Өзбекстанда Қаржы министрлігінің 24 лауазымды тұлғасы қызметінен кетті. Бұл ел президенті Шавкат Мирзиеевтің 22 желтоқсандағы парламентке Жолдауында аталған министрлік жұмысын қатаң сынға алғаннан кейін болды, деп хабарлайды ӨзА агенттігі.
Қаржы министрлігінің орталық аппаратынан басқарма бастықтары және орынбасарлары, бөлім басшылары, тағы да 4 жауапты қызметкер жұмыстан босатылған. Ал 26 желтоқсан күні олардың қатарына тағы 8 мемлекеттік қызметші қосылып, қызметінен қуылғандар саны жалпы 24-ке жетті.
Қызметінен босатылғандар арасында Қазынашылық бастығының орынбасары Ф. Нұрмұхамедов, Бухгалтерлік есеп және аудит басқармасының бастығы Ш. Хайдаров, Өнеркәсіптің базалық тармақтары және отын-энергетика қаржысы басқармасының бастығы міндетін атқарушы А. Абдуллаев, Мемлекеттік қаржы бақылауы бас басқармасының орынбасары М. Агзамов, Салық және кедендік тариф саясаты басқармасының бастығы И. Голышева, Мемлекеттік қаржы бақылауы бас басқармасының бөлім бастығы Б. Жұмаевтар бар.
Дереккөз: inform.kz