Кеңес кезінде Бұқар ауылы (Сармайшағыл деп те атайды) Тайсойған сынақ полигонының аумағында орналасқан еді. Қазір жер тұрғындарға қайтарылды, алайда әзірге аумақтық-әкімшілік сипаттағы мәселелер шешімін тапқан жоқ.
Бұрын мұнда Жарсуат округіндегі совхоздың бір фермасы болған еді. Алайда кейіннен адамдар аудан орталығына жақын көшіп, мектеп те жабылды. Бүгінде осында қалған 14 үйде 60-тай адам қалған. Бір жақсысы, ауылда ауыз су мен газ құбыры бар. Ал өзекті мәселе – ауыл өздері қарасты Индер ауданы Жарсуат округінен 100 шақырым қашықта жатса, ал Қызылқоға ауданы Қарабау округіне 12 шақырым жерде ғана орналасқан.
- Қарттар жағы баяғыша Индер аудында қала беруді қаласа, ал жастар Қызылқоға ауданын қарағаны дұрыс деп есептейді. Бірақ шешімді облыс басшылығы шығаруы тиіс,-дейді Жарсуат округінің әкімі Әлифолла БАЛАХМЕТОВ.
Бүгінде ауыз су, газ, жарық төлемдерін бұқарлықтар Қарабау ауылына апарып төлеуде, өйткені барлық коммуникация сол жақтан тартылған. Алайда құжат мәселелерін реттеу үшін Жарсуатқа баруға тура келеді.
- Үйлеріміздің төлқұжаттары бар, бірақ жерге акті алуға мүмкіндігіміз жоқ. Шаруа қожалығын құрып, мал бағумен айналыса алмай отырмыз,- дейді Бұхар тұрғыны Бердімұрат ТӨЛЕУҒАЛИЕВ.
Индер ауданы әкімінің орынбасары Қайрат НҰРЛЫБАЕВТЫҢ айтуынша, полигоннан босаған жерді ресімдеу процесі аяқталғаннан кейін ауылды қай аумаққа жатқызу мәселесі де шешіледі.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА