіздік қызметкерлері мен халық арасындағы қақтығыстан 9 адам қаза тапқанын хабарлады.

Осы уақытқа дейін 22 азаматтың өмірін қиған халықтың наразылық шарасы әуелі елдегі бағалардың көтерілуін сынға алып, кейіннен өмір сүру деңгейінің төмендігі, кедейшілік пен жұмыссыздық сияқты әлеуметтік мәселелер мен шет елдегі әскери операцияларға қыруар қаржы жұмсап отырған билікті айыптаған саяси сипатқа ұласты. Бұл туралы ВВС ақпараттық агенттігі жазды.  

Иранның діни және мемлекеттік қайраткері Аятолла Әли Хаменей өзінің ғаламтордағы парақшасында: "Иранның жаулары мемлекет ішіндегі тыныштықты бұзу үшін қаржы, қару, саясат және барлау қызметі сияқты барлық құралдарды пайдаланып отыр", - деп жазды. 

Сарапшылар мұндағы "Иранның жаулары" деген сөз тіркесінің астарында АҚШ, Израиль мен Сауд Арабиясы тұрғанын айтады. Иранның Президенті Хасан Роухани АҚШ-тың мемлекеттік басшысы Дональд Трамптың твиттер жазбалары арқылы шерушілерді қолдағанын айыптады. 

Америка көшбасшысы жеке парақшасында: "Иран халқы жемқор билік режиміне қарсы әрекет ете бастады. Президент Обаманың Иранға берген барлық қаржысы терроризм мен билеуші тұлғалардың қалтасына кетті. Сондықтан да ирандықтар үлкен инфляция, азық-түлік тапшылығы және адам құқықтарының тапталуына ұшырады. Америка бәрін бақылап отыр", -деп жазған болатын. 

AFP ақпараттық агенттігі Иранның Сыртқы Істер министрлігі жоғарыда берілген твиттер жазбасына: "Дональд Трамп өз еліндегі баспанасыз және аш адамдарға көңіл бөлгені дұрыс" деген жауап қатқанын жазды. 

Еуроодақ Иран халқының бейбіт шеруге шығу құқығын мойындап, жағдайды бақылауда ұстау үшін билік өкілдерімен байланыста екенін жеткізді. Түркия халықтың қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіріп, әскери эскалациядан аулақ болуға шақырды. Иранның Президенті Хасан Роухани да ел азаматтарының көшеге шығып, наразылық білдіруіне қарсы еместігін айтты. Тек, "қоғамдық тәртіпті бұзғандар қатаң жазаланады!", - деді ол. 

Ресми деректерге сәйкес, соңғы күндері Теһран аумағында 450 адам абақтыға жабылған. 

Дереккөз: The Qazaq Times

3 қаңтар 2018, 15:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.