22 желтоқсанда Атырау қаласында «Құспан молла» мешіті ашылды. Мешіттің бұрынғы 63 жыл қызмет еткен ескі 280 орындық ғимараты бұзылып, құрылыс ауданын өсіру үшін көрші учаске сатып алынды.
Жаңа ғимарат 1150 жамағатқа арналған. Сонымен қоса аула ішінде кітапханасы, медресесі және дәрет алуға арналған қосымша бөлек ғимараты бар.
- Мешіт құрылысы жамағат пен демеушілердің қолдауымен 8 ай ішінде салынып бітті. Екінші ғимаратта медресемен қатар демалыс бөлмесі және жамағатқа арналған 25 орындық асхана бар. Жолда қалған жолаушылар болса, тегін тамақтанып, демалып алуына жағдай жасалады, - дейді «Құспан молла» мешітінің бас имамы Эммат ҒҰМАРОВ.
Мешіттің атауына келсек: Құспан молла НҰРМҰҚАШЕВ 1887 жылы Атырау уезіне қарасты Бесікті ауылында дүниеге келген. 1910 жылы Меккеге аттанып мұсылмандық парызын өтейді. Қажылықтан оралған соң, Сауд Арабиясындағы рухани университетке оқуға түсіп, оны 1925 жылы аяқтап шығып, туған жеріне келіп, имам болған. Діни көзқарасы үшін ол большевиктердің қуғынына ұшырап, 1933-1943 жылдар аралығындағы сталиндік лагерьлерде болды. Қапастан шыққан соң да жігері жасымайды. Қала сыртына халықты жинап, мұсылман мейрамдарын өткізіп тұрған. Соғыстан кейінгі жылдарда жергілікті атқарушы органдарға мешіт салу керектігін айтып ұсыныс тастағанымен, өтініші қолдау таппайды (кері тұтқындамағанына да шүкір). Алайда Құспан молла жамағаттың көмегімен 1948 жылы Самарқант көшесі бойындағы ескі үйді сатып алып, мешіт қылып пайдаланады. Бұл жерге шыққан тегін ұмытпаған кейбір коммунистер де партиялық билеттерінен айырылу қаупі болса да, құпия келіп, құлшылық қылатын.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Сурет және бейнежазбаны түсірген автор