Атырау, 24 желтоқсан 00:45
 бұлттыВ Атырау -3
$ 523.72
€ 544.09
₽ 5.20

ҚР Мәдениет қайраткері, домбырашы Құттыгерей ДҮЙСЕЕВ: «Қоңыр домбыра – қазақтың брэнді»

6 611 просмотра

"Замана бұлбұлдары» айдарының бүгінгі қонағына белгілі домбырашы Құттыгерей Дүйсеевті шақырып, қазақтың күй өнері хақында сыр қозғаған едік.

ТАЛАНТТАР БЕСІГІ – ТҰЩЫҚҰДЫҚ ПЕН ТАҢДАЙ

-Құттыгерей аға, қоңыр домбыраға қашаннан бері ғашықсыз?

-Өте кішкентай кезімнен. Әйтеуір, есімді біліп, етегімді жапқалы домбыра тартамын. Домбыра ойнауыма себепкер болған марқұм әкем Қалидолла болатын. Ол жақсы домбырашы еді. Біздің туып-өскен жеріміз мына Исатай ауданының Тұщықұдық селосы ғой. Сол жерде Шәмшиден Шәріпов, Нариман Үлкенбаев, Ғатау Ібішев, Өтеміс Ідіркенов деген мықты-мықты домбырашылар болды. Соларды тыңдап өстік. Ол заманда көбіне-көп радио тыңдайтын едік. Көшеде де, үйде де сол саңқылдап сөйлеп тұрады. Содан берілетін күйлерге де елітіп, домбыраға әуес болдық. Сөйтіп жүргенде, әкем бір күні мені Қисмет Меңдіғалиев деген кісіге жіберді. Ол өзі Динаның көзін көрген, кезінде Құрманғазы оркестрі алғаш ашылғанда әкесімен бірге сонда домбырашы болып ойнаған кісі еді. Ал әкесі Меңдіғали Сүлейменов Құрманғазының тікелей шәкірті. Солақай домбырашы болған. Кейін Қисмет ағай әкесінің денсаулығына байланысты ауылға оралған екен. Міне, әкем мені осы кісіге жіберіп және міндетті түрде Құрманғазының «Терісқақпайы» мен «Серперін» үйреніп кел деді. Екеуі де өте күрделі, қиын күйлер, бірақ тапсырма солай болды. Содан ол кісіге бардым. Осындай екі күй үйренуге жіберді дедім. Ол: «басқа күйден бастамаймыз ба, бұлар қиын күйлер ғой» деп бетіме ойлана қарап еді, бірақ мен «әкемнің айтуы солай» деп болмадым. Сосын маған кішкене ойнатып қарады. Содан соң өзі де сол күйді алатыныма көзі жетті ме, келісімін берді. Бұл кезде мен сол Тұщықұдықтағы Максим Горький мектебінде, үшінші класта оқитынмын. Содан жаңағы кісіден Құрманғазының «Терісқақпайы» мен «Серперін» үйреніп шықтым.

Одан кейін сол Тұщықұдықта ұстазымыз, бүгінде марқұм болған Шәмшиден Шәріпов «Балдырғандар» деген оркестр құрды. Ол кісі елге белгілі оқу-ағарту ісінің қайраткері. Өнер десе ішкен асын жерге қояды. Оркестрде кілең кішкентай балалармыз. Мұздай клубқа жиналамыз. Сол құрамда қазіргі белгілі адамдардан Айгүл Үлкенбаева, Салтанат Маштахова, марқұм Төребек Шәріпов (Шәмшиден ағайдың баласы) және басқалары болды. Осы оркестрде жүріп біраз күй үйрендік. Шәмшиден ағамыз егер клуб өте салқын болса, үйіне жинайтын. Күндіз өзі жұмыста болған соң кешке жинайды. Шайымызды береді, сосын тапжылмай отырып домбыра үйренеміз. Ол кісінің өзі де күй шығарды. «Ұмытылмас достарға», «Шалқыма» деген күйлері бар. Міне, сондай ортада өстік. Ол кезде клубта өнер қайнап жататын еді. Жаңағы «Балдырғандар» деген мектептің оркестрінен басқа, совхоздың да оркестрі болды.

Төртінші класс бітіретін жылы Таңдайға көштік. Ол жерде де Өтеген Марданов, Сиғуат Қарабалин (мектеп директоры) деген мықты-мықты өнер иелері алдымнан шықты. Осы Таңдайда жүріп Қаршыға Ахмедияровпен кездестім. Ол кісі сол кезде Алматыда консерваторияда оқып жүрді. Каникулға сондағы Қырғи деген ағасының үйіне келеді. Ол кісі келгенде Қырғи аға үйге сол ауылдың бүкіл жақсы-жайсаңын жинайды. Менің әкемді де шақырады. Әкем мені ерте барады. Содан таңды таңға ұрған күй тартыс басталады. Қаршығаны тыңдаймыз, маған ойнатады. Өздері ойнайды. Міне, өнерге біржола бет бұруыма, өзің айтқандай қоңыр домбыраға ғашық болуыма осы адамдар себеп болды.

-Музыка училищесінде, консерваторияда кімдердің алдын көрдіңіз?

-1974 жылы музыка училищесіне түстім. Негізі әкем менің басқа мамандықта оқығанымды жөн көрген еді. «Домбыраны былай да ойнайсың ғой, сабағың жақсы болғандықтан техникалық оқуға түскеніңді қалап отырмын» деді. Ал менің аңсарым домбыраға ауып тұр. Сөйтіп, екі ұдай күйде жүргенде ауылға талантты балаларды жинауға Орақ Жауыров (қазіргі «Нарын» фольклорлық-этнографиялық оркестрінің дирижері – Т.Н.) деген ағамыз келе қалды. Ол кезде оны танымаймыз. Сол кісі күйлерімді тыңдап, сосын әкеме қолқа салып: «осы балаңызды маған беріңіз, сегіз бітіргелі тұр екен, біз музыка училищесіне алып, тәрбиелейміз» деп әкемді көндіріпті.

Сөйтіп, училищеге түсіп, Әдепқалиев Ғизат деген тамаша ұстаздан дәріс алдым. Бүгінде ол елге белгілі профессор, көптеген мықты-мықты домбырашыларды шығарған. Қазір музыка колледжінде дәріс береді. Сол кісінің алдынан училищені, одан кейін Қаршыға Ахмедияровтың алдынан консерваторияны бітірдім. Міне, күй өнеріне осындай корифейлер баулыды.

ТОБЫРЛЫҚ ТҮСІНІК ӨНЕРДІ ТОҚЫРАТАДЫ

-Қазір эстраданың шуы күйдің үнін тұншықтырып тұрған заманға тап келдік қой...

-Иә, солай. Қазір домбыраны да эстарадамен қосып ойнап жүр. Мен оған да қарсы емеспін. Бірақ мынаны ұмытпау керек. Күй эстрадаға қосылғанда өзінің туа біткен тарихи, қазақи дыбысын жоғалтады. Өкінішке орай, сұранысқа да көбірек ие болып тұрған осы эстрадаға қосылған «күй». Жұртқа дүңкілдеп тұрса болды. Олай болмайды. Бұл тыңдаушыны тупизмге бастайды. Эстрадамен тартылғанда тек күйдің мазмұны ғана беріледі. Болды. Ал туа біткен нәзік иірімдері, өзіне тән сиқырлы үні естілмейді, олар жаңағы шуылдың астында қалады. Бұған әуестердің көбі «ой, ана басқа жұртқа таныту үшін эстрадаға қосып жатырмыз» дегенді желеу етеді. Оны қоспай-ақ та танытуға болады. Кезінде Қаршыға, Әзидолла, Рысбай ағаларымыз эстрадаға қосып танытқан ештеңесі жоқ. Бүкіл дүние жүзіне дара орындаумен танытты емес пе? Олар жеке орындауда тыңдауға шет жұртты мәжбүр етті және  тәнті қылды. Эстрада басқа жерге таңсық емес. Оларда эстраданың көкесі бар. Төл өнерді тек дара ұлттық бояуымен таныта аласың. Өзінің колоритімен ғана. Мен мәселен, балаға сорпаны ішкізу үшін оған бал қосып бермеймін ғой. Сорпаның өзінің табиғи сүйкімді дәмі бар емес пе? Сорпада сорпаның, балда балдың дәмі болуы керек.

Өзім де шетел азаматтарының алдында күй ойнап жүрмін. Олар сенің эстрадаға қосылып тартқаныңды керек қылмайды. Ал жеке орындасаң, қайран қалып, тамсана тыңдайды.

