Біздің дәстүрлі "жүлделі" атауларды үлестіретін кез келді. Бұл өткен жылдың оқиғалары мен кейіпкерлеріне қатысты «Ақ Жайықтың» пікірімен берілген номинациялар. Олардың барлығына сабақ болғаны үшін, эмоциялар мен тәжірибе бергені үшін алғыс білдіреміз.
Жыл періштесі
Өткен жылы бұл екеуін тағдыр көктемде осал мұзда жолықтырған еді: Арман ДӘУЛЕТОВ мұзы еріген Жайыққа батып бара жатқан сәбиді құтқарып қалды. Төрт жасар Леня бала бақшадан қашып кетіп, өзенге барып, мұз астына түсіп кетті. Бұл 9 наурызда орын алған еді. «Денхолм-Жолдас» компаниясының 28-жастағы механик-слесарі жағалау бойымен келе жатқан кезде, екі қытайлық азамат оның назарын аударады: олардың өздері мұзға түсуге тәуекел етпепті. Арман сәбиді ұзын ағаштың көмегімен шығара алмады. Сол кезде қытайлық азамат оның аяғынан ұстап, ол ағаштың бойымен еңбектеп барады. Сөйтіп, әлсіреп, әрі комбинезоны мен етігіне су сіңіп, ауырлап кеткен сәбиді жағаға тартып шығарып алады. Арман оны жақын жердегі ғимаратқа – шипажайға апарып, абыржып қалған ақ халатты апайларға тапсырып, өзі кетіп қалады. Риза болған ата-анасы әлеуметтік желілер арқылы іздеу жариялап, құтқарушыны бірнеше күннен кейін тауып алды.
Сөйтіп, тентек Леня екінші рет дүниеге келді. Біз оған ұзақ ғұмыр тілейміз. Бұл кейін немерелерімен бөлісіп, еске алып отыратын оқиға болды.
Жыл шабуылы
Өткен жылы Қашаған жобасының операторы NCOC серверлері хакерлердің шабуылына ұшырады. Мықты кибер-шабуыл нәтижесінде корпоративтік операциялық жүйе комаға түсіп кетті: компанияның барлық мониторларында «көк экран» шығып, жүйенің қателігі туралы хабарлама пайда болған. 7 компаниядан тұратын консорциумның ішкі рәсімдерімен таныс адамдардың пікірінше, шабуыл әртүрлі елдерде орналасқан жеті «апалы-сіңлінің» әрбір қадамды мақұлдайтын бюрократиялық сөзбұйдасы салдарынан мүмкін болған. Кеңселер келісім жүргізіп жатқан кезде, жүйе біраз уақыт қорғаусыз қалыпты... Сыбыстарға сүйенсек, зиянды бағдарламаны іске қосқан хакерлер оның кілті үшін алты нөлі бар соманы талап еткен.
Жыл ішкіші
«QazaqAir» әуе компаниясының Атырау - Ақтөбе - Шымкент рейсі ұшпай қалып, шу шықты. Себеп - экипаж ішімдік ішу салдарынан рейстен алынып тасталды. 40-тан астам жолаушы бір тәуліктен кейін ғана ұшты. Тіпті, бір күн бұрын «Ренессанс» қонақ үйінде ұшқыштардың ішімдік ішкенін айтқан куәгерлер де болды. Ұшу алдындағы тексеру кезінде әуежайдың медицина қызметкері экипаж командирінен алкоголь иісін анықтап, содан соң қан қысымының көтеріліп, жүрек соғысының жиілеп тұрғанын белгілеген. Әуе компаниясы өкілдерінің наразылығына қарамастан, мас күйдегі испандық ұшқыш МУНОЗАНЫ сараптама жасау үшін наркологиялық диспансерге жіберді, содан кейін оған демалуға тура келді.
Жыл батыры
Қала маңындағы Бесікті ауылында тұратын Ержан СЕРІКОВ өз өмірін құрбан етіп, көршісінің екі қызын құтқарып қалды. Жоғары сыныпта оқитын апалы-сіңлілер ыстық күнде өзенге барады. Аналары жағалаудан оларды бақылап отырған. Бірақ бір сәтте екеуі су астындағы шұңқырға түсіп кетіп, өздіктерімен шыға алмай қалады. Олардың анасының жанұшырған дауысын естіген 33 жастағы Ержан суға секіріп, екі қызды су бетіне итеріп жібереді, ал өзіне шығуға күші қалмайды. ІІМ бұйрығымен жігіт қайтыс болғаннан кейін «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Жылдың махаббат хикаясы
Атыраулық Әнел мен Марленның осынау таңғажайып махаббат хикаясы мыңдаған қазақстандықтардың жан дүниесін толқытты.
