Атырау, 26 қараша 18:29
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Табыс пен алғысқа бөленгендер

Сурет Бейнежазба
5 560 просмотра

Биыл 19-шы рет өткізіліп отырған «Жыл кәсіпкері» облыстық байқауында «Идеал Маркет» ЖШС-нің бас директоры Талғат БЕКЕНОВ жеңімпаз атанды.

Бұл шара Атырау облысы Кәсіпкерлер және жұмыс берушілер одағының құрылғанына 20 жыл толуымен де тұспа-тұс келді. Осы орайда Одақ төрағасы Әлия БЕКҚОЖИЕВА шағын және орта бизнес өкілдерінің ел экономикасына қосқан үлесі мен әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысып жүрген еңбегін ерекше атап өтті. Солардың бірі әрі бірегейі - әрине, тұрғындарды жұмыспен қамту.

Соның ішінде ірі жұмыс берушілердің бірі - «Жыл кәсіпкері» атанған Талғат Бекенов. Оның қарамағында «Идеал  Маркет» ЖШС — Батыс Қазақстандағы супермаркеттер желісінен бөлек, жеке шаруа қожалығы мен «Ямато» мейрамханасы бар. 

Келесі «Үздік кәсіпкер әйел» номинациясы бойынша «ADN Development» ЖК жетекшісі Бахыт ИСКАКОВА жеңіп шықты. Жеке кәсіпкердің «Голландия гүлдері» атты 6 гүлдер павильоны, «Джумиян» мейрамханасы, «Сары Арқа» сауда орталығы және екі балабақша бойынша екі бірлескен жобасы бар.

Бизнесті 1996 жылы шағын гүлдер салонын ашып бастаған. Қазір қайырымдылыққа және түрлі жобаларға демеушілік қолдау көрсетіп отырады. Кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің мүшесі.

Бір жылдан астам уақыт жиһаз өндірумен айналысып келе жатқан  жеке кәсіпкер Абдолла МЕЙРАМБЕК «Жас кәсіпкер» номинациясын жеңіп алды. Жұмысты бастағанда штатта үш адам болған, ал қазір алты адам жұмыс істейді. Жиһаз дайындау ісін әрмен қарай өркендетпек.

«Үздік ауыл шаруашылығы бизнесі» номинациясы бойынша «Амангелді» ЖШС директоры Мұрат ӘМІРҒАЛИЕВ марапатталды. Компания балық өнімдерін өндіру және экспорттаумен айналысады. Атырауда бірнеше павильоны бар.

«Балаларға арналған бизнес үздігі» номинациясын «Таза бұлақ» ЖШС директоры Сәуле ОТАРБАЕВА иеленді. 2008 жылы облыста ашылған алғашқы жекеменшік балабақшалардың бірі. Бүгінде бұл үштілді инновациялық балабақшада 25 маман жұмыс істейді. 

«Қызмет көрсету саласының үздігі» номинациясын электр қозғалтқыштарды жөндеу және қызмет көрсетумен айналысатын «ALSHYN WEST» ЖШС директоры Нұрлан ЕРАЛИЕВ жеңіп алды.

«Атырауда жасалған» номинациясы жеңімпазы болып медициналық шприцтер өндірумен айналысатын «Brando» ЖШС директоры Аслан ҚАБДУЛЛИН танылды. 2005 жылы ашылған мекемеде оңтүстіккореялық технологияларды қолданады. Барлық өнімдер Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығында ұдайы тексеруден өтіп, сертификатталады. Мұнда 180 адам жұмыспен қамтылған. Бұл өнімдерді тек Атырауда ғана емес, бүкіл Қазақстанның медициналық мекемелері пайдаланады.

Салтанатты шарада Алмас КІШКЕНБАЕВ  және басқа да қазақстандық жұлдыздар өнер көрсетті. 


Айнур САПАРОВА 

Видео мен суретті түсірген Марат ТАКУЛИН

29 желтоқсан 2017, 11:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.