Жыл басынан бері бәріміз де бағаның өсуін үрейлене бақылауға алудамыз. Жаппай қымбаттаумен қатар теңгенің девальвациялануы туралы да қауесет тарап кетті. Егер дұрыс пікір білдірер болсақ, алаңдауға негіз жоқ – мұнай бағасы әзірге өсіп жатыр. Алайда бұл жақсылық па, жоқ па? Осы және басқа да мәселелер туралы қаржы сарапшысымен әңгімелескен едік. Ол әңгімені ашық айтуға уәде берді. Есесіне өзінің аты-жөнін құпия қалдыруды ұйғарды.
- Неліктен бағалар өсіп жатыр?
- Бағалардың өсуі үшін мұнайдың дүниежүзілік бағасы қозғаушы күш боп табылады. Мұнаймен табыс тауып отырған біздің еліміз үшін бір баррелі үшін 90 доллар жақсылықтың нышаны емес. Шикізат бағасы өскен сайын осы шикізатты өңдеу өнімдері – бензин, керосин, дизельдік отын бағалары да автоматты түрде өседі. Әрине, транспорт шығындары да көбейеді. Коммуналдық төлемдер өседі. Біз қаласақ та, қаламасақ та, тізбектік жүйемен ілеспе тауарлар бағасы да өседі. Жалпы жанар-жағармай инфляцияның негізгі факторы боп табылады. Сондықтан экономистер халықаралық нарықта шикізат пен басқа тауарлар бағаларының өсуі байқалатынын айтар болса, бұл елдің ішкі нарығына әсер етеді. Айталық, өткен қуаңшылықта астықты сыртқы нарыққа қымбатқа саттық делік. Бәрі де жақсы-ау. Алайда ішкі нарықта қоспа жемнің бағасы көтерілді, ет қымбатсыды және т.б. жағдай орын алды.
- Таяу күндері үкімет шикізат бағасының күрт төмендеуі мүмкін екендігіне қатысты өз қаупін білдірген еді. 2008 жылы болған жағдайдың қайталануы мүмкін бе?
- Әлі есімде, 90-шы жылдардың басында бір баррелі 25 доллар болған кезде, қандай байлық деп бәрі де таң қалысқан еді. Ал қазір 90 доллар болса да, ешкім олай таң қалмайды. Әрине, 2008 жылы баррель құны 140-тан 40-қа дейін құлдыраған кезде – бұл бір сұмдық болған еді. Алайда бүгінде мұндай күрт төмендеудің болуы неғайбыл. Баға 65-ке дейін түсуі мүмкін, бірақ 40-қа түспейді.
- Қазақстан үшін мұнайдың өте оңды бағасы қандай?
- Біз үшін норма – 70-80 доллар. Одан жоғары болса қиын тиеді. Жалпы, біздің еліміз үшін бұл цифр 60 немесе тіпті 50 долларға түсіп кетсе, онша ауыр бола қоймас. Ал одан төмен түссе, үкімет мұны көтере алмайды.
- Қазақстандық валютаның кезекті девальвациялануы туралы қауесеттер жүріп жатыр ғой.
- 2009 жылдың ақпан айында сіз бен біз 25 пайызға кедейленіп, күрт құнсыздану орын алғандай жағдай болмайтындығына 80 пайыз жорамал бар. 2009 жылы Ресей мен Украина өз валюталарын девальвациялаған кезде бізде шығар жол жоқ болған еді.
Доллар мен еуроға келер болсақ – бұлар шикізат биржаларында өзара есеп-айырысу жүргізетін негізгі валюталар. Штаттар мен Еуропада не боп жатыр? Америкада мемлекеттік қарыздың сомасы – 14 триллион доллар. Еуро аймағында Испания, Грекия, Португалияда бюджет тапшылығы экономикада ауытқушылықтың туындауына әкеп соқтырды – бюджетке шығындалған мөлшерден аз кіріс түсуде. Бізге бұл валюталардың тұрақсыздығы тиімсіз, өйткені тауарларымыз үшін доллармен және еуромен аламыз. Алайда бұл елдердің экономикасы біздің дамушы нарығымызбен салыстырғанда анағұрлым орнықты.
- Біздің валютамыз қаншалықты тұрақты?
- Еліміздің алтын-валюта қорын алайық. Ол - 27,8 млрд. доллар. Оны 147 теңгеге көбейтеміз, сонда 4 трлн. теңге шығады. Халық қолындағы қолма қол ақша 1 трлн. 100 млрд. теңге. Ұлттық банк осы қолма-қол ақшаны төрт мәрте сатып ала алар еді, яғни, алтын-валюта қорлары елімізде жеткілікті.
Ал біздің сыртқы факторларға тәуелді болуымыз басқа әңгіме. Елімізде мұнайға сұраныс болып тұрған кезде, алаңдайтын ештеңе жоқ секілді көрінеді. Бірақ, айтып өткенімдей, мұнай бағасының жоғары болуы жақсы емес. Өнеркәсіптің басқа саласы дамыған болса, қорқыныш та болмас еді. Ал біз осы байлықтың мойнына мініп алып, ештеңе жасамай отырмыз.
- Кедендік одаққа байланысты теңгенің жағдайы қалай болмақ?
- Ол рубльге кіріптар болмақ, біздің экономикамыз синхрондалатын болады. Алайда егер кенет Ресей қытайлықтар секілді тырмысар болып, рубль бағасы, мәселен, 31 болады десе, онда теңге 150-ге дейін көтеріледі.
- Ипотекалық несиелеуге қатысты босаңдық байқалмай ма? Ресейде, мәселен, оңды өзгерістер байқалуда.
- Ресейде мұндай қолдауға ие болуға мүмкіндік бар, өйткені Жинақ банкінің, ВТБ-ның акциялары Орталық банктің қолында отыр. Онда үкімет пайыздық мөлшерлемелерді реттеп отырады. Ал бізде бағаны банктердің өздері қояды. Егер инфляция деңгейі 2010 жылы 8 пайыз болса, ал бейресми мәліметтер бойынша одан жоғары болса, онда банктер мөлшерлемені 12 пайыздан төмен жасай алмайды. Әйтпесе олар өздеріне шығын келтіреді.
- Кепіл мүлігін жаппай тастау күтіле ме?
- Таяу жылдарда күтілмейді. Егер қаржылық мекеме немесе банктер кепіл мүлігін өткізуді қаласа, олар осы операция үшін салық төлеулері тиіс. Салық заңнамасына түзетулер енгізілмейінше, кепіл мүлігін жаппай тастау күтілмейді, сондай-ақ, мүлік бағасы төмендемейді.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА