Ресей азаматтары алдағы жаздан бастап банктерден есеп-шотты онлайн ашуға мүмкіндік алды. Ресейдің Орталық банкінің хабарлауынша Федерация Кеңесі жеке тұлғаларды қашықтықтан сәйкестендіруге мүмкіндік беретін заңды қабылдаған.
«Мұндай механизмді енгізу қаржы қызметтеріне қол жеткізуді оңайлатады. Бұл әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарт кісілер мен қозғалу мүмкіндігі аз адамдарға жақсы мүмкіндік береді. Сондай-ақ қаржы нарығындағы бәсекелестікті арттырып, алымдарды азайтуға мүмкіндік береді»,-деді бұл туралы Ресей ОБ басқарма төрағасының орынбасары Ольга Скоробогатова.
Оның айтуынша бұл жобаның мақсаты қаржы қызметтерін цифрлық ортаға ауыстыру. Өйткені қазір есеп-шот немесе салым ашу үшін банк бөлімшесіне бару керек. Осыдан кейін ғана клиент банк қызметін қашықтықтан тұтына алады.
Жаңа механизм жеке тұлғаларға кез-келген банктің қызметін қашықтықтан пайдалануға мүмкіндік береді. Азаматтар бір рет сәйкестендіруден өткен соң, смартфон немесе компьютердің көмегімен есеп-шот ашып, кредит рәсімдей алады.
Барлық үрдістер клиенттің келісімімен тегін жүргізіледі. Азаматтардың жеке деректерінің қауіпсіздігін РФ ОБ бақылайды.
Айта кетейік, Қазақстанда әлі мұндай заң жоқ, сәйкесінше тұрғындар банктерден онлайн шот аша алмайды.
Дереккөз: 7kun.kz