Иранда 2009 жылдан бері алғаш рет билікке қарсы наразылық шерулері өтті. Толқу Мешхед қаласында азық-түлік бағасының өсуіне қарсылықтан басталып, соңы саяси талаптарға ұласып, полициямен қақтығыс болды.
Шерулер Керманшах, Решт, Исфахан және тағы басқа бірнеше шаһарда жүрді. Ашынған халық дін басыларының билікті шамадан тыс өз қолына шоғырландыруы мен мемлекеттің сыртқы саясаттағы ысырапшылдығын сынға алды. Салдарынан 52 адам қамауға алынды.
Шерушілердің айтуынша, санкциялардан экономикасы әлсіреген ел үшін аймақтағы қақтығысқа араласу дұрыс бағыт емес. Ал билік шерулердің артында сыртқы күштер тұр дейді.
Айта кетейік, Иран билігі 2015 жылы ядролық келісімге қол қойып, ел экономикасын қалпына келтіру мүмкіндігі туған. Бірақ АҚШ-та билік басына Дональд Трамп келгеннен бері екі ел арасындағы қарым-қатынас қайта шиеленісті.
Дереккөз: 24.kz