Осы күні мысалы, концерттердің өзінде ұйымдастырушылар жылдам тартылатын күйлерді сұрайды. Асығып бара жатқан бір дүние. Жаймен, қоңырлата тартылатын классикалық күйлерге қырын қарайды. Оларды тартудан бәрі қашқақтайды. Олар деген мықты, философиялық астары бар шығармалар ғой. Мәселен, Дәулеткерейдің «Жігерін» алайық. Ол күйдің симфониясы. Мен соның соңғы жылдары сахнадан орындалғанын көрмедім. Оны кезінде Қаршыға ағаларымыз сахнада ойнап, шетелге де танытты. Тек қана жылдам күй тартып, сартылдата бергеннен өнер өспейді. Бұлай бола берсе, классикалық дүниелер қалтарыста қалып, бір күні ұмытылмасына кім кепіл? Жалпы, тыңдарман талғамына өзге біреулердің көзқарасымен қарау әділетсіздік. Өзі тыңдамайтын нәрсені өзгелер де ұнатпайды деп ойлауға ешкімнің қақысы жоқ. Музыка тыңдамайтын адам концертке бармайды. Мысалы, симфония ойнп жатыр, бірақ зал толып отыр. Өйткені оның өз тыңдарманы, аудиториясы бар. Тіпті жарты зал болсын, залдың төрттен бірі болсын, ол музыканы түсінетін адамдар. Сондықтан концертке тобырлық түсінікпен жеңіл күйлерді тықпалау дұрыс емес.

«ДОМБЫРА ЕМЕС, ЛЕЗГИНКА КЕРЕК!»

-Тойдан табыс табасыз ба? Әлде домбыраны жолатқылары келмей ме?

-Музыканттарға қазір тек қана жалақымен өмір сүру мүмкін емес. Біздің қосымша табысымыз – тойға барамыз, түрлі фирмаларда мерекелік шаралар болады. Соған шақырады. Бұлардың бәріне де сұраныс пен тапсырыс бойынша барамыз. Беталды шаба бермейміз. Сұранысқа ие бола білу де керек. Екі-үш күйді айналдырып тарта берсең, бәсекеге төтеп бере алмайсың. Шебер ойнау арқылы жұртты тыңдауға мәжбүр етуің керек. Өзіңді сыйлайтын домбырашы болсаң, жақсы дайындықпен жүргенің абзал. Репертуарың бай болсын. Білмей қалсаң, тойдағы жұрттың ештеңесі кетпейді, өзіңнің рейтингің түседі. Әрине, бүкіл күйді білу мүмкін емес, бірақ негізгі деген, жұрттың көбі білетін күйлер репертуарыңда болғаны жөн. Рас, кей тойларда домбыра не керек дейтін адамдар бар. «Одан да анау цыган биін, лезгинка билейтіндерді шақырайықшы» дейтіндер де жетеді. Алайда мен тойда үш жүз адам отырса, соның үш жүзі де домбыра тыңдамайды дегенге сенбеймін. Күй тартқанда көзбен бағып отырамыз, ықыласпен тыңдап отыратындар бар. Соларға кейбірі тыңдатпайды. Ал жаңағыдай билерге бәрі үймелеп қарап тұрады. Сонда билеп кетіп бара жатқан балалар, өзім талай байқадым, бізге миығынан күліп бара жатады. Міне, әңгіме қайда жатыр? Бұл жерде менің  басқа өнерді менсінбейін деген ойым жоқ, тек өз өнеріңді олардан кем көрме дегенді айтқым келіп отыр. Ұлттық сана-сезім, ұлттық патриотизм деген осы жерден шығады. Домбыра мен қобыз қазаққа біткен өнер. Эталон. Қазіргі тілмен айтқанда брэнд. Ұлттық мақтаныш. Қазақтан басқа адам домбыра ойнай алмайды, қобыз тарта алмайды. Бұл біздің маңдайымызға біткен, Алланың берген өнері. Соны жоғалтып алмауымыз керек.

-Балаларыңыздың арасында жолыңызды қуғандар бар ма, жеңгеміз өнерге жақын адам ба?

-Ұлдарым Ерлан мен Руслан музыканы жақсы көреді, күйді де түсінеді. Бірақ ойнамайды. Олардың мамандықтары басқа. Жалпы, өнерді зорлап үйретуге болмайды. Ол адамның өзіне қонады. Қаршыға ағамыз кезінде домбырашыларды екіге бөлетін. «Мынау ананың ақ сүтімен келген домбырашы, мынау дрессированный домбырашы» деп. Олай болса, ішкі дүниесі иіп тұрмаған адамға өнерді зорлап таңуға болмайды. Жолдасым Гүлнәр да, келініміз Әсел де өнер адамы емес.

ПӘТЕР АЛУ ҮШІН ДОМБЫРАНЫ АРМАТУРАҒА АЙЫРБАСТАҒАМ

-Үкімет тарапынан қандай да бір марапаттар алдыңыз ба? Бір жолы композитор Илья Жақанов сіздің қуықтай шағын бір бөлмелі пәтерде тұрып жатқаныңызды айтып күрсініп еді. Кең баспанаға қолыңыз жетті ме?

-Еңбегімізді үкімет бағаламай жатыр деп айта алмаймыз. 2010 жылы ҚР Мәдениет қайраткері атағын алдым. Пәтер жағынан қиындық көріп жүргенім рас. Мен бес-алты жыл жұмыс жасап үй сұрап отырған жоқпын ғой. Ес білгелі қазақтың өнеріне үлес қосып келеміз. Бір үй алуға еңбегіміз сіңді-ау деп ойлаймын. Бір бөлмелі үйімді 1987 жылы дәнекерлеуші-арматурщик болып жүріп алдым. Консерваториядан кейін қаламыздағы мәдени-ағарту училищесінде сабақ беріп жүрген кезім еді. Бір күні Үй құрылыс комбинаты ашылып жатыр, жалақысы жақсы, өз қызметкерлеріне үй береді екен деген хабар естідім. Ол кезде пәтер жалдап тұрамыз. Содан училищедегі жұмысымнан босадым. Училище директоры Қуаныш Қуанышқалиев деген жақсы адам еді. Ол кісі «үйіңді алғаннан кейін маған жұмысқа қайтып кел, мен сені кез-келген уақытта аламын» деді. Комбинат бір ай оқытты. Кейін жұмыс жасап жүргенімде үй берді. Сөйтіп, мен бір бөлмелі үйді өнеріммен емес, дәнекерлеуші-арматурщик болып алдым. Негізі Иманғали әкім боп тұрған кезде бір топ адамға үй бермек болған. Ішінде мен де бар едім. Біз бүкіл құжатымызды жинап тапсырдық. Кейін ол кісі кетіп қалды да, біз үйсіз қалдық.

-Филармонияның жұмыс процесі неден тұрады? Гастролге шығасыздар ма?

-Жұмыс концерттерден тұрады. Бұрынғыдай көп гастрол жоқ. Оған қаржы жағы тапшы деп жатады. Жақында «Нарын» оркестрі Санкт-Петерборға барып келді. Орақ Жауыров ағамыз сол жақтағы қазақтармен сөйлесіп, қаржы көзін тауыпты. Ал «Мұрагер» деген фольклорлық ансамбліміз Израйлға барып келді. Бұл тек анда-санда ғана болып тұратын сапарлар. Бір жерге барғанда өзге облыстағы әріптестеріміз «мұнайлы астанада тұрасыңдар, қалай қаржы жоқ» деп таңғалады. Артист деген табиғатында романтик халық қой. Сондықтан ол сапарлап тұруы керек. Күн сайын филармонияның залына барып, репетиция жасап кеткеннен артист өспейді. Қазіргі жастарды аяймын. Солардың бәрі азғантай жалақымен пәтер жалдап күн кешуде. Содан соң амал жоқ, той жағалап кетеді. Ол үшін оларды кінәлай алмайсың. Тойға бармағанда, қайда барасың? Егер жалақымыз асып-тасып жетіп жатса, бұлай жүрмеген болар едік. Шетелде бәрі басқаша. Оларда концертке кісі көп келеді. Сосын шығарған дискілерінен көп табыс түсіреді. Телевидениеден де көл-көсір кіріс табады. Салығын дұрыстап төлейді. Оларда Халық артисі, Мәдениет қайраткері деген атақтар да жоқ. Тек ақша тапса, күн көрісі жақсы болса, халық мойындаса болды. Бізде бұл әлі дамымаған ғой. Халықтың да саны аз. Ол да әсер етеді. Алайда мен халқымыздың қай жағынан болсын деңгейі өсіп, өнер мен өнерпаздың бағы жанар күндердің туарына сенемін.

-Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Тарас НАУРЫЗӘЛІ

2 мамыр 2012, 22:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.