Алдымыздағы жаңа 2018 жылы Махамбет атындағы облыстық драма театрына 80 жыл толғалы отыр. Мерейтой қарсаңында театрдың бас режиссері Мұқанғали ТОМАНОВПЕН (суретте) әңгімелестік.
- Өнер жолына қалай келдіңіз?
- 1991 жылы мектеп бітіріп, Оралдағы педагогикалық институттың филология факультетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәні мұғалімі мамандығына оқуға түстім. Сол жылдары облыста Орал қазақ драма театры құрылатын болып, Дәулеткерей атындағы өнер институтынан жаңадан режиссура факультеті ашылды. Режиссура менің бала кезгі арманым еді, сондықтан бірінші курстан соң емтихан тапсырып, режиссура мамандығына ауыстым. Оралда режиссура факультеті ашылған кезде бізге дәріс берген ұстаздардың барлығы Атырау театрынан келіп дәріс берді. Қазір сол кездегі Атыраудан келген режиссерлардың үйреткендерінен сабақ алып, бүгінде Махамбет театрына келіп, жас әртістерге үйретудемін. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы шығар.
- Былтырдан бері режиссерлігіңізбен бірнеше қойылым көрерменге жол тартты. Командаңыз жеткілікті ме?
Театрда елуге тарта әртіс бар. Соның жетпіс пайызы жастар құрайды. Мұнда көрсетсең, үйренем деген жастар өте көп. Сондай-ақ мұнда жасы Қайыржан, Шапай, Гүлмаржан, Хадиша деген аға-апайлар ұзақ жылғы тәжірибесін көрсетіп, білгенін жастармен бөлісіп отырады. Осындай командамен жұмыс жасау – үлкен абырой.
- Театрдың репертуарында қандай жанрға басымдық бересіз?
- Қазір комедиялық, бірі балалар театры, музыкалық, эксперименталдық, жертөле (подвальный) т.б. сияқты театрлардың түрі көп. Біздер облыста жалғыз театр болғандықтан бүкіл функцияны атқаруға тура келеді. Өйткені көрерменнің бірі драманы ұнатса, бірі трагедияны жақсы көреді. Сондықтан біз барлық жанрды қамтимыз деп өзімізді шындап келе жатырмыз.
- Жақында Атырауға Әуезов театры келіп спектакль қойғанда әртістердің дауыстары ортаңғы қатарларға дұрыс естілмей жатты. Біздің драма театрдың акустикасы қаншалықты талапқа сай?
Драма театрдың залы театр үшін өте үлкен. Қазір көп жерлерде салынып жатқан театрлар 350-400 орындықтан аспайды. Тағы да себептері бар. Жақында біздің театрға жөндеу жүргізген кезде залдың акустикасын бүлдіріп алған болса керек. Оны театр тілінде «яма» деп атайды. Сахнадағы дауыс 12-ші қатардан анық шыққанымен 5-ші қатардан дұрыс естілмеуі мүмкін. Қазір микрофондар қойылып жұмыс жасаймыз. Сонымен қатар әр түрлі шығармаға арналған әр түрлі кіші залдар қосу қолға алынуда.
- Гастрольдерге жиі шығып тұрасыздар ма?
Биыл Қырым, Македония, Мәскеу, кеше ғана Анкараға да барып қайттық. Келесі жылы театрдың мерейтойына орай барлық облыстарды аралап, Астана, Алматы қалаларында 5-6 спектакльмен есеп беру кешімізді жасағымыз келеді.
- Дүниенің тетігі сізде болса, қазақ театрына қандай реформа енгізер едіңіз?
- Егер менің қолымда болса бірінші кезекте әртістердің жалақыларын өсірер едім. Қазір көбі 37 мың теңге алып жұмыс жасайды, осындай ақшамен қазір өмір сүру мүмкін бе? Бұл тек Атырауда емес, бүкіл жердегі өнер адамдарының басындағы жағдай. Ақшасыз қалмайды»,- деп ойлайтындар бар. Олар бұған амал жоқтықтан барады.
- Мерейтойлы жылдағы жоспарларыңыз туралы айтыңызшы.
- 2018 жылы атыраулық әртістермен Р.Отарбаевтың «Бейбарыс» пьесасын қоймақпыз. Содан соң Атырауда театрлар фестивалін ұйымдастырғымыз келеді. Айтпақшы, театрға «академиялық» мәртебе беру мәселесі шешіліп жатыр.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті түсірген автор