Өткен жұмада парламентте сөйлеген сөзінде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев елдің бұрынғы ішкі істер министрі Адхам Ахмедбаевты опасыздық жасады деп айыптаған болатын. Қазіргі мәліметтер бойынша экс-министр генерал шенінен айырылып, үйқамаққа алынған. Бұл жөнінде rus.ozodlik.org өзінің дереккөздеріне сүйеніп хабарлайды.
22 желтоқсанда парламенттің қос палатасына үндеу жариялаған Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев елдің бұрынғы ішкі істер министрі Адхам Ахмедбаевқа ауыр айып тақты.
«Жасаған опасыздығы мен сатқындығы үшін бұрынғы ІІМ министрі Ахмедбаев қазір қайда жүргенін білесіздер ме? Өзбекстанның министрі бола тұрып ол сатқындық жасады, сөйтіп әлдебір топқа қосылды. Мен екі генералдың погонын жұлып алдым» деді президент Мирзияев.
Адхам Ахмедбаев министр қызметінен осы жылдың 4 қаңтарында қызметтен босатылған болатын. Бұдан кейін ол президенттің саяси-құқықтық мәселелер бойынша кеңесшісі қызметіне тағайындалған. Ал rus.ozodlik.org басылымының мәліметі бойынша Ахмедбаев бұл қызметтен ІІМ академиясына қарапайым оқытушы болып кеткен, артынша зейнетке жіберілген. Соңғы деректерге сәйкес, бұрынғы министр генерал шенінен айырылып, үйқамауға алынған.
«Биылғы ақпан айында бұрынғы министр генерал шенінен айырылып, полковник шеніне төмендетілді. Ресми түрде оны зейнетке жіберді, ал бейресми – қазір ол Ұлттық қауіпсіздің қызметі төрағасының бұрынғы орынбасары Шухрат Гулямовқа қатысты қозғалған істің аясында бақылауда отыр. Ахмедбаев Өзбекстаннан қашып кетті деген сөз негізсіз» деп хабарлаған Өзбекстан үкіметіндегі дереккөз.
Бұл мәліметті бұрынғы министрдің жақындары растаған.
Ахмедбаев не себепті президенттің қырына ілінді десек, ол ҰҚҚ төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары, генерал-лейтенант Гулямовтың тапсырмасы бойынша мемлекет басшысы мен оның отбасы мүшелерінің іс-әрекетіне аңду қойған. 2016 жылдың мамырында ІІМ 7-бөлімнің сол кездегі бастығы Әлішер Холматовқа Шавкат Мирзияевтің телефон әңгімелерін тыңдауды тапсырған. Мирзияев мұны президент болып сайланған соң бір айдан кейін біліп, Ахмедбаев, Гулямов және Холматов үшеуін қызметтен босатты.
22 желтоқсанда Мирзияев екі генералды погонын жұлып алдым дегенде Ахмедбаев пен Гулямовты меңзеді дейді басылым.
Дереккөз: baq.kz