1 шілдеден бастап Қазақстанда «Ильич шамдары» жоғала бастайды
Алдымен дүкен сөрелерінен жүз ваттық шамдарды алып тастайды, жарты жылдан кейін 75 ваттық шамдар да соның кебін киеді. Ал тағы бір жылдан соң қуаттылығы бойынша 25 Ваттан төмен түрлерін ғана сатып алу заңды болмақ.
КӨРІНБЕЙТІН ДҰШПАН
Әрине, ешкім де сіздің есігіңізді қағып, «нашар» жарықты өшіруді талап етпейді. Ескі шамдар ерте ме, кеш пе жанып кетеді де, бізге жүрекке жылы тиетін сары түсті жарық беретін шамдар болмағандықтан, энергия үнемдейтін түрлерін сатып алудан басқа амал қалмайды.
Энергия үнемдейтін шамдардың шынымен де аз электр энергиясын шығындайтындығы дәлелденген. Алайда мұның сыры оның құрылымында: электр заряды болу үшін, шамды металл буымен толтырады. Ол жұмыс жасап тұрса, ешқандай қауіп болмайды. Бірақ ол жарамсыз боп қалса, проблемалар басталады.
Идея бойынша, құрамында сынап бар аспапты жарамсыз болғаннан кейін абайлап орап, пайдаға жаратуға апару керек. Атырауда мұндай тек бір ғана фирма бар. Ол - қаладан 8 км қашықтықта Махамбет трассасы бойында орналасқан «West Dala» ЖШС.
– Стандартты энергия үнемдейтін шамда өте қауіпті улы затқа жататын 3-5 миллиграмм сынап болады, - дейді ЖШС экологы Айнагүл НАУРЫЗБАЕВА. - Әсіресе, сынап буы денсаулық үшін қауіпті. Яғни,олжанып кеткеннен кейін оны қоқыс шелегіне тастауға болмайды. Егер сынып қалса, жоғары уытты зат ауаға тарайды. Тікелей қоқыс орнына тастау да қауіпті. Ерте ме, кеш пе сынап шығады да, жерасты суына түседі. Ал табиғаттағы су айналымы туралы баршаға мектеп партасынан-ақ белгілі.
РЕЖИМДІК НЫСАНДА
Шамды зарарсыздандыру үшін West Dala-да химиялық-механикалық әдіс қолданылады. Фирманың режимдік нысанына кіру үшін бізге нұсқау алып, қорғаныс көзілдірігі мен каска киюге тура келді.
Ангарлардың бірінде УРЛ-2м құрылғысы тұр. Процестің төркіні мынада: шамды қыздырып, кесіп, улы буларды сорып алып, консервілеп тастайды. Алынған сынапты арнайы ыдыстарға сақтайды. Ал толуына қарай Ресейге тасымалдайды, ол жерде оны қайтадан өнеркәсіпке пайдаланады.
Әзірге тек заңды тұлғалардан түскен люминесцентті шамдар ғана өңделуде. Жеке тұлғалардан энергия үнемдейтін шамдарды қабылдау кейінірек басталады.
– Сіздерге жету қиын. Қаладан жинау қосындарын ұйымдастыру мәселесі қалай?
– Әзірге бізге мұндай ұсыныспен ешкім шыққан жоқ, - деп жауап берді «West Dala» ЖШС директоры Қайрат САЛАХАДЕНОВ.
Дегенмен, ол түсінікті де: қосындарды ұйымдастырумен жергілікті билік айналысуы керек. Бұған әзірге қалалық бюджетте ақша жоқ екені белгілі. Қаржы тек энергия үнемдейтін шамдарды сатып алуға ғана бөлінеді.
Анастасия ПАСТУХОВА,
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ
Сынап адам ағзасына көбінесе оның иісі жоқ буын деммен тартқан кезде енеді. Нерв жүйесін, бауырды, бүйректі және асқазан-ішек жолдарын зақымдайды.
Ғимарат ауасындағы сынап концентраттарының рұқсат етілген шекті мөлшері - 0,0003 мг/м3. Бүлінген бір шам бірнеше сағат ішінде сынап концентрациясын 0,05-ке дейін көтеріп, алты текше метр ауаны улай алады.
Егер шам сынып қалса, не істеу керек?
1. Терезені ашып, 15 минутқа бөлмеден шығып кету керек.
2. Бір мәрте пайдаланатын резіңке қолғапты киіп, шам сынықтарын абайлап жинап, пластик пакетке салу керек.
3. Ұсақ сынықтар мен люминофор ұнтағын жинау үшін жабысқақ лентаны, ылғал губканы немесе шүберекті пайдалануға болады. Бүкіл ғимаратқа сынаптың жайылуының алдын алу үшін ластанған учаскенің шет жағынан бастап, ортасына қарай тазалау жұмыстарын жүргізу керек.
4. Бөлмені «Белизнамен», «Доместоспен» немесе құрамында хлоры бар басқа препаратпен жуу керек.
5. Құрамында сынап қалдықтары бар пайдаланылған қағазды, губканы, шүберекті, жабысқақ ленталарды полиэтилен пакетке салып, арнайы кәсіпорынға пайдаға жаратуға тапсыру керек.
6. Шам сынықтары түскен киімді, төсек-орындардың барлығын полиэтилен қапқа салу керек. Бұл бұйымдарды әрі қарай пайдалану мүмкіндігі арнайы мекеменің кеңесінен кейін анықталады. Дұрысы, лақтырып тастаңыз.