... Жас жігіт мектепте бірге оқыған қыздың өміріндегі ең қиын сәтінде жанында болды. Қыздың сырқатын естіген кезде университеттен қашып кетіп, пойызға мініп кете барды. Барлық үш операция мен одан кейінгі оңалту курстарында қасынан табылды. Әнел: «Мүмкін, сол кезде екеуіміз де мұның махаббат екенін түсінген болармыз» деп есіне алады
Кейінірек, тіпті, Мәскеу профессоры енді үміт жоқ екенін айтса да, Марленнің сенімі ғана оларды аман алып қалды. Сөйтіп, таңғажайып орын алды - біздің Қарағандыда Әнелге тағы бір күрделі операция жасалды. Бұл операцияны жасаудан ресейлік және қытайлық дәрігерлер бас тартқан болатын. Сөйтіп, Әнел аман қалды. Бүгінде қос ғашық толыққанды өмір сүріп жатыр және өз хикаялары туралы кітап жазуды ойластырып жүр.
Жыл тастандысы
Тіпті, қоқыс үйіндісінде де ғажайыпқа орын бар екен. Қарашаның түнінде тасбауыр ана жаңа туған нәрестесін Нұрсая ықшамауданындағы контейнерге лақтырып тастады. Бірақ нәрестенің көрер жарығы бар екен: бір ер адам түнде шылым шегу үшін аулаға шығып, сыбдырлаған дыбысты естиді. Мысық шығар деп ойлапты, ал пакеттің ішінде сәби бар боп шықты. Ер адам кішкентай қызды дәрігерлердің қолына тапсырды. Қазір ол аман-есен, дені сау. Қазір оны тапқан адамның отбасы ғана емес, басқа адамдар да асырап алғысы келеді.
Жылдың автопаркі
Өткенге шолу.
24.01.2017 ж. Жергілікті полиция қызметі облыстық қазынадан 100 автокөлік, соның ішінде эвакуатор мен үш «автодауыл» кешендерін алды. Жалпы құны 500 миллион теңгеден асады.
24.11.2010. Жергілікті полицейлер паркі әр түрлі мақсаттарға арналған 37 автокөлікпен толықты. Оны облыс әкімдігі қаржыландырды.
14.12.2014. Атырау полициясына 60 жаңа көлік: патрульдік 53 «Нива» көлігі мен жеті «Газель» табыс етілді.
Барлығы 2 жылда шамамен 200 көлік алынды. Тәртіп сақшыларының автопаркі менің телефонымның операциялық жүйесінен жиі жаңартылып тұратын сияқты.
Жыл сотқарлары
Атыраудағы Каспий өңірінің қазіргі замандағы колледжі түлектерінің ортаңғы саусақтарын көрсетіп, өздері тәмамдаған оқу орнына бейәдеп сөздер сөйлеген жанжалды бейнежазбаның көрермендері екі лагерге бөлінді. Дәлірек айтқанда, осы әрекеттің салдары дау туғызды: Атыраудағы жергілікті полиция бастамасымен түлектер қысқа мерзімді қамауға алынып, сотталды. Сотта полиция қызметінің қаншалықты зардап шеккені түсіндірілмеді, бірақ оның өтініші қарауға қабылданды. Сөйтіп, мәдениетті түрде болмаса да, оқу орнына деген көзқарастарын білдірген жігіттер мен қыздар жұрт алдында сөгіс алды. Колледж әкімшілігінің беделіне қатысты шешім шығарған сот оларға қандай сабақ берді екен? Мемлекеттен қорқуды ма әлде шартты түрде қоғам тыныштығын «сақтау» керектігін бе; жеке пікірін білдіруді ме әлде оны өз ішіңде қалдыру керектігін бе; өзіңнің кім екеніңді көрсетуді ме әлде ешкім емес боп қалуды ма; заңды ықпалды адамдар үшін пайдалануды ма немесе қалай болғанда да оның диірмен тасына түспеу керектігін бе? Алайда, осы жас құқық бұзушыларға оңай шығар: таңертең ұйқыларынан оянып, абақтыда өткізген түнді артқа тастап, болашаққа аяқ басқан болар.
Жылдағы жан сақтау
Атыраудың қапырық ыстығынан пойыз купесінде сәбидің өліп тірілгені туралы хикая әсер етті ме? Шілденің шіліңгір күнінде кенеттен анасының қолындағы кішкентай Фатимадан тіршілік нышаны байқалмай қалды. Атырау-Маңғышлақ бағытында қозғалатын вагон ішінде «бала қайтыс болды» деген жаманат тарап кетті. Осы кезде жолсерік Алтынай РАМБАЕВА салқынқандылық пен кәсіби шеберлігін көрсетті: ол баланы қызметтік купесіне апарып, шұғыл медициналық көмек шараларына кірісті. Сәби оның көмек шараларына ұзақ уақыт бойы белгі бермеді, ақырында әлсіз ғана тамыр соғысы байқалып, сәбидің баяу ғана дем алысы естілді. Бір мезгілде дүниеге жаңа келгендей шыр ете түсті. Алғашқы жасанды тыныс алдыру кешені мен ес жинаған уақыты аралығы 40 минутқа созылды. Бұл Алтынайдың өміріндегі ең ұзақ уақыт еді. Алайда оның 17 жылдық тәжірибесінде сәби жарық дүние есігі ашып, жүрек талмасы, улану оқиғалары... орын алған болатын.
Жыл "жаналғышы"
Бұрынғы полицей қызметкері қатарындағы бұл қылмыскер бір жылдан бері ІІМ-нің бүкіл жүйесіне «шабуыл» жасап келеді. Өткен жылы айуандықпен кісі өлтірді деген айыппен (кінәлі деп танылып, сотталды) қылмыстық істің фигуранты болып, көпшілік алдында басқа да қылмыстарды мойындаған Манарбек ӨТЕУОВ өзінің бұрынғы әріптестері мен Атырау ІІБ басшылығын қылмыстық істерді бұрмалаушылыққа, рейдерлікке, жезөкшелікке қамқорлық жасаушылыққа, қорқытып алушылыққа, тапсырыспен кісі өлтірушілікке... айыптады. Нәтижесінде тағы да 8 полиция қызметкері айыпталушылар орындығына отырды.
Өткен жылы Өтеуовті тергеу абақтысының қызметкерлеріне қатысты күш қолданып, қоқан-лоққы жасағаны үшін соттады. Камера каптамасынан металл шыбықты сындырып алған Өтеуов қарауылды қорқытып, өзіне тергеу абақтысының бастығын шақыруды талап еткен. Басшылық келгенше дәліздегі жарық беретін құралдарды, бақылау камерасын сындырып, ішкі вентиляция жүйесін істен шығарған. Содан кейін күзеттің салдыр-салақтығы салдарынан коллектор есігі ашық қалғандықтан, ол екінші қабатқа көтерілген. Режимдік нысанның екі қабатына емін-еркін кіріп шығып, түн ортасында қарауылдар тобын қолындағы шыбықпен қоқан-лоққы жасап жүрген. Боевик жанрындағы кино эпизоды секілді.
Жыл "көбігі"
2017 жылдың шілдесінде Индер ауданының Елтай ауылында бірқатар жобалардың күш-қуатын білдіру үшін салтанатты түрде «уақыт капсуласы» қаланды. Ешкім білмейтін «Issmat investment&finance» компаниясынан 284 млн доллар майлы шелпек жаууы тиіс екен. Ең бастысы, облыстағы және аудандағы шенеуніктер сиқырдай көрінген жобалар тізімі оқылғанда, тіпті жымиған да жоқ.
Ал «АЖ» тергеу жүргізіп, «халықаралық инвестордың» қызмет ету белгілерін таба алмады. 2011 жылдан бері компания Қарағанды мен Қызылорда биліктерімен қош айтысып, артына із де қалдырмай кеткен еді.
Жыл уландырушысы
Бұл күмәнді номинацияның Атырау мұнай өңдеу зауытына лайықты екені сөзсіз. АМӨЗ екі ай бойына қалаға үздіксіз химиялық шабуыл жасады. Тамыздағы және қыркүйектегі бензиннің тұншықтырғыш иісі сіңген күндер мен түндерді әлі күнге дейін қорқынышпен еске аламыз. Тек қыркүйек айының соңына қарай экологтар алғашқы күннен-ақ қарапайым адамдарға белгілі нәрсені - бізді АМӨЗ улаған екені дегенді мәлімдеді. Экологтар зауыттың қызметін тексеріп, кәсіпорынға бар болғаны 500 АЕК (1,1 млн теңге) мөлшерінде айыппұл салды. Бірақ азаматтардың зардап шеккені үшін емес, заңнаманың ресми талаптарын бұзғаны үшін. Ал біз ше?! Бұл дәлелденбейді деп жауап берді эколог. Аллергияны, демікпе мен бронхиттың өршуін, денсаулықтың жалпы нашарлауын, бас ауруын, жүрек талмаларын өкінішке орай, іске жалғай алмасың.
Жыл құтқарушысы
Бұл адамдар үш баланы өрт құшағынан алып шықты. Маусымның ыстық күнінде әрқайсысы күнделікті шаруаларымен жүргенде, аяқ астынан ерлік жасайтын сәт туды: жеке үй өртке оранып жатты, ал екінші қабаттың терезесінен үрейден жанталасқан кішкентай балаларды көреді. Олардың үлкені 7 жасар ағасы аулаға шелекпен су тасып, жылап жүгіріп жүр екен.
Абат АКЕТОВ пен Рустам ТАҒАНИЯЗОВ жоғарыға көтеріліп, екі сәбиді қою ащы түтін құшағынан алып шықты. Сонда балалардың үлкені іште тағы біреуінің қалғанын айтады. Абатқа өрт жалындаған үйге оралуға тура келді. Екі жасар сәби қорқып, бұрышта жасырынған, ал қалың түтін ішінен құтқарушы оны тауып алып, қолына алған кезде, есікке апаратын жол да жабылып қалады. Осы кезде көмекке жүгірген үшінші жігіт - аққыстаулық Азамат АҒИСОВ бірінші қабаттың терезесін ығыстырып шығарып, оларды шығаруға көмектесті. Көрсеткен батылдығы үшін Абат пен Рустам ҚР ІІМ алқаларымен марапатталды, Азаматты өз ұжымында мадақтады. Егер басқа өмір болса, онда олардың жұмаққа барары сөз.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА