27 желтоқсанда Атырау қаласындағы жолаушылар тасымалымен айналысатын ең ірі компания «АйсТрансХолдинг» ЖШС-нің 100- ге жуық жүргізушісі жолға шықпай, бір күн бойы қаланың қоғамдық көлік қызметі қиындыққа тап болды.
«АйсТрансХолдинг» ЖШС- і бүгінде жеке кәсіпкерлердің автобустарынан бағытқа шығулары үшін - 3600 тенге, «ГАЗельдерден» - 2 мың теңге алады екен. Енді басшылық осы бағаны 10-15%-ға көтермек.
Ереуілдің себебі осы болды.
Алтынбек, қоғамдық көлік жүргізушісі:
- Табатынымыз аз-мұз ақша, төлемді бұдан әрі көтерсе не болады?
Алайда «АйсТрансХолдинг» ЖШС- нің директоры Жасұлан БИСЕНОВ ешқандай ереуіл болған жоқ дейді:
- 27-нде де, 28-нде де барлық автобустар жолға шықты. Қызметімізді бұрынғыдай жалғастырып жатырмыз.
- Жүргізушілердің талаптары орындалады ма?
- Жоқ, олармен келісімшарт жасалды. Мерзімі аяқталмай, ештеңе өзгермейді. Ал бағыт бригадирлерінің қосымша ақша жинайтындығы жөніне келсек, ондай фактілер анықталды. Бұл бойынша құқық қорғау органдары тексеру жүргізіп жатыр.
Келесі, 28 желтоқсан күні де қаламыздағы қоғамдық көліктердің саны аз болды. Аялдамаларда тұрған халық, автобустарды ұзақ күтіп, таксимен кетуге мәжбүр болды.
Айгүл Есқалиева, қала тұрғыны:
- 20 минут болды №4 маршрут әлі жоқ. Бұрындары 3- 4 минут сайын келетін еді. Баламыздың Жаңа Жылдық ертеңгілігін қалып бара жатырмыз. Бәріміздің де такси жалдап кетуге ақшамыз жоқ.
«СмартАтырау» ММ директоры Нұрлан ТҰРЛАНОВ:
- «АйсТрансХолдинг» ЖШС мен жеке кәсіпкерлер арасындағы келісімшарт бұрынғыдай 1жыл сайын емес, 3 ай сайын жасалатын болады. Жолға шығу ақысы көтерілмейді.
- Атырау қаласында жол жүру ақысы көтеріледі деген әңгіме қаншалықты рас?
- Өздеріңіз білесіздер «Атырау қаласының қоғамдық көліктер кешенін дамыту» концепциясын жасаған ғалымдар келіп, жол жүру ақысы - 80 теңге толық жеткілікті деген тұжырымдама жасады. Жол жүру бағасы өспейді.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор