Қазір бірнеше миллионды үнемдеп арзан бағаға үй, жер телімін алғысы келетіндер, «жақсы» жерге жұмысқа тұрғысы келетіндер көп. Осындай армандарына жету үшін «көмектесемін» деген бейтанысқа қыруар қаржыны ұстата салатын ақкөңіл адамдар да аз емес.
АҚША ДА, ЖҰМЫС ТА ЖОҚ
Шілде айында маған жұмысқа кіргіземін деп бір әйел қоңырау шалған болатын. Сол кезде әлгі әйелдің әңгімесін толық тыңдап, ақша беруден бас тартқан едім. Сөйтсем дәл сондай әңгімені өзге де қала тұрғындарына айтып, сан соқтырыпты. Жақсы жерге жұмысқа тұрғызамын деп алданып қалғандардың бірі - Қыдыр ӘЛІБЕК өз оқиғасымен бөлісті:
- Жазда жұмыссыз жүрмін. Сосын туысым соғып, бір әйелге ақша бергенін, ол оны «ҚазМұнайГазға» мұнай таситын көлікке жүргізуіші қылып жұмысқа орналастыратынын айтты. Табысы мол болғандықтан, онымен кездестеруді өтіндім. Қаланың шетінде тұратын үйіне барып, 25 мың теңге мен түйіндемемді бердім. Шілде айының басында жаңа ауысым басталатынын айтып, күтуімді өтінді. Ол 50 мың сұрады, ақша жоқ екенін айтқанымда жартысын қазір, қалғанын алғашқы жалақы түскесін беруге келісті. Содан бері 5 ай өтті. Жұмыс та жоқ, ақша да жоқ. Сотқа берейін десем, 7 баланың анасы. Тек мені емес, тағы да бірнеше кісіне алдап соғыпты. Олармен де сөйлестім, бәрі бесіктегі баласын аяп отыр.
ПӘТЕРДІҢ СУРЕТІ
Ал қала тұрғыны Вика АНДРЕЕВАНЫҢ оқиғасы тұрғын үймен байланысты:
- Ата- анаммен тұрудан шаршаған соң үй алғым келді. Жинаған 4 миллион теңгедей ақшам болды. Алдымен ипотекамен алғым келді. Бірақ пайызы ұнамады және өмір бойы қарызданғым келмеді. Бір күні сұлулық салонындағы құрбым бір әйел туралы айтты. Жанна есімді әйел бірнеше адамға арзан бағаға үй алып беріпті. Маған нөмірін берді, таныстық. Бір аптадан соң қолына 2 млн жарым теңгені санап бердім. Келесі күні қаладағы элиталы үйлерден үйдің терезесін көрсетті. Ішін көрсетуді өтінгенімде құрылыс жұмыстары әлі бітпегенін айтты. Қуаныштан болар, көп қыстамадым. Кейін 1 ай сөйлесіп жүрдік. Ол пәтер ішінің суреттерін жіберіп жүрді. Бір айдан соң пәтер 25 күннен кейін дайын болады, құжаттарын реттеуге 700 мың теңге керек деп менен тағы ақша алды. Пәтер алатын уақыт жақындағанда, жоқ болып кетті. Өзім іздедім, таба алмадым. Құқық қорғау органдарына шағым түсірдім, кейін ұсталды. Қаржыны жаратып үлгеріпті, бірақ кейін қайтардық. Сотталып кетті. Сонда анықтағанымыз үйлердің суреттерін пәтер сататын сайттардан ұрлап, жіберген. Тек мені емес, бірнеше адамдарды алдаған. Содан бері 5 жыл өтті. Қазір өз ақшама, адал жолмен үй сатып алдым.
АЙЫПКЕР МЕ, ЖӘБІРЛЕНУШІ МЕ?
Атырау облысы прокуратурасының мәліметінше, Атырау облысы жазасын өтеу мекемелерінде 70 әйел мен 15 ер адам жазасын өтеуде. Бәрінің қылмысы бір - 190 бап - «Алаяқтық».
Биылдың өзінде облысымызда алаяқтыққа қатысты 692 факт тіркеліп, оның 262-і сотқа жолданған. Бұл істердің арасында жұмысқа тұрғызамын, жер мен несие алып беремін деп алдап ақша алу жолымен жасалған алаяқтық іс-әрекеттер көп кездесіп отыр.
Алаяқтық іс-әрекет жасағандарға берілетін жаза да әр түрлі. Заңгерлердің айтуынша, егер күдікті өз кінәсін мойындап, келтірілген шығынды өтеуге келіссе, жеңіл шартты жаза беріледі, басқа жағдайларда бас бостандығынан айыру жазасы кесіледі. Мысалы қазір УГ-157/11 әйелдер колониясында жазасын өтеп жатырған «М» есімді азаматша алаяқтық қылмыс жасаған үшін 3 жыл 6 ай мерзімге сотталған. Бір қызығы осы азаматша «Алдау- зұлымдық, алдану- аңғырттық» атты алаяқтыққа қарсы әлеуметтік бейнероликке түскен.
Көптеген қала тұрғындары алаяққа алданып қалғандары жөнінде құқық қорғау органдарына арыздануға асықпайды. Бәрінің ойы бір: «ақша үшін бейшараны түрмеге отырғызбай- ақ қояйық» және «өзім ақша ұсынғасын, кейін мені де соттап жіберер». Заңгерлердің айтуынша, егер жәбірленуші лауазымды қызмет атқармайтын адамға ақша берсе, бұл пара берген болып есептелмейді, ал қызметтік мәртебесі бар тұлғаға ақша берсе, пара беруші жауапқа тартылады.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор