Атырауда темір сатып алу туралы хабарландырулар көп кездеседі. Сонымен қатар қара және түрлі-түсті металл сынықтарын ұрлаушылардың ұсталғаны жөнінде хабарлар шығып жатады. Әсіресе тұрғын үйлердегі лифт кабельдері мен зират қоршауларын ұрлағандарға адамдар наразы. Атырау облыстық ІІД баспасөз-хатшысы Назымгүл ҚАЙСАҒАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, облысымызда жыл басынан бері металл ұрлау бойынша 27 қылмыс ашылған. «АЖ» тілшісі темір тапсырушының кейпіне еніп, қаладағы металл қабылдайтын нүктелерді аралап шыққан еді.
Аңыз бойынша менің екі жүк көлігіне тиелген түрлі темір қоршауым болды, тез тапсыруым қажет. Алдымен Құрманғазы көшесіндегі жеке меншік үйге бардым. Есік алдынан Нәби есімді өзбек жігіт қарсы алды:
- Темірдің келісін 40 теңгеден аламын. Әр қайсының шіріген-шірімегенін тексеріп аламын. Көліктен өзің түсіресің, таразыға өзің саласың.
- Тапсырған кезде менің құжаттарым керек пе?
- Жоқ, ұрлап алмаған боларсың. Түрің мейірімді жігітке ұқсайды.
- Сонда түрге қарап аласың ба?
- Енді түрің ұрыға ұқсамайды. Егерде күдікті болса жеке куәлігінді суретке түсіріп аламыз. Кейін темірің ұрланған болып шықса, полицияға сенің тапсырғаныңды айтамын.
- Кімнің қандай металл тапсырғанын қайдан білесің?
- М-м-м... Білеміз ғой.
Мен жан-жағыма қарадым, бейнебақылау да орнатылмаған. Жеке куәлікті суретке түсіріп алса да, кімнің қай металды өткізгенін анықтай алмасы анық.
Келесі нүктеміз - Атырау мөлтек ауданына келдік. Үлкен шарбақтың ішіндегі жұпыны үйден жас өзбек баласы Мұхамбет шықты:
- Металым бар еді. Тезірек өткізуіміз керек.
- Неше тонна болады? Қазір қабылдап алайын. Егер көп болса біздің базаға апарасыз.
-Базаларың қай жерде?
- Алдымен тауарыңды көрсет.
- Қаншадан аласың?
- Темір болса килограмы- 40 теңге, жезді- 1500 теңгеден қабылдаймыз.
- Е-е-е, арзан ғой.
- Жақын маңдағы темір қабылдайтындардың барлығы біздің «братанға» тапсырады. Ал біз осы жердегі бірінші нүктеміз. Сол себепті 45 теңгеге ала алмын.
- Темір менікі емес, бір жерден алып едік...
- Өй, әкеле бер. Кім тексереді дейсің. Тезірек тапсыр да, ақшаңды санап ал.
Бұл да құжат сұрамайтын болып шықты. Тағы да бірнеше темір қабылдайтын нүктелерді барғанымызда, дәл осы жағдай.
Бұл саудаға заң не дейді? Атырау облыстық Экология Департаменті: «Металды жеке тұрғын үйдің аумағында қабылдауға болмайды. Жеке өндірістік базасы болуы керек және сол база толығымен қоршалған, жүк көліктері еркін кіріп-шығу үшін бетон төселуі керек. Темір топырақ үстінде жатпауы тиіс. Реактивті заттарды анықтау үшін үнемі мамандарды шақырып тұру қажет. Тұрғындардан шағым түссе прокуратурадан нұсқама алғаннан кейін барып, тексере аламыз.
Атырау қалалық Мемлекеттік кірістер Департаментінің бөлім басшысы Сержан ЕСЕНҒАЛИЕВ: «Бізге жеке тұрғындар жеке кәсіпкер болып тіркелгенде жеке кәсіпкерлікті нақты қандай мақсатпен ашып, немен айналысатын сұрауға біздің құқымыз жоқ. Сол себепті қандай кәсіпкердің металл қабылдаумен айналысып жатқандарын білмейміз. Рейд кезінде ғана анықтай аламыз.
Ал облыстық кеден департаменті металдарды республика аумағынан шығару үшін лицензия керектігін айтты. Соңғы кездері біздің алыпсатарлар Шымкентте қытайлықтар салған зауытқа тапсырады екен. Сонымен қатар көрші Астраханьда заңды түрде тіркеліп, металл қабылдайтын 11 кәсіпорын тіркелген.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор