Атырау, 26 қараша 18:52
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Мұнайшылардың жаңажылдық ертегісі

Сурет
3 778 просмотра


«Ембімұнайгаз» АҚ әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары, мүмкіндігі шектеулі балалар мен емдеу мекемелеріндегі балалар  үшін дәстүрге айналған жаңажылдық мереке ұйымдастырды. 

- 2017 жыл компаниямыз үшін ерекше болды. Компаниямыз  95 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өтті. Осы жылдар ішінде Ембі мұнайшылары еліміздің әлеуметтік және экономикалық салаларының   дамуына елеулі үлес қосты. Тек соңғы бес жыл ішінде акционерлік қоғам республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде, Атырау облысының инфрақұрылымын дамытуға, демеушілік пен қайырымдылық шараларына 700 миллиард теңге шамасында қаржы жұмсады, - деп атап өтті «Ембімұнайгаз» АҚ  басқарма төрағасы Әнуар ЖАҚСЫБЕКОВ. – Жаңажылдық қайырымдылық ертеңгіліктерін өткізу компаниямыздың дәстүрлі шарасына айналды. Соңғы үш жылда емдеу және арнайы мекемелерде балалар үшін театрландырылған қойылымдар дайындалып, жасыл шырша  мерекесін  ұйымдастырып келеміз. 



24-26 желтоқсан аралығында компания қызметкерлері жеті медициналық және арнайы балалар мекемелерінде: тілінде ауыр кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатта, облыстық балалар ауруханасында, №1 әлеуметтік қызмет көрсету орталығында, отбасы үлгісіндегі «Шаңырақ» балалар үйінде, №4 дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында, балалар оңалту орталығында және туберкулезге қарсы күрес диспансерінде 1300-ден астам бала қамтылған жаңажылдық ертеңгіліктер өткізді.

Тілінде кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатында  облыстың барлық  аудандарынан  жиналған 200 шәкірт білім алуда. Бұл мекеме ембілік мұнайшылардың ұдайы қамқорлығында. 



- Шалғай елді мекендерден келген балалар сабақ кезінде интернатта тұрады. Әрине, өз ұясынан алысқа кеткен әр бала ықыласқа зәру. «Ембімұнайгаз» компаниясы бізде бұдан бұрын да ертеңгілік шараларын өткізіп жүр. Бұл – біздің балаларымыз үшін сүйікті ертегі кейіпкерлері қойылымдар қойып, ән шырқап, би билеп, сыйлықтар алатын нағыз мереке, - деп бөлісті мектеп-интернат директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Светлана ХАСАНОВА.

Бұл күндері облыстық балалар ауруханасында емделіп жатқан балалар да назардан тыс қалмады. Олар үшін де ертегі кейіпкерлері, Аяз ата және Ақшақардың қатысуымен театр қойылымы қойылып, ертеңгілік ұйымдастырылды. Бүгінде мұнда 140 бала ем алып жатыр.  Барлық бала жаңажылдық  сыйлықтарға ие болды. 



Алты жасар Әмірдің анасы Ботагөз НҰРӘЛИЕВА:

- Мереке қарсаңында ауруханадан бір-ақ шықтық. Жаңа жыл түнінде де осында боламыз. Әмір мектептегі ертеңгілікке қатыса алмайтынына, биыл Аяз Атамен кездесе алмайтынына қатты қапаланды. Аяз Атаның ауруханаға келетінін білгенде, қатты қуанып, еңсесі көтеріліп, жүзі бал-бұл жанды. Бүгін фойеде құрылған шыршаға тезірек бару үшін таңғы асын ішуге асықты.


Аурухана директорының орынбасары Айбек ОРЫНБАСАРҰЛЫ  «Ембімұнайгаз» АҚ   осымен  бірнеше жылдар бойы аурухананың демеушісі болып қана қоймай, шынайы серіктес-досқа айналғанын атап өтті:

- Биыл біз, мысалы, Балаларды қорғау күніне компанияның  демеушілігімен көп функционалды керуеттер мен арбалар, автоматтандырылған дозаторларды сыйлыққа алдық. Әрине, біздің кішкентай пациенттерімізге бөліп отырған ықыластары да маңызды. Олардың көңіл-күйлері көтеріліп, тезірек сауыға бастайды.


Дәстүр бойынша «Балаларға бақыт сыйлайық» деген атаумен компанияның  қайырымдылық жаңажылдық ертеңгіліктері Махамбет атындағы облыстық драма театрында үлкен қойылыммен аяқталды. Бұл жерге 500-ден астам бала шақырылды, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі балалар да бар. Жас көрермендер үшін танымал «Золушка» ертегісіне негізделген театрландырылған қойылым мен қазақстандықтар арасында әйгілі «Меломен» тобының орындауындағы концерттік бағдарлама әзірленді.



Балалардың церебралды сал ауруының ауыр түріне шалдыққан баланың Серікбек есімді әкесі өз ойын білдірді:

- Біз, өкінішке орай, кезінде денсаулыққа байланысты балабақшаға бара алмадық, қазір балам үйден оқиды. Әрине, ұлыма балалармен қарым-қатынас жетіспейді. Оны үнемі бір жерлерге апаруға мүмкіндігім бола бермейді. Бірақ осындай мерекелерге шақыру алғанда қатты қуанамыз. Балалар бір-бірімен араласып, жаңа нәрсе көреді, көңіл көтереді. Ата-аналар үшін де балаларымызға мұндай ықылас бөлінуі, әрине, үлкен қуаныш. Өйткені, баламыздың қуанғанын көру - ата-ана үшін үлкен бақыт.



Луиза ИБРАГИМОВА

27 желтоқсан 2017, 13:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.

Комментарий беру ажыратылған