Атырау, 9 желтоқсан 21:55
 ашықВ Атырау -9
$ 514.65
€ 544.60
₽ 5.17

Тәтті бәліштің төңірегіндегі түйін

2 555 просмотра

Саша Денисовтің коллажыАстанада Қазақстанның «Kazservis» сервистік компаниялары одағы ұйымдастырған «КазНефтеГазСервис-2012» атты конференция өтті «АЖ» сұрақтарына электронды форматта осы Одақтың төрағасы, Kazakhstan Professional School of business қамқоршылық кеңесі мүшесі Алмас ҚҰДАЙБЕРГЕН  жауап береді.

БІЗ ҚАЙ ДЕҢГЕЙДЕМІЗ?

- Алмас, қазақстандық сервис нарығындағы нақты көрініс қандай?

- Мұнай-сервис нарығын шартты түрде технологиялық күрделілігі бойыншаүш деңгейге бөлуге болады. Бірінші – базалық жұмыстарды орындау: ғимараттардың, жолдардың құрылысы, жеңіл жүктерді тасымалдау, тамақтануды ұйымдастыру. Бұл нарықты азды-көпті отандық компаниялар игерген, ал шетелдіктер қатысса да, 90-жылдардағыдай белсенді емес.

Екінші – жағалауда кәсіпшілік нысандарын салу, ауыр салмақтағы жүктерді тасымалдау, тұрба құбырларын төсеу, бұрғылау жұмыстарын жүргізу және т.б. Бұл жерде шетелдік компаниялар үстем, бірақ ТенгизСервис, Каспиан Оффшор Констракшн, ТенгизНефтеСтрой секілді табысты қазақстандық қатысушылар да бар.

Үшінші деңгей– ірі өнеркәсіптік нысандарды жобалау мен салу секілді күрделі әрі ғылымды қажет ететін жұмыстарды орындау, терең бұрғылау. Бұл жерде басым үлес Шлюмберже, Халибёртон, Сайпем, GATE, ЭНКА және т.б. еншісінде. Шетелдік сервистік компаниялардың көптеген технологияларының озық кеткендігін, оларды таяу жылдарда қуып жету мүмкін еместігін мойындау керек. Алайда кейбір жоғары технологиялық жұмыстарды қазақстандықтар толық орындай алады.

- Мәселен, қандай жұмыстарды? Егер орындай алса, неліктен жасамайды?

- Мәселен, сейсмология және геологиялық барлау бойынша бізде батыс стандарты бойынша жұмыс істеуге дайын компаниялар бар. Мәселе мынада - осы кезеңнен кейін негізгі бюджетті алатын кенішті жайластыру жұмыстары жүргізіледі. Атап айтқанда, орташа және ірі кеніштердегі жұмыстар шетелден серіктес сервистік компанияларды тартатын шетелдік бас мердігер мекемелерге «кілтпен тапсыру» бойынша беріледі. Ал Қазақстанда «кілтпен тапсыру» арқылы жұмыс істей алатын ірі бас мердігер компаниялар қалыптасуда. Бірақ оларға мемлекет тарапынан қолдау қажет.

 

УАҚЫТ – АҚША, СЕКУНД – ДОЛЛАР

Кенішті жайластырғаннан кейінгі кезең – оның техникалық қызмет көрсетуі. Оның бюджеті 15-20 жыл ішінде құрылыс құнынан асып кетуі мүмкін. Қалыптасқан тәжірибе бойынша кенішке техникалық қызмет көрсетуді оны салған компания өз қолына алады немесе ол «өз адамдарын» шақырады. Мәселен, Қашаған жобасының тәжірибелік фазасын жүзеге асыру кезінде Аджип жобасының операторы жобаға итальяндық компанияларды көптеп тартқан еді. Енді қазір Қашаған аралдарындағы Аджиптің бас мердігері кім екенін қараңыз? Итальяндық Сайпем мен Тоцци. Жарайды, Сайпемнің мұндай жобаларда тәжірибесі жеткілікті, бірақ Тоцци – онымен салыстырғанда Италиядан тыс жерде жұмыс жасамайтын дерлік ұсақ компания ғана. Оның үстіне, мұндай бас мердігердің адам/сағат үшін қойып отырған бағасы өте жоғары. Әрине, олар үшін жобаны жүзеге асырудың ұзаққа созылғаны тиімді. Мұның бәрі жұмыстың қымбаттауына әкеп соғады, ал Қазақстанға оны болашақ мұнайдың есебінен өтеуге тура келеді.

 

РУМЫНДАРДАН ҮЙРЕНІҢІЗ

Өкінішке орай, проблема тек осында ғана емес. Әлі күнге дейін қазақстандық сервистік компаниялар «ҚазМұнайГаз» бен оның еншілес мекемелерінің елден тысқары ірі жобаларына қатыспайды. Біздің Одақ осыған қатысты «ҚМГ»-ға жүгінген еді, алайда бізге ресми түрде шетелде «ҚМГ» еншілестерінің сатып алулар процесі сол елдердің заңнамасымен реттелетінін айтты. Ал біздің ақпаратымыз бойынша, 2009-2011 жылдары Румыниядағы Ромпетрол зауытын «ҚазМұнайГаз» қайта жарақтаған кезде құны жүздеген миллион доллар болатын барлық жұмыстар дерлік қазақстандықтардың қатысуынсыз өткізілген. Біз «Самұрық-Қазына» қоры мен үкімет алдына мәселе қойып, әрі қарай да осы бағытта жұмыс жасай беретін боламыз.

 -Иә, әсіресе, егер үкіметтің ірі жобалардағы қазақстандық құрамды қолдау туралы айтып келе жатқанын ескерер болсақ, бұл қызықты жайт екен.

- Менің пікірімше, мемлекетке жергілікті құрамды көбейту туралы мәселені бас мердігерлермен реттеу қажет. Өйткені кадрларды оқытуға, жабдықтарды жаңартуға, өндірісті ұйымдастыруға инвестиция салмай, бүкіл пайданы түсіретін де, оны Қазақстаннан алып шығатын да солар. Кейбір шетелдік сервистік компаниялар осы жылдар ішінде барлығы 1 млрд доллардан астам таза пайда түсірді. Ал олар өздерінен кейін не қалдырды, кімді оқытты, қандай өндірісті жолға қойды? Ешкім білмейді, өйткені мұндай ештеңе жоқ.

 

ҚОЙШЫ КӨП БОЛСА...

Қазақстандық құраммен айналысады дейтін көптеген органдар бар: бірнеше профильдік министрліктер, ҚМГ, PSA реттегіш пен Мұнай және газ министрлігі жанындағы Келісім-шарт агенттігі, қордың өзіндегі «Самұрық-Қазына Келісім-шарт» мекемесі. Бірақ олардың нақты өкілеттігі мен келісімдігі жоқ. Ана жерде 30 адам, мына жерде 50 адам, реттегіш орындарда тағы бірнеше адам отырады. Олардың барлығы да қазақстандық құрам үшін жауап береді. Ал нәтижесі «Қойшы көп болса, қой арам өледінің» кебін киеді.

Бұлардың барлығын мұнай және газ министрлігінің немесе индустрия мен жаңа технологиялар министрлігінің базасына біріктіріп, оларға нақты өкілеттік беру керек.

- Ал шетелдік компанияларда келісім-шарттар қалай бөлінеді?

- Ірі компанияларда келісім-шарттық және инженерлік департаменттер бар, олар көбінесе мердігерлерді таңдайды. Сондықтан да олардың қызметкерлерінің әдеттен тыс жоғары жалақы алатындығына қатысты сұрақтар туындайды. Оның үстіне, ірі мұнай компанияларында келісім-шарттарды бөлудің объективті емес сызбалары туралы ақпарат бар. Бұл ретте олар жоғары этникалық стандарттар туралы әңгімелеп, «ар-ождан кодексіне» қол қоюға мәжбүрлеп, қазақстандықтарды сыбайлас жемқорлықпен қалай күресуге болатындығын үйретеді. Ал іс жүзінде өз бөлімшелерінің жұмысына лайықты деңгейде бақылау жасай алмай жатады.

 

КӨҢІЛДЕН ШЫҒУ

- Бұл жағдайдан шығудың жолы қандай?

- Барлық мұнай-газ елдері жұмысты жергілікті бас мердігерлерге орындатуға тырысады. Олардың үкіметтері бұған шетелдіктерге өндіру мен барлауға лицензия берумен қол жеткізеді. Әрине, содан кейін тар шеңберде мамандандырылған шетелдік фирмалар тек қосалқы мердігерлікке ғана тартылады.

Ірі жобалар үшін технологиялық шешімдер жобалау кезеңінде қаланады. Егер қазақстандық компаниялар осы процеске қосылып үлгермесе, онда кейін, анағұрлым соңғы кезеңде оны өзгерту мүмкін болмайды. Сондықтан біз ірі нысандарды жобалаудың Қазақстанда жүзеге асырылуын, бұл процеcке 1-2 жергілікті институт емес, анағұрлым көпшіліктің қатысуын қолдаймыз. Бұдан басқа, біздің мемлекетіміздің ірі сервистік компаниялар (ЕРС-мердігерлер) дайындайтын ойластырылған саясаты болуы тиіс.  Осы процесстен бүкіл мұнай-газ елдері өтті. Біз жең ұшынан жалғасуды айтып отырған жоқпыз, біз тең мүмкіндіктер беруді өтінеміз.

Тағы бір жолы – шетелдердегідей, сол Норвегиядағыдай ұзақ мерзімді келісім-шарттар жасау. Бізде отандық компаниялар көбінесе бір жұмыс көлемінен екіншісіне дейін күтумен өмір сүреді.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

2 мамыр 2012, 21:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.