Таиландта Пудит Киттитрадилок есімді қаржы пирамидасын құрған алаяқ 13 мың жылға сотталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА Trend агенттігіне сілтемемен.
34 жастағы алаяқ Карло Понцидің жүйесі бойынша қаржы пирамидасын құрып, оған 40 мыңдай адам тартқан. Инвесторлар оған 160 миллион доллардай қаржы құйған.
Сот Киттитрадилокты алаяқтыққа айыптаудың 2 653 тармағы бойынша айыпты деп тапты. Пудиттің шынайы өкініп, өз кінәсін мойындағанын ескере отырып, сот жазаны екі есе жеңілетті. Енді ол 6 637 жылға сотталып отыр.
Алайда, айыпталушы түрмеде ұзақ отырмайтын көрінеді. Себебі бұл елде заңның осы бөлігі бойынша жазаланғандар 10 жылдан артық мерзімге қамалмайды екен.
Одан бөлек, оның компаниясы 2653 жапа шегушіге жылдық 7,5% өсіммен 17 миллион доллар өтеуі тиіс. Ал оның екі компаниясының әрбірі 20 миллион долларға бағаланып отыр.
Дереккөз: inform.kz