Атырау, 26 желтоқсан 19:11
 ашықВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Алматыдағы "Қарсылық жиынын" "жол полициясы" бақылады

2 174 просмотра

Бүгін, 28 сәуірде Алматыда оппозиция ұйымдастырған "Қарсылық жиыны" аяқталды. Алматыдағы Абай ескерткішінің қасында өткен шараға бірнеше жүз адам келген. Митингі басталар алдында Ермек Нарымбаевты полиция ұстап әкеткен. Шара соңында кезекті "Қарсылық жиыны" маусымның 2-сіне белгіленді.

Азаттық тілшісіне қоғамдық белсенді Айсұлу Қадырбаева оппозициялық "Қарсылық жиынына" келмекші болған саясаткер Жасарал Қуанышәлинді полиция қызметкерлері үйінен шығармай қойғанын айтты.

Митингіні арқасына "Жол полициясы" деп жазылған киім киген, қолдарына инспектор таяқтарын ұстаған полиция қызметкерлері бақылады. 

"ҚАМАУДАҒЫ МҰНАЙШЫЛАР БОСТАНДЫҚҚА ШЫҒАРЫЛСЫН"

Митингі басталар сәтте прокуратура қызметкерлері жиналған жұртқа дауыс зорайтқышпен митингінің заңсыз екенін айтып, тарап кетуді талап еткен. Алайда адамдар тарамай, белсенділер дауыс зорайтқышпен жұрт алдында сөйледі. Сөз алғандар бұл жиынға облыстардан да арнайы келген адамдардың бар екенін айтты. 

Өзін ЖСДП белсендісі деп таныстырған Тазабек Сәмбетбай "Қазақстанда заңдардың сақталмайтынын, конституцияны қоғамның өзі қорғау қажеттігін" айтса, зейнеткерлер Нұрсұлтан Назарбаевқа қарата "Алматыға келмейді, біздің жағдайымызды көрмейді" деген наразылықтарын білдіріп, зейнетақы мен жалақының көбейтуді және Жаңаөзенде халыққа оқ атылғанын айыптап, соттың әділ өтуін талап етті.

Сағат 12.30 шамасында митингіге көп шар алып келген адамға полиция кедергі жасамақ болды. Алайда ол бой бермей жұртқа жетіп,  билікке наразылар өздерінің қарсылықтарының белгісі ретінде аспанға шар ұшырды.  Митингіде "Қамаудағы мұнайшылар бостандыққа шығарылсын" деген ұран айтылды. 

Абай ескерткіші мағына келген наразылар "биліктің бассыздығына, кедейлік пен әділетсіздікке, коррупцияға қарсы шығып, саяси тұтқындарды босатуды, Жаңаөзен оқиғасы бойынша өтіп жатқан сотты тоқтатуды" талап етті.

"ФУРМАНОВ КӨШЕСІНІҢ ЖАҢАӨЗЕН АТАЛАТЫНЫНА СЕНЕМ" 

Алматыдағы "Қарсылық жиынында" "Руханият" партиясының бұрынғы төрағасы Серікжан Мәмбетәлин сөйледі.

Ол жиылған жұртқа митингіге Лондоннан келгенін хабарлап, биліктің "алдымен экономика, сосын саясат" деген стратегиясын сынады.

Ол жиылған жұртты Facebook-те құрылып жатқан "азаматтық үкіметке" қолдау көрсетуге шақырды.

Мәмбетәлин жиындағы сөзін "Алматыдағы қазіргі Фурманов атындағы көшенің кейін "Жаңаөзен" деп аталатынына сенем" деп аяқтады. 

Алматыдағы бүгінгі жиынның соңына қарай митингі резолюциясы қабылданды. Онда билікке бірнеше талап қойылған: қамауға алынған жаңаөзендік және шетпелік тұтқындарды азаттыққа шығару, саяси қуғынды тоқтату, Жезқазған жұмысшыларының мәселесін шешу ("Жезқазғанды екінші Жаңаөзенге айналдырмаймыз" деген ұран айтылған - ред.). Жиында келесі "Қарсылық митингісінің" маусымның 2-сіне белгіленгені хабарланды. 

Митингіден соң азаматтық белсенді Айгүл Кохаева мен суретші Қанат Ибрагимовты, жиыны - он шақты адамды полиция ұстап әкеткен. Бұл туралы Азаттық тілшісіне Айгүл Кохаева хабарлады.

Оның айтуынша, полиция оны, Қанат Ибрагимовты, жиында әуеге шар ұшырған бірнеше студентті -  жиыны он шақты адамды ұстаған. "Қазір Медеу аудандық ішкі істер басқармасындамыз" дейді ол.

АСТАНАДАҒЫ ҚАРА ТАҚТА
 
Ал Астанада бүгін сағат 11-де мемлекеттік рәміздер алаңына қоғамдық ұйымдардың жетекшілері мен жалпы саны отыз шақты адам келіп, 2011 жылы желтоқсан 16-сы мен 17-сі Жаңаөзен мен Шетпе оқиғасында қайтыс болғандарды бір минут еске алып, гүл шоқтарын қойды.

Жиналғандар алдына шығып сөз сөйлеген Желтоқсан көтерілісіне қатысушылар Жаңаөзенде қайтыс болған адамдардың тізімі жазылған қара тақта ала келіпті.
Олар «Мрамордан жасалған бұл қара тақта еліміздегі саяси қуғын сүргіннің соңғы белгісі болсын - осымен бітсін, қаралы ақтаңдақтар тастай қатсын» деген пікір білдірді.

Белсенділер қара тақтаны Астана қаласынан алпыс шақырым жердегі Алжир саяси қуғын сүргін мұражайына қоюға алып барды. Бірақ Азаттық тілшісі мұражай қызметкерлері "мекемеде жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын" айтып, ескерткіш тақтаны кіргізбей қойғанын хабарлады.  



"ҚАРСЫЛЫҚ ЖИЫНЫ" ҚАРСАҢЫНДА ЖАЛҒАН АҚПАРАТ ТАРАДЫ

Оппозиция белсендісі Ермұрат Бәпидің айтуынша, "кешелі-бүгін интернеттегі әлеуметтік желіден оның атынан "наразылық митингісі болмайды" деген жалған ақпарат тараған". Оппозиция белсендісі:

 - Ол менің аккаунтым емес, менің атымнан жұртты шатастыру үшін басқа біреулер ақпарат таратып отыр. Өзімнің болжамым бойынша, Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік қызметінің (ҰҚК) ішінен электронды құпия қызмет ашылған, жалған ақпарды солар таратып отыр деп ойлаймын, - деді.
​​
Сәуірдің 28-іне дейін Қарағандыда "Шалқыма" концерт залында коррупцияға қарсы сенбілік өтетіні хабарланған болатын. Наразылық акциялары Қостанай, Семей, Өскемен, Орал, Қызылорда, Павлодар, Шымкент, Ақтөбе және Талдықорған қалаларында да өтеді деп жоспарланған.

Осы апта бойы жер-жердегі оппозиция белсенділері митингіге бармау туралы прокуратура ескертулерін алған. 

Мұның алдындағы "Қарсылық жиыны" наурыздың 24-і Жаңаөзен оқиғасының 100 күндігіне орай жеті қалада: Алматы, Астана, Атырау, Ақтөбе, Жаңаөзен, Орал, Шымкентте ұйымдастырылды. Ақпанның соңғы сенбісінде өткен шерулерде де үкіметке наразы пікірлер мен "Назарбаев, кет" деген сөздер айтылды. Белсенділер әкімшілік жазаға тартылды.  

Алғаш қаңтардың 28-інде өткен "Қарсылық жиынын" 2012 жылғы қаңтардың 15-інде өткен парламент сайлауының нәтижесіне наразылық танытқан "Азат" ЖСДП ұйымдастырды. Онда да белсенділерге әкімшілік жаза берілген еді. Қазақстанның ірі қалаларында әр айдың соңғы сенбісінде митингілер мен наразылық акциялары өтіп келеді.

Азаттық радиосы Алматыда болатын митингіден тікелей твиттер-трансляция жүргізіп, хабарлап отырады.

Дереккөз: Азаттық радиосы

 

28 сәуір 2012, 15:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.