Атырау, 24 қараша 11:59
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қарт солдаттың тілегі

3 553 просмотра

Сапар ЖЕТПІСҚАЛИЕВ – Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің  бірі. Ол 1942 жылы Индер ауданы, Жарсуат селосынан майданға аттанды. Жаяу әскер дивизиясында болған жауынгер соғыста сан мәрте жарақат та алды. 1948 жылы ол аман-есен елге оралды.

2010 жылы Жеңістің 65 жылдығында Жарсуат ауылының әкімдігінен соғыс ардагерлерінің мұқтаждықтарын білуге мамандар келген. Сол кезде ардагер ақсақал қаладан пәтер сұрайды. Алайда, оған пәтердің орнына, қала маңындағы Томарлы ауылынан жер учаскесі бөлініпті. Қарияның күйеу баласы сол жерге времянка тұрғызады. Сөйтіп, майдангердің отбасы (ардагер және оның қызы, күйеу баласы, үш немересі) Жарсуаттағы үйлерін сатып, Томарлыға көшіп келді.

Ардагер Сапар ЖЕТПІСҚАЛИЕВ:

- Мен жүріп-тұруыма ыңғайлы болсын деген үмітпен қаладан бір пәтер сұрап едім. Алатын зейнетақым- 50 мың теңге. Дәрігерге қараламыз. Ауру-сырқау көбейді. Отбасым жақсы. Өзіме болысып жатыр. Күйеу балам да, қызым да, немерелерім де барынша көмектескісі келеді. Сыртқа шығуым қиын. Балаларым құлап қаласың, деп түнге қарай далаға шығармайды. Мен сияқты жәрдем сұрайтындар көп болар. Бірақ, мен осы уақытқа дейін көмекке мұқтаж болсам да, өзім сергек халімде ешкімнен ештеңе дәметпейтінмін. Ал қазір пәтерден жәрдем болса деймін.

Қарттың қызы Дана САПАРОВА:

- Әкемнің атындағы жер үйді қалаға көшетін болғасын сатып жібердік. Ол үй 1967 жылы салынған, өзі өте ескі болғандықтан арзан бағамен сатылды. Үйдің сатылып кеткендігіне қарамастан, қалалық әкімдіктен әкемнің атағында үйі бар деген жауап келіп тұр, - дейді.  

Ал күйеу баласы берілген жер учаскесінен уақытша баспананың қасына жайлы баспана тұрғызар едім, мардымсыз жалақыма бұл мүмкін емес дейді:

- Нағыз болмаса, қазір тұрып жатқан жерді қайтарып беріңдер, орнына пәтер береміз десе де келісер едік.       

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Марта НҰРҒАЛИЕВА мәселенің мәнісін былай деп түсіндіреді:

- Сапар Жетпісқалиев бізге пәтер алу кезегіне тұруға арыз жазған. Бірақ, біз арызданушының әуелі пәтерге мұқтаждығын қараймыз. Оның Жарсуат ауылында үйі бар. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң бойынша, біз үйін сатқан адамды бес жылдан соң ғана тіркей аламыз пәтер кезегіне. Сатылып кеткен үй өзінің иелігінде емес, біреудің атағында болса да. Үй иесі өзінің үйінде тұрақты бес жыл тұруы керек.

Яғни, 88 жастағы майдангерге үй кезегіне тұру үшін бес жыл күту керек болғаны ма? Осы сұраққа байланысты қалалық әкімдіктің заңгері Серік НЫСАНБАЕВ:

- Мен алдымен ол кісінің Жарсуаттағы үйінің құжаттарымен танысуым керек. Егер Жетпісқалиев мемлекеттен осы уақытқа дейін соғыс ардагері ретінде үй алмаған болса, бұл мәселе қала әкімінің деңгейінде қаралуы мүмкін,- дейді.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының 5 сәуірдегі мәліметі бойынша, облыста 176 соғыс ардагері (қалада – 114 болса, Жылыойда – 15, Индерде – 12, Исатайда – 2, Қызылқоғада – 4, Құрманғазыда – 11, Мақатта – 5, Махамбетте – 13 ардагер) тұрады.

 

Айнұр САПАРОВА,

Суретті түсірген автор

2 мамыр 2012, 18:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.