Атырау, 24 желтоқсан 01:31
 бұлттыВ Атырау -3
$ 523.72
€ 544.09
₽ 5.20

Аттарды өткелде ауыстырмайды

5 782 просмотра

Атты экспедицияның мүшелері Атырауда не себепті жаяу қалды?

Будапешттен бастау алған «Еуразия» атты тарихи экспедицияның мүшелері Атырауда өз жорықтарын бұзуға мәжбүр болды. Оған себеп – бұл жерден оларға аттар табылмады.

 

1 наурызда  Будапештте құрамында үш венгр ұлтының өкілі бар «Еуразия» атты экспедиция ата-бабаларының салған ізі бойынша Орталық Азиядан Еуропаға бет алған сапарларын бастады. Қазақстан шекарасына олар 24 сәуірде Астрахан арқылы кірді. Жобаның директоры Иштван БЕНЦЕНІҢ айтуынша, олар атпен 2 мың шақырымды жүріп өткен. Әрбір қабылдаушы тарап (Румыния, Украина, Грузия, Әзірбайжан, Ресей) жалға беру ақысы үшін оларды өз таңдаулары бойынша аттармен қамтамасыз етіп отырды. Иштван Бенце: қаймақпен жеген бауырсақ қандай дәмді.Маршруттары барлық елдермен алдын - ала келісілген  және оның қатарында Қазақстандағы қалалар да бар. Бенце көрсеткен жобаның қамқоршыларының ұзақ-сонар тізімінде біздің облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Қойшығұл ЖЫЛҚЫШИЕВ те бар екен. Сөйтсе де, біздің қонақжайлығымыздың шамасы осы болыпты.

- Ата-бабаларымыздың дәстүрі бойынша біздер сіздердің әкімдеріңізбен амандасып шықпақшы болдық, алайда, шені  бар бір адам іштен шықты да үстіміздегі киіммен және қолымыздағы қылышпен бұл жерде не істеп жүрген адамсыңдар деп, ішке кіргізбеді,- дейді Иштван. Ол өзін осыдан үш жыл бұрын ілтипатпен қабылдаған әкімнің бұл жолы неге олай істегеніне түсінбестік білдірді.

-  Менде тіпті, оның фотосуреті де бар, -деп Иштван бұрынғы қала әкімі Сәлімжан НАҚПАЕВПЕН бірге түскен фотосуретін көрсетті. Және оны қайдан табуға болатынын сұрады. Мен сыпайылық сақтап, үнсіз қалдым.

Бұл олардың екінші жорығы. 2009 жылы Иштван «Алтын адамнан Атиллаға дейін» экспедициясына қатысты. Бұл маршрут та Атырау арқылы өтті. Сол кездегі қала әкімі С.Нақпаев бастаған биліктегілер оларды мүлдем басқаша қарсы алған көрінеді...

Иштванның айтуынша, бұл жолы үш облыстық  – мәдениет, спорт және ауыл шаруашылық басқармалары олардың келіссөз жүргізуге тырысқан әрекеттеріне қарамастан бір-біріне сілтеп, әбігерге  қалдырған. 

- Ақтөбеге дейін пойызбен баруға тура келеді. Одан әрі Торғайға, ал, 6 шілдеде Астанада болуды жоспарлап отырмыз, сол жерде біздің экспедицияның алғашқы 6 000 шақырымдық кезеңі аяқталады,  - дейді И. Бенце. – 1 400 шақырым болатын екінші кезең Иран арқылы өтеді және ол ежелгі қала Ширазда аяқталады. Біз бұл атты экспедицияның еуроазиялық туысқан халықтар арасындағы достық қарым-қатынасты саяси немесе діни негізде емес, ежелгі қауымдық негізде дамытуға қызмет етеді деп есептейміз.

Фаркаш ЧемезӨткенді қазбаламасақ та ортақ тұстарымыз көп. Ғалымдар қазіргі венгрлердің этникалық шығу тегі ежелгі даладан басталады деген қорытынды шығарды. Орта Венгрияда бүгінгі күнге дейін ең құрметті деген қонаққа қойдың басын ұсынады. Олар католиктер болып саналғанмен, бірақ түп-тамырларында әлі күнге дейін тәңірге табынушылық жоғала қоймаған. Әрине, ғасырлар бойы сақталып келген жылқыға деген өшпейтін құмарлық та содан сақталғандай. Иштван мамандығы бойынша дәрігер, шағын жылқы үйірін ұстайды. Ол өзінің шыққан тегінің тарихын білуде жылқының үлкен орын алатындығын мойындап отыр, бұл оның өміріндегі басты ермегі.

- Мәселен, мен өзімнің досымның Торғайлық қыпшақ руынан екенін білемін. Менің қызметтесім, этнограф Фаркаш ЧЕМЕЗ де қыпшақ. Торғайдан Венгрияға дейін үлкен арақашықтық бар, бірақ бұл бізге кедергі емес. Өйткені, біз көшпенділерміз. Атқа қонып, ата-бабаларымыздың отанына келу біз үшін түк те емес, - деп күледі Иштван.

ЭШандор Берешкспедицияның тағы бір мүшесі этнограф Шандор БЕРЕШ өзін беріш руынан шыққанмын деп есептейді.

- Біз басқа еуропалық халықтарға неге ұқсамаймыз деген сауалға қашанда жауап іздейтінбіз. Атырауда беріш руының адамдарымен сөйлескен кезде мен өзім түсінбейтін бойымдағы дірілді сезіндім, – дейді  Шандор.

Қонақтар ағылшын тілінде сөйледі, аудармашы арнайы Ақтөбеден көмекке келген. Біздікілер қайда? Олар неліктен суық қарсы алды? Облыстық мәдениет басқармасының бастығы Нұрлан ЕРҒАЛИЕВ былай деді:

- Біз олар үшін аттар таба алмадық. Олар Құрманғазыдан аттарын ауыстырып, Аққыстауға, одан әрі Атырау және Махамбет арқылы Ақтөбеге кетуді жоспарлаған екен. Күн сайын 50-60 шақырым жол жүру үшін ешкім де аттарын ақшаға және кері қайтарып береді дегенге де қарамастан бермей қалды.

28 сәуірде венгрлер  Атыраудан Ақтөбе облысының Байғанин ауданына пойызбен кетті. Оларды онда таңдаулы аттармен күтіп отыр.

Сәния ТОЙКЕН,

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

2 мамыр 2012, 22:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.