Тиісті шешім оның денсаулығына байланысты қабылданған. Өйткені айықпайтын дертке шалдыққан бұрынғы мемлекет басшысының ауруы асқынып кеткен.
Алайда бұл жаңалық жергілікті жұрт арасында наразылық тудырды. Олар рақымшылық жасау Фухимори жақтастарының алдын ала ойластырылған шарасы екенін айтады.
Ел астанасы Лима тұрғындары ереуіл ұйымдастырып, оның соңы тәртіпсіздіктерге ұласқан. Ашынған жұртты тарату үшін полицейлер көзден жас ағызатын газ қолданды.
Ереуілші:
– Бұл шара заңға қайшы екеніне сенімдіміз. Өйткені биліктің көрсетіп отырған медициналық құжаттары қолдан жасалған. Шындығында бұл – Фухимори жақтастары мен үкімет арасындағы келісім. Альберто Фухимори Перуді 1990-2000 жылдар аралығында басқарған. Тергеу мәліметі бойынша, бұл уақыт ішінде ол кемі 200 миллион долларды заңсыз иемденген. Сондай-ақ Фухимори «адам құқықтарын бұзып, сыбайлас жемқорлыққа барды» деп айыпталып, 2009 жылы 25 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Алайда жазасын өтеп жатқан кезде денсаулығы нашарлап, бірнеше рет ауруханаға түскен еді. Өткен аптаның аяғында экс-президенттің қан қысымы күрт төмендеп, емханаға жеткізілген болатын.
Дереккөз: 24.kz