Атырау, 29 қараша 05:55
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Тәжік олигархы тұтқындалды

1 698 просмотра


Тәжікстанда ірі мақта өңдеу, тігін кәсіпорындарының қожайыны тұтқындалды. Олигархқа коммерциялық банктен алған 15 миллион доллар несиені қайтармады деп айып тағылған.

Тәжікстанда "Олими Каримзод" компаниясының басшысы һәм "Олим Текстайлз" тігін фабрикасының қожайыны Джамшед Абдулов тұтқындалды. Оған "Тоджпромбанкке" 15 миллион доллар несиені қайтармады" деген айып тағылған.

Джамшед Абдуловтың қамауға алынғанын Азаттықтың Тәжік қызметіне бірнеше дереккөз хабарлады.

Жергілікті қауіпсіздік қызметі әзірге олигархтың ұсталғаны туралы баспасөзге ақпарат берген жоқ. Азаттық дерегінше, Абдулов Душанбе қаласының Фердауси ауданындағы уақытша қамау абақтыларының бірінде отыр.

"Олими Каримзод" компаниясының басшысы "Тоджиксодиротбанктен" жақында ғана 4 миллион доллар көлемінде несие алған. Кәсіпкер қамалған бетте ол қаражат банкке кері қайтарылған.

Джамшед Абдуловты Тәжікстанның вице-премьері Давлетали Саидов "Тоджпромбанктің" бір топ клиентімен кездескен соң тұтқындаған.

Азаттықтың Тәжік қызметінің анықтауынша, Джамшед Абдуловты Тәжікстанның вице-премьері Давлетали Саидов "Тоджпромбанктің" бір топ клиентімен кездескен соң тұтқындаған. Лицензиясынан айырылған банктің салымшылары вице-премьерге "бірнеше олигарх миллиондап алған несиелерін қаржы мекемесіне қайтармағандықтан, салған ақшаларын кері ала алмай отырғандарын" айтып шағынған. Ол олигархтар арасында Джамшед Абдуловтың аты аталған делінеді.

Биыл ақпан айында Тәжікстанның Ұлттық банкі елдегі "проблемалы" банктер аталған - "Тоджпромбанк" пен "Фононбанктің" лицензияларын кері қайтарып алған еді. 2015 жылғы Тәжікстандағы банктер дағдарысы кезінде - "Тоджиксодиротбанк", "Агроинвестбанк", "Тоджпромбанк", "Фононбанк" сияқты төрт ірі банк салымшылары мен серіктестері алдындағы қарызды жаба алмай қалған. Былтыр желтоқсанда осы қаржы мекемелерін банкроттықтан құтқару үшін Тәжікстан үкіметі 3 миллиард 850 миллион сомониден астам қаражат бөлген. Қаржы министрлігі осы сомаға мемлекеттік құнды қағаздар шығарып, оны төрт коммерциялық ірі банкті капиталдандыруға жұмсайтынын хабарлаған.

Алайда қаржы дағдарысын жеңуге бұл шаралар да жеткіліксіз болып, екі банк - "Тоджпромбанк" пен "Фононбанк" лицензияларынан айырылған еді.

"Олим Текстайлз" жабық акционерлік қоғамы Мастчох ауданының Такели елдімекенінде 2010 жылы Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмонның қатысуымен ашылған компания. Оған дейін тәжік президенті жылына бес мың тонна мақта өңдей алатын үлкен комбинатты осы аймақтан ашуды тапсырған. "Олим Текстайлз" фабрикасына құрылғылар Textima, Trutzschler, Schlafhorst full option, Uster сияқты әлемдік брендтерден арнайы алдырылды. Кәсіпорын өздерінің мақта тазалау өндірістерінен тек жергілікті шикізатты ғана қабылдайды.

Соғды облысының салық басқармасы былтыр "Олим Текстайлз" мемлекеттен біршама салықтық жеңілдік алса да, 19 миллион сомониден астам қарыз болып қалғанын хабарлады.

Джамшед Абдулов - 1991-92 жылдары Тәжікстан президенті болған Рахмон Набиевтің президент әкімшілігін басқарған саясаткер һәм ғалым Карим Абдуловтың баласы. Джамшед Абдуловтың төрт баласы бар, отбасы Дубайда тұрады.

Дереккөз: azattyq.org


12 желтоқсан 2017, 14:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.