Атырау, 24 қараша 09:42
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Құрт ауруына құрық түсер емес

2 712 просмотра

Атырауда «Туберкулезге қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік бастамалардың тиімділігі» атты қоғамдық тыңдау өтті. «Аман-саулық» қоры мен «Аялы орта» қоғамдық бірлестігі 654 респондентке сауалнама жасап, мониторинг жүргізген.

- Атырауда балалар арасында сырқаттану деңгейі жоғары, бұған жергілікті мамандандырылған 75 орындық бір шипажайдың жетпейтіндігі анық, - деп есептейді «Амансаулық» қорының менеджері Рахима ДҮЙСЕНОВА. - Тағы бір проблема: Атырауда туберкулезге шалдыққан науқастарға, неліктен екені белгісіз, мүгедектікті әрең береді. Мәселен, Қызылорда облысында туберкулез бойынша746 мүгедек бар болса, Атырауда бар болғаны 100 адам.

Мұнымен облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері бас дәрігерінің орынбасары Болат САХАУОВ келісті:

- Мұндай науқастарға мүгедектік беру керек, оның үстіне, біз мұны жасауға міндеттіміз. Бірақ өткен жылы, мәселен, облыстық денсаулық сақтау басқармасы маған өте көп адамға мүгедектік тағайындадың, деп сөгіс берді. 

Туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бас дәрігері Жаңабай САҒИЕВ мамандардың тапшылығына қынжылыс білдірді:

- Облысқа кем дегенде81 фтизиатр керек, ал бар болғаны 53 маман жұмыс жасайды. Бізге фтизиопедиатрлар, рентгенологтар, бактериологтар керек.

Ал тыңдауға келген қала тұрғыны Абылайхан ДЕМЕСІНОВ проблема санда емес, сапада деп есептейді:

- Мен 1998 жылы осы сырқатқа шалдықтым. 2009 жылы қайталап ауырып қалдым. Атырауда рентген түсірілімі де, қақырық анализі де бәрінің қалыпты екенін көрсетті. Ал температурам түспей қойды. Қостанайға барып қаралғанымда, қақырық анализім оң боп шығып, туберкулездің тұрақты түрін анықтады. Менің екі немерем бар. Біреуі бес айлық, екіншісі бір жасқа толды. Мен оларға жұқтырып алсам ше? Қазір емделдім, бірақ сауықтыру орталығына тегін жолдама ала алмай отырмын.

Қазақстанда, әсіресе, туберкулездің дәріге төзімді түрі кең тараған. Мониторингті ұйымдастырушылардың айтуынша, егер бұрын жарты жыл ішінде науқасты ойдағыдай емдеп шығу үшін 200 доллардан астам ақша қажет болған болса, қазір нәтижесіне кепілдік берілмей, 10 есе көп шығын кететін болған.

Сәния ТОЙКЕН

2 мамыр 2012, 17:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.