Атырау, 26 желтоқсан 18:42
 ашықВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

«Тонаушылар» ұсталды

2 246 просмотра

Қала шетіндегі Томарлы селосының Қазпошта пошталық бөлімшесіне шабуыл жасады деп күдіктелген үшеу ұсталды.

Естеріңізге салсақ, 7 сәуірде бетперде киген тонаушылар тапаншамен қорқытып, бөлімшедегі қаптарды алып кеткен. Қаптың ішінде олар ойлағандай зейнетақы қаржылары емес, пошта құжаттамалары болыпты («Қызықтың көкесі» Томарлыда», ЖС №15 - санын қараңыз).

Үш жас жігіттің бәрі де Атырау қаласының тұрғындары. Томарлыға келген БМВ көлігі шабуыл жасаушылардың біріне тиесілі болған. Тонау оқиғасынан кейін көлік қожайыны көлігін сатып жіберіпті. Айтпақшы, полиция қызметкерлері қылмыскерлердің бірінші кездескен машинадан түсіріп алып, шабуыл жасау үшін БМВ-ға ілген нөмір белгісін де тауып алған.

ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира МҰХТАРОВАНЫҢ айтуынша, күдіктілер мойындау жауаптарын бере бастапты. Инкассаторлардың бірі ұрлыққа жөн сілтеген деген күдік бар.

179-баптың 2-тармағы бойынша («Қарақшылық») жолы болмаған жігіттер 5 жылдан 12 жылға дейін мүлкін тәркілеумен бірге, бас бостандығынан айыру жазасына жазалануы мүмкін.

Жүректілер жасқанбайды

Томарлы үшін бұл шабуыл «ғасыр қылмысына» айналды. Поштаға аяқ басқан жандардың бәрі бөлімше бастығы Жеміс ҚОСЖАНОВАҒА (суретте) жанашырлықпен «Аман қалдