Жергілікті кәсіпкерлердің облыстық табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттік департаментінің жаңа басшысы Жанайым КЕЛБАТЫРОВАМЕН (суретте) өткен кездесуі кереғар пікірлерге толы болды. Кездесуде көтерілген мәселелерге орай, тараптардың пікірлері бір жерден шықпады: Келбатырова ханым түсіндіру жұмыстарын жүргізуге келсе, ал, бизнесмендер өз ұсыныстарын енгізуге құқылы екендіктерін, соған орай тарифтік саясатқа да әсер ете алатындықтарына сенімді болды.
ЕШКІМ ДЕ СЫРТ ҚАЛҒАН ЖОҚ
Ж.Келбатырованың айтуынша, енді монополистер тапсырыс беру барысында табиғи монополияларды реттеу департаменті және салалық департаменттердің бірлескен бұйрығымен бекітілген инвестициялық бағдарламасы болуы тиіс. Инвестициялық бағдарлама тарифке енгізіледі, бірақ, егер ол жүзеге асырылмайтын болса немесе толық көлемде жүзеге асырылмаса, онда ақша тұтынушыларға кері қайтарылатын болады.
Екінші бір жаңалық – дифференциялды тарифтер. Атырау су арнасында мәселен, тұтыну көлемі бойынша тариф енгізілген: 1 адамға бір айда 3 текше метрден артық болса, онда жоғары ставка бойынша төленеді. АтырауЭнергосатуда 3 деңгейлі жүйе: 1 адамға бір айға 90 кВТ дейін болса – ең кіші тариф, 90-нан 170 кВТ дейін болса – жоғары тариф. Оған қоса, газшілер де өз қызметтерінің құнын арттырмақ. ОблТрансГаз өтініші әлі қаралып жатыр. Алайда, агенттік мамандарының айтуына қарағанда, олар негізсіз емес. Егер бұған жылу, қалдықтарды шығару тарифтерінің өскенін және жақындағы телефон қызметі ақысының көтерілгенін қосатын болсақ, онда тарифтер жарысынан ешкімнің сырт қалмағаны түсінікті болады.
«ЖАЗҒЫ» ТАРИФТІ БЕР!
Ж. Келбатырова тарифтердің көтерілу процесінен ешкімнің де қашып құтыла алмайтындығын атап өтті. Ал, жаңа дифференциалдық тарифтер бекітіліп үлгерілді. Оның пікірінше, олар тұтынушылар үшін коммуналдық қызметтер құнын жеңілдетеді. Әдеттегі тұтынушылар ретінде сөз алған кәсіпкерлер онымен келіспеді.
- Біздің қанша электр энергиясын және қанша суды тұтынатындығымызды кім және қалай есептейді? – деп сұрайды олар.
- Департамент түскен өтініштер бойынша талдау жүргізеді, тарифтер жоғары тұрған агенттіктермен келісіп бекітіледі.
3 текше норманы талқылау барысында жұмысшы тобы жұмыс жасады, оның құрамына қоғамдық бірлес-тіктердің өкілдері, біздің сараптама кеңесінің мүшелері, әкімдік өкілдері енгізілді. Бізге тұрғын халықтың суды тұтыну анализі ұсынылды және тұтынушылардың көп бөлігі осы нормаға – 3 текше метрге сай келді,- деп жауап берді Ж.Келбатырова.
Алайда, бизнесмендерді жыл мезгілдеріне қарай түзетулердің жасалмайтындығы алаңдатады. Айға 3 мың литр – бұл 1 адамға бір күнге 100 литр болады. Жаздың ыстық күндерінде осы нормаға қанағат етуге бола ма? Немесе айға 90 кВТ деген норма қалайша енгізілген, тек сплит - жүйенің өзі сағатына орташа есеппен алғанда 1 кВТ тұтынады. Жиналғандардың пікірінше, электр энергиясын тұтыну тарифін тек күндізгі және түнгі тарифтерге ғана емес, жазғы және қысқы деп бөлу керек.
- Тарифтер бекітілді. Қазір біз мұны қалай жасағанымызды, не үшін істегенімізді және біздің жетістіктеріміз қандай, соны жария ететін кездесу өткізіп отырмыз, - деп Келбатырова ханым барынша жылдам жауап берді.
ОЛ ҚАНДАЙ ҚҰПИЯЛАР?
- Біз онда неліктен бас қосып отырмыз? Тарифтердің өскені туралы жұрттың бәрі біледі. Алайда, оны қасаң қағида деп кім айтты? Тіпті, заң актілерінің өзіне өзгерістер енгізуге болады, - дейді кәсіпкерлер сеніммен. Айталық, бір кездері Атырау-Жарық АҚ заңды тұлғалар үшін электр энергиясының іркілістері, сондай-ақ, нысандарды желілерге қосу үшін ақы төлемдерін енгізген болатын, ал, бұл бизнес үшін қосымша айтарлықтай шығындарға ұрындыра бастады. Осының бәрі ресми бекітілгеніне қарамастан атыраулық кәсіп-керлер қатаң алымдарды алып тастауға қол жеткізді. Ол туралы олар департамент төрайымының есіне салды.
Байқаймын, мұндай қабылдау Жанайым Бекболатқызына ұнамаған тәрізді. Кездесу соңында өз диктофонымды үстелден алып кетуге жақындағанымда, ол өзінің келісімінсіз менің қалайша жазып алғандығыма наразылық білдірді. Шенеуніктердің тарапынан жеке сұхбат берген кезде диктофонға жазбау жөнінде ұсыныс болып тұратын, ал, мынадай жалпы жиналыстағы жазба үшін осыншама ашу шақырған жағдайға бірінші рет куә болдым.
ХАТТАМАҒА ЕНГІЗУДІ СҰРАЙМЫН
Кездесу барысында, әрине, заңды тұлғалардың проблемалары жөнінде де әңгіме қозғалды. Мәселен, олардың барлығы қызметтерінің түріне қарамастан, ол мейлі ірі кәсіпорын болсын, ұсақ фирма болсын су үшін бір тариф бойынша төлейді. Ал, бұрын дифференцияланған тарифтер бойынша төленетін еді.
- Енді кеңседе шәй ішуге тыйым салынады, - деп біреу әзілдеген болды. Кәсіпкерлер заңды тұлғаларды бірнеше санаттарға бөлу жөнінде ұсыныс енгізді. Олардың келесі бір ұсынысы АтырауЭнергоСату қызметіне қатысты болды. Олардың адал тұтынушылардың тізімін жасап, нақты бір жағдайларда соны ескерулері керек делінді. Мәселен, ұсақ бір берешек үшін салық инспекциясы есепшотты жауып тастайды, ал, кәсіпорын электр энергиясы үшін уақытында ақысын төлей алмай қалады. Бір өкініштісі сол, жарықты бережағы үшін ажыратып тастамайды, өйткені, бизнес энергішілермен алдын - ала төлеу жүйесі бойынша жұмыс жасайды. Демек, іс жүзінде қарызы жоқ, тек алдын - ала төлеу мүмкіндігі болмай қалады.
Энергішілердің айтуынша, бұл мәселе қазір талқылануда және кепілдік хатты ұсыну барысында белгілі бір уақытқа кейінге қалу мерзімі берілуі мүмкін.
- Егер АтырауЭнергосату бізге төлем төлеуге банк жұмыс жасайтын үш күнін ғана беріп қоймай, тіркелген уақытты, айталық әрбір айдың 20-шы күніне дейінгі мерзімді белгілеген болса, тіптен жақсы болар еді, - деп өз ойларын ортаға салды қатысушылар.
Барлық ұсыныстар хаттамаға енгізілді. Алға қарай кәсіпкерлер және жұмыс берушілер одағы оларды монополистерге жеткізетін болады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА