Атырау, 26 қараша 17:35
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Инемен салынған өнер

Сурет
4 269 просмотра


Денеге түрлі суреттер салу ежелгі заманнан бері қолданылып келеді. Кейбір халықта денеге салынған әшекей (тату) әлі күнге дейін зұлым рухтардан қорғайды деп есептеледі, рулық тайпа белгісін көрсетеді және т.б. Бірде сәнге енсе, енді бірде сәннен ескіреді. «АЖ» тілшісі осы істің Атыраудағы шеберлерінің құпиясы мен сырларын тыңдап, тату атмосферасына енуге тырысқан еді.


КОЛЯ

Үнемі әлеуметтік желіде отырамын. Бірде түрлі татулар салдыртқан қауымдастыққа кез болып, олардың жарияланымдарын, кәсіби мамандардың жұмыстарымен танысып, стильдерін зерттей бастадым. Құштарлығымның артқаны сондай, университетке бейнелеу өнері бөліміне оқуға түстім. Яғни, қолдың жаттығуы өте маңызды, сондықтан бірінші клиентімнің алдында қолдарым еш дірілдемеді. Тапсырыс - пион гүлінің сұлбасын сызу болатын, жұмыс бар болғаны екі сағатқа созылды. Жақында осы іспен айналысып келе жатқаныма бір жыл толды.

Маған кәмелетке толмаған клиенттер жиі келеді. Мұндай жағдайда ата-анасының қолхатын талап етемін, алдын ала бәрі зарарсыз және қауіпсіз екенін көрсетіп, татуды олардың қатысуымен ғана саламын.

Ерекше клиенттер: 63 жастағы әйел көбелектің нобайын аяғына салдыртты.

Ерекше орындар: Өкшелер мен алақандар.

Ең ұзақ сеанс: Шамамен 12 сағат.

Кең таралған суреттер: гүлдер, жазулар, туылған датасы (міндетті түрде римдік сандармен).

Танымал орындар: иық, сан, балтырлар.



ТИМУР

Тату өнеріне 14 жасымнан әуестене бастадым. Қазір отыз екі жастамын. Ағайымның қайрағымен ұшталған бірінші машинкамды музыкалық ойнатқыштан жұлып алған мотор мен гитара ішегінен жасадым.

Алдымен өзіме жасап үйрендім, бірақ, өкінішке орай, бірінші татуым қандай болғаны есімде жоқ. Кішкентай және келіссіз нәрсе еді. Кейінірек достарыма тәжірибе жасай бастадым.

Негізі Ақтау тумасымын, ал тату өнеріне шарықтау шыңым осында көшіп келгеннен кейін басталды. Бұған дейін бағбан, ойынханада крупье болып жұмыс істедім, тіпті, өзімді журналист ретінде де сынап көрдім, ал білімім электрик болатын.

Менен татулардың мағынасын, нені білдіретінін жиі сұрайды. Шын мәнінде, бұл әрбір адамның ой мәнісін жеткізетін жай ғана суреттер. Әрине, бас бостандығынан айыру орындарында жасалатындарды қоспағанда. Олардың өз ерекшеліктері бар. Егер клиент маған сол секілді нәрсені салып беру өтінішімен келсе, мен дереу бас тартамын. Қазір көп адамдар осы сәнге құрмет көрсетуге тырысады. Бірақ алдымен ойлануға кеңес беремін, өйткені тату - бұл жанға бататын, қымбатқа түсетін және біржола жасалатын нәрсе.

Ерекше клиенттер: бірде бір қыз маған жазылып, табанына «Целуй!» деген жазуды салуымды өтінді. Анықталғандай, тату ренжісіп қалған жігітіне арналған екен.

Ерекше орындар: тіпті интимді жерлерге тату жасауды өтінсе де, көп таң қалмаймын. Мұны жайбарақат қабылдаймын.

Ең ұзақ сеанс: демалмастан үзіліссіз 12 сағат бойы иықтан санға дейін түсетін айдаһардың суретін салуым.

Кең таралған суреттер: түрлі ұсақ-түйектер - сандар, жазулар.

Танымал орындар: Қол, иық, арқа.



РАДИК

Мұнымен айналысқаныма 5 жылдай болды. Жасөспірім кезімде сурет салуға әуестене бастағанда, қызығушылық пайда болды. Жалпы мамандығым аспаз-технолог, осы мамандығым бойынша ұзақ уақыт жұмыс істедім. Оған қоса, тату өнеріне ақша жинадым. Қазір үйде тек әйелімді қуанту үшін ғана тамақ дайындаймын. Алғаш рет анамның аяғына гүл нобайын салып, сынақтан өттім. Менің жұмысыма анам осы күнге дейін дән риза.

Әлі күнге дейін осы мамандықтың қыр-сырын үйренуді жалғастырып келемін: тату-фестивальдарға барамын, басқа шеберлердің техникасын бақылаймын. Реализм мен біртума сурет қалыптасатын белгілі бір қашықтықтағы көптеген нүктелерден тұратын дотворк жанрында жұмыс істегенді көбірек ұнатамын.

Мен өзіндік идеялары жоқ клиенттерді түсінбеймін - өз жеке көзқарасы, фантазиясы, өз пәлсапасы болуы керек қой. Мұндай жағдайларда үйреншікті идеялардан қашуға тырысамын.

Ерекше клиенттер: Бірде интимді жеріне қарлығаштың суретін салдырғысы келген әйел күйеуімен бірге келді. Бірден бас тарттым. Біріншіден, мен гинеколог емеспін және бірнеше сағат бойы «ол жерге» қарап отыра алмайтын едім. Екіншіден, менің жұмысымды оның күйеуі бақылар еді, бұл да ыңғайсыз. Олар әлі де осы өтінішпен маған шығып, жазып тұрады.

Ерекше орындар: қарлығаш суретіне қатысты жағдайды қоспағанда, ондай болмады.

Ең ұзақ сеанс: компьютер ойынындағы Талқандағыш қанатты айдаһардың суретін балтырға салу 13 сағатқа созылды.

Кең таралған суреттер: Құстар және жазулар.

Танымал орындар: балтыр, білек, бұғана - әсіресе қыздарда.




Жазып алған Анастасия АЛЮШИНА

Суреттерді түсірген автор

 

19 желтоқсан 2017, 12:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.