Атырау, 26 қараша 17:47
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

«Бразилиялықтың» оралуы

Сурет
2 979 просмотра


«Жолы болғыш!» - деген еді ол туралы төңірегіндегілер 2009 жылы. Шынымен де, Бразилияға футбол шеберлігін үйренуге екінің бірі бара алмайды. Қазір жолы болғыш бала Алексей РОДИОНОВ есейіп, отбасын құрды... Алған жарақатының пышақсыз кесіп жатқандай жанына батып жүргеніне екі жылдай болды. Міне, оның әңгімесі.

ҚАҚПА ОРНЫНА КІРПІШ

Әлі есімде, бастауыш сыныпта оқып жүргенімде тезірек аулада балалармен доп ойнау үшін соңғы сабақтың қоңырауы қашан соғады екен деп шыдамсыздана күтетінмін. Қақпаның орнын алмастырған төрт кірпіш тас қойылған алаңда кешкі уақытымызды өткізетін едік. Тоғыз жасымда досым мені футбол секциясына шақырды. Бастапқыда жай ғана барып жүрдім, кейін футболға деген құштарлығым артты.

БОЛМАШЫ ӨТІРІК

Сол кезде 93-ші жылғы балаларды жаттықтырып жүрген Тимур Нығметоллаұлына бардым. Мен бір жасқа кіші едім, бірақ қалыспауға тырыстым. Айтпақшы, бапкерім менің жасым кіші екенін көпке дейін білмеді. Менің кішкентай ғана өтірігім Шымкентке сайысқа барар кезде ашылып қалды. Билет сатып алу үшін туу туралы куәлік қажет болды, сол кезде қорқып кетіп, жаттығуға бармай қойдым. Әлі бала едім. Бірақ бір күні біреу қоңырау шалып, анамның сөзінен оның Тимур Нығметоллаұлы екенін түсіндім. Көзіме жас толып: «Мама, айтып қоймашы!» дедім. Бірақ қорқынышты ештеңе болған жоқ, анам сабырлы түрде бапкеріме менің қорқынышым туралы түсіндірді. Бапкерім мені кешірді. Оның үстіне, менің көрсеткіштерім жақсы болатын және мені болашағынан үміт күтуге болатын бала деп есептейтін. Ал Шымкенттегі сайыстардан турнирдің үздік шабуылшысы жүлдесін алдым. Әрі қарай шабуылдаушы сапта ойнадым.



5 СЕКУНДТА 30 МЕТР  

Жаттығулар мектептегі оқуыма кедергі келтірмеді. Әрине, дене шынықтыру пәні менің сүйікті сабағым болатын. Ұстазым үшін ең ыждағаты шәкірт болған шығармын. Отыз метрлік қашықтықты 5 секундта жүгіріп өткен кезімде оның таң қалған түрі әлі күнге дейін көз алдымда.


БАҚЫТТЫ ЖАҒДАЙ

Тоғызыншы сыныптың орталарында Алматыға жарысқа бардық. Сол кезде бразилиялық Сан-Паулу қаласына үшжылдық футбол курсына іріктеу жүріп жатты. Бізге түрлі сынақтар тапсыртып, соққы мен пастың дәлдігін тексерді, жалпы алаңдағы іс-қимылымызға бақылау жасады. Қазақстаннан 26 баланы іріктеп алды, ішінде Атыраудан жалғыз мен бармын. Бұған дейін ата-аналарымызбен Мәскеуде білім алу перспективасын талқылаған едік, мен ЦСКА құрылымына ілігуді армандадым. Бірақ бұл жағдай жоспарымызды күрт өзгертті. Оған қоса, күмәнді болдым, ұзақ ойландым, ал туыстарым кеңес беріп, көңілімді көншітті. Ақырында жолға жиналып, Сан-Паулуға ұшып кеттім.


КЕРЕМЕТ МЕРЕКЕ

«Оле Бразил» академиясындағы алғашқы жылы португал тілін үйренуге күш салдық. Мен оны тез меңгеріп алдым, соңында 90% үйреніп шықтым. Бұл кейін Атырауда аудармашы оқуын бітіруіме көмектесті. Кейінгі жылдары Бразилияда алаңдағы сабақтардан басқа математика, әлем тарихы, география, физика және бірнеше шет тілдерін оқыдық. Аптасына алты күн оқитынбыз, ал демалыс күндері Сан-Паулуды аралауға шығатынбыз. Ол көлікпен жүргенде базадан он бес минут қашықтықта орналасқані. Наурыз бен желтоқсан аралығында сабақ оқыдық, ал қысқы каникулда үйімізге баратынбыз.

Бразилиялықтардың өмірі футболмен біте қайнасқан, олар үшін бұл дін секілді. Ел құрамасы ойнаған кезде, бүкіл ел болып демалыс алады, аптаның қай күні екені маңызды емес. Матч қарау үшін үйлерін безендіріп, туыстары мен достарын шақырады. Сөйтіп, бұл кәдімгідей керемет мерекеге айналады.


«БРАЗИЛЬЧИК, ҚОЛЫҢНАН НЕ КЕЛЕТІНІН КӨРСЕТШІ»

Сан-Паулудағы оқуымды бітіріп, Атырауыма оралдым. «Атырау» футбол клубымен 3 жылдық келісімшартқа отырдым. Әрине, Бразилияда көп нәрсені үйрендім: дене бітітім шынығып, техниканы жақсы игердім, бастысы – тек алаңда ғана емес, жалпы ойлау қабілеті пайда болды. Денсаулығымды және өмір салтымды мұқият қадағалай бастадым. Ойында бүкіл жауапкершілікті өзіме алуды тоқтаттым, өйткені мен алаңда жалғыз еместігімді түсіндім, ең алдымен - біз командамыз. Көпшілігі «бразильчик, ана жақтан не үйреніп келгеніңді көрсет» деп қағытып сөйлейтін. Бірақ мен мұны көңіліме алмадым. Қосалқы құрамада көп ойнадым, негізгі құрамада да бірнеше матч өткіздім. Тіпті, еліміздің жастар құрамасында Достастық кубогына қатыстым.

Біраз уақыттан кейін матчтардың бірінде тепе-теңдік үшін маңызды бесінші табан сүйегінен зақым алдым. Әрі қарай Киевте сәтті ота жасатып, гипс салдырып, балдақпен жүрдім. Жарты жылдай футболдан шет қалдым.


БАСҚА ЗАҚЫМ АЛДЫМ

«Атырауда» үш жыл ойнағаннан кейін менің агентім қоңырау шалып, «Астанаға» байқауға келуді ұсынды. Байқау ойдағыдай өтіп, маусым алдындағы қысқы трансферлік «терезе» кезінде астаналық клубпен екі жылға келісімшарт жасадым.  

ҚР Суперкубогы үшін жеңісті матчқа қатыстым, кейін чемпионатта бірнеше матч өткіздім. Бірақ... қайтадан ауыр жарақат алдым. Ол әлі күнге дейін сыр беріп қояды. Бұл жаттығу кезінде орын алды.  Кенеттен денем сықыр етіп, өткір ауырсыну сезіндім, бес секундтай уақыттан кейін басылды. Бұған мән бермей, дәрігерге қарала қоймадым. Бірақ бірнеше күн өткеннен кейін қатты ауырсыну қайта басталып, кетпей қойды. Аяқпен тұрудың өзі жаныма батты. Рентген тағы да бесінші табан сүйегінің сынығын көрсетті, бірақ басқа аяғымда еді. Ота жасалды. Дәрігерлер бәрі жақсы екенін, көп ұзамай сауығып кететінімді айтты. Алғашқы тәжірибемнен білетінімдей, олар секілді оптимист бола алмадым, бірақ бәрібір мені жаттығуға, ойнауға мәжүрледі.


СҮЙЕК БІТІСІП КЕТПЕДІ

Уақыт өтті, аяғымның ауырғанына қарамастан ойнауды жалғастырдым. Кезекті МРТ-дан кейін дәрігерлер сүйектің бітіспей тұрғанын, тағы бір ота жасау керектігін айтты. Екінші «тозақ шеңберінде» жамбас сүйегімнен сүйек тінін алып, аяғыма тікті, өйткені сынған жердегі жарық үлкен болатын.

Тағы да гипс салдырып, балдақпен жүріп, спорттық өмірден тыс қалдым. Достарым мен туыстарым мені бұл таяқсыз қабылдай алмады, ал мен оларды қоқысқа лақтырып тастауды армандадым. Еңсем түсті – шынымен де сүйікті мамандығыма нүкте қоятын уақыт келді ме? Күнде ашуымды әйелімнен, туыстарым мен достарымнан алатынмын. Уақыт өтіп жатты, ал жарақатым жазылып кете қоймады. Сынған жердің орнынан сүйек мүйізгегі пайда бола бастады. Мені әлденеше рет Германияға емдеуге жіберуге уәде етті, бірақ жаралы жауынгер кімге керек?


ҮМІТ КИЕВКЕ ДЕ АПАРДЫ

Жігерімді қайрап, алғашқыда Украинада маған ойдағыдай ота жасаған дәрігердің байланыс деректерін табуды ұйғардым. Сол кезде ол жақта Еуромайдан болып жатқан, бірақ сол дәрігермен байланысудың сәті түсіп, ота жасатуға жолға шықтым. Менің Киевтегі құтқарушым маған отанымда қалай «ота жасағанына» қатты қайран қалды.

Аяғым ұзақ уақыт жазылып болмады, үнемі ауырсыну мен қолайсыздық сезіндім. Рентген кабинеттерінің табалдырықтарын тоздырдым, түрлі жаттығулар орындап, Ақтөбеге физиотерапияға бардым. Қазір ауырсынуым кете бастады. Қайтадан өзім сүйген ісіммен айналыссам деген үмітім оянды. Үмітпен бірге бәрібір қолымнан келмес деген қорқыныш та қатар жүреді. Күн сайын жаттығып, отбасыма алаңдап, бұл қорқынышты жеңуге тырысып жүрмін. Қатарға қосылатыныма, ұлым әкесінің футбол алаңында еліміздің намысын қорғап жүргенін әлі-ақ көретініне сенемін.


Жазып алған Анастасия АЛЮШИНА

Сурет А. Родионовтың мұрағатынан алынды

18 желтоқсан 2017, 01:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.