Атырау, 26 қараша 18:31
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Қыстақтар қысқа дайын

5 954 просмотра


Ел арасында түрлі болжамдар болса да, байырғы малшылар биылғы жылдың қысы жайлы болады деп отыр. Дегенмен, қыстақтарда қоныстанған малшылар әдеттегідей суық та қатал қысқа дайындалуда. Ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, Атырау облысында жем-шөп дайындау 101%-ға орындалып, 525 мың тонна шөп қыстақтарға жеткізілген.

Өткен жылға қарағанда бір орам шөптің бағасы Исатай, Индер аудандарында көтерілген. Бұл жаздағы аптап ыстықта жайылыс пен жайылымдық жерлердің көптеп өртенуі себеп болған.

- Осының салдарынан жылдағыға қарағанда ірі қара мен жылқылар қысқа арық түсуде. Енді оның қоңын көтеру мүмкін емес, кейбір адамдар қысты көтере алмайды деп малдарын сатуға көшкен,- дейді индерлік шаруалар.

- Биыл ірі сабақты шөп дайындағандар үшін облыс бюджетінен субсидия беру де басталып отыр. бұл малды асылдандыру жұмысымен айналысып отырғандар үшін тиесілі. Ал құрама жем қажетше Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай өңірлерінен тасымалданып жеткізілуде,-дейді облыстық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Мақсот МҰҚАНОВ.

Қыс түскелі Құрманғазы ауданына қарасты шалғайдағы Азғыр өңірлеріндегі қыстақтарды әкімдік жанынан шыққан комиссия аралап шықты. Ауданда жұмыс жасап тұрған 421-дей шаруа қожалығы болса, оның 60-шақтысы Сүйіндік, Үштаған, Балқұдық округтеріне тиесілі. Аудан әкімі Бибоз ШАЯХМЕТОВТЫҢ айтуынша, қар қалың түспегендіктен қатынаста кідіріс жоқ көрінеді. Дегенмен жол тазалайтын техникалар дайын.

- Мал әлі далада. Бұл кез шаруалар үшін қолайлы кезең. Негізі аудан бойынша 21 қыстақ бар, барлығы жолға жақын орналасқан. Ең алыс қыстақ 12 шақырым жерде ғана. Бұл тиімді, сонда да үнемі шаруалар жайымен хабардар болып отырамыз,-дейді Махамбет ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Олжас МЫРЗАБАЕВ.

Ал Жылыой ауданындағы малшылардың кейбірі орталықтан 110-120 шақырым қашықта орналасқан. Негізі аудан бойынша 112 қыстақ бар.

- Бұрқасынды күндері малшыларға жолға шықпауға, азық-түліктерін көптеп жинап алуға кеңес берілуде,- дейді Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Жәрдем АХМЕТОВ. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА 

12 желтоқсан 2017, 14:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.