Жарылқасын БАЙЖАНОВ, "Манас" ШҚ жетекшісі, Жылыой ауданы (суретте):
Ит - жеті қазынаның бірі, әрі адамға дос. Сол себептен ит жылы шаруаға жайлы, қысы жұмсақ, жазы да жаман болмайды деп есептеледі. Он екі жылда қайталанып келер бұл жыл отбасымыз үшін қуанышы мол болыпты. 1982 жылы ұлым дүниеге келді, 1994 жылы тұңғыш рет шаңырағымызға келін түсірсек, ал 2006 жылы алғаш мал шаруашылығына бет бұрып, "Манас" ШҚ құрыппыз. Мұның бәрі ит жылындағы болған өзгерістер. Қыстақта отырған шаруа адамы үшін иттің орны бөлек. Малыңды күзетеді, қой баққанда қасыңда серік болады. Ертеде иттің төбетіне қасқырдың терісінен жасалған ыдысқа ас құйып берген. Есті төбет қасқырдың иісін сезіп, күш алып отырған. Ондай төбеттер түз тағысынан қорықпайды, қайта күш алып, басымдық көрсетеді. Түн ішінде малды күзетіскенде ұзақ түнге бір үріп қана қояды, қасқырлар төбет барын содан сезіп қыстаққа жақындамайды екен.
Маргарита БОЗАЕВА, Индер ауданы (суретте):
Ит жылы молшылығы көп, игілігі мол болады екен. Себебі, ит адамға жақын хайуан ғой. Ашаршылық кезеңде бір отбасыны иті асыраған деседі. Түзден ұстаған қоян сияқты ұсақ аңдарды өзі жемей үйге алып келетін болыпты деседі. Бір отбасының аштан қырылуынан сақтап қалған деп әкем айтып отырушы еді.
Маржан ЕСЕНИЯЗОВА, Жылыой ауданының құрметті азаматы:
Иттің емдік қасиеттері көп. Дәрігер жетіспейтін ауылда рахит сырқатына шалдыққан сәбилерге ерекше ем жүргізген. Ырым десе болады, өлген итті күн батып бара жатқанда басын құбылаға қаратып жерге үш аунатады. Содан кейін сол орынға ауру баланы үш рет аунатады. Тағы бір ырым итаяққа құйылған суды мінезі шәлкестеу адамның артынан шашқан. Бұл сол адамның мінезі түзелсе екен деген ниет екен. Аталарымыз не жасаса да, текке жасамаған ғой. Осындай асыл қасиеттерге ие ит жылы қалайша жаман болмақшы.
Алмажай МӘСТЕКОВА, зейнеткер, Махамбет ауданы (суретте): Ит жылын електен өткізіп қарасам жаман кезі болмаған екен. Иттің ең басты қасиеті - адалдық. Қол қусырып қарап отырмай, еңбек еткендер үшін келер жыл қаржылық тұрғыдан тұрақты болады. Ит жалқауларды жақсы көрмейді, сондықтан еңбек ету керек. Сондықтан еліміз үшін табысты, тыныштықты, тиянақтылықты сүйетін жыл болып, төрімізге озсын дейміз.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА