Біз Атырау көшелеріндегі кездейсоқ жүргіншілерге: «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі қашан қабылданды, оны бірінші болып қай ел мойындады, қай жылы және қандай мемлекеттік рәсміздер қабылданды?» деген қарапайым сұрақтарға жауап беруді өтінген едік.
Қала тұрғындары мен қонақтары үшінші сұрақтан мүдіріп қалды. Біздің микрофонымыз бен камерамызды көрген жастар жылдам қадамдай басып, телефондары қоңырау шалғандай түр танытты. Бейне бір өз елінің тарихы туралы блиц-емтиханнан қашқан секілді. Таксиден енді ғана түскен қызбен тілдесудің сәті түсті:
- Тәуелсіздік қашан қабылданды?
- 1991 жылы.
- Мемлекеттік рәміздерді айтып беріңізші.
- Ту, Әнұран, Елтаңба, – деп сеніммен жауап берді қыз.
- Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін ең бірінші қай ел мойындады?
- Түркия, – деп барлық сұрақтарға тез-тез әрі дұрыс жауап берген бейтаныс қыз имене жымиды.
Анастасия АЛЮШИНА
Бейнежазбаны түсірген Марат ТАКУЛИН