Атырау, 25 қараша 18:43
 ашықВ Атырау -4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Алашорданың мерейтойы

Сурет
4 876 просмотра


Н.Жантөрин атындағы облыстық филаронияда Алашорданың 100 жылдығына арналған «Азаттық аңсаған Алашорда» тақырыбымен облыстық ақындар айтысы өтті. Жыр додасына 14 ақын қатысты, ішінде осы жолдардың авторы да бар.

Жеребе бойынша қарсыласым Ануар САДЫҚОВПЕН бірге айтыстың бірінші жұбы болып шықтық. Қарсыласымның мамандығы эколог, бірақ жұмыссыз. Ол өзін «айтыстарда таза ауаның директоры болып жүрмін» деп таныстырды. Мен қарсыласыма эколог боп жұмысқа тұрмағаның кесірінен Атырауда экологиялық ахуал нашар екенін айтып, қағытып өттім. Ал, қарсыласым бұл мәселені қанша көтергенімен ештеңе өзгермейтінін айтып жауап қайырды.

Айтыстың екінші жұбы Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ пен Өнербек ДӘУЛЕКЕНОВ болды. Серікбол Исатай ауданында «Нарын таңы» газетінің тілшісі болып қызмет атқарады. Ал, Өнербек қаладағы кіші өнер академиясында айтыскерлерді дайындайтын мұғалім.

Өнербектің Мен өзім ауыл жақтан адам келсе,

Жаңалық іздеп тұрам жанарынан.

Бір жағынан газетте журналиссіз,

Ауданның тыс қалмайтын хабарынан.

Ауылдың мұң мұқтажын жаздыңыз ба,

Айлығы аспатұғын тамағынан.

Киімсіз кедей ұлын ел біле ме,

Қос бала бір киімді кезек киіп

Амалсыз кешігетін сабағынан.

Аса алмай жүрсіз бе әлде басшылардың,

Талқыға салынбайтын талабынан.

Бүгінгі кей басшыны білеміз ғой,

Көңілін көншімейді жауабынан.

Елге бір жақсылығын жасай қалса,

Айтады су аққанша танауынан.

Жарлының баласына киім берсе,

Куә болады ауыл мен қала бұған.

Экраннан көрсетіп жариялап,

Айнымай сөз сөйлейді саналыдан.

Содан кейін газетке жаздырады,

Тілшінің май тамызып қаламынан.

Жария жақсылыққа сауап болмас,

Хабарыңыз бар шығар аға бұдан.

Сіз де жүрген жоқсыз ба әкімдерді

Айырып әрен жиған сауабынан, -деген шабуылына

Серікбол:

Сауапты жариялап жазады деп,

Журналистің тауын келіп жығасыңдар.

Өздерің жазып жүрген мақалаға,

Бізді неге кінәлі қыласыңдар?

Қамқорлық шарасы өтсе бір баланың,

Ауызын бір бөлдекпен ұрасыңдар.

Содан соң сол баланы ортаға алып

Бес мұғалім суретте тұрасыңдар.

Сосын соны көлемді мақала қып

Газетке қарай мойын бұрасыңдар,- деп жауап қайырды.


Бұдан соң шыққан ақындар Саадат НҰРМАНОВ пен Амангелді ПАНАБЕРДИЕВ аға мен іні айтысын ұсынса, Фариза ЖЕТПІСБАЕВА мен Абылай СМАҒҰЛОВ қыз бен жігіт айтысын, Жәнібек САДЫРОВ пен Ерболат ҚАРАҚОЙШИЕВ, Ғалымбек МҰСТАФА мен Ерболат ІЗДЕН, Бимырза ӘБІЛҚАЙЫРОВ пен Нұрбек САРБАСОВ жұпталып жолдастық айтыс жасады.

Айтыстың бас жүлдесі Ануар Садықовқа лайық деп танылса, бірінші орын Саадат Нұрмановқа, екінші орын Серікбол Панабердиев пен Өнербек Дәулекеновке, үшінші орын Жәнібек Садыров, Фариза Жетпісбаева, Ерболат Қарақойшиевке бұйырды.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ 

Суретті түсірген автор

26 желтоқсан 2017, 10:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.