БҰҰ Бас ассамблеясы АҚШ президенті Дональд Трамптың Иерусалимді Израильдің астанасы деп тануына байланысты араб және мұсылман елдерінің талабы бойынша 21 желтоқсанда төтенше сессия өткізеді.
Палестинаның БҰҰ-дағы өкілі Рияд Мансур ассамблеяға мүше 193 мемлекет АҚШ-ты Иерусалимді Израиль астанасы деп тану шешімінен бас тартуға шақыратын қарарға дауыс беретінін айтты. 18 желтоқсанда АҚШ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің осы тектес қарарына вето қойған болатын. Мансур ассамблея мүшелері қарарды бірауыздан қолдайды деген үмітін білдірді.
Бас ассамблея қарарының заңды күші жоқ болғанымен, саяси салмағы бар. АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хейли Twitter-де АҚШ-тың «америкалықтардың Иерусалимге қатысты таңдауына қарсы дауыс бергендерді есте ұстайтынын» ескертті. «Бейсенбіде біздің таңдауымызды сынайтын дауыс беру өтеді. АҚШ өзіне қарсы дауыс бергендерді есінде сақтайды» деп жазды Хейли.
БҰҰ Бас ассамблеясы Қауіпсіздік кеңесі әлдебір проблемаға қатысты шара қыла алмаған кезде шұғыл сессия өткізе алады. Бірақ осы кезге дейін төтенше 10 сессия ғана өткен. Соңғы рет ассамблеяның төтенше сессиясы 2009 жылы оккупацияланған Шығыс Иерусалим мен Палестина территориясы мәселесіне қатысты өткізілген.
Дереккөз: azattyq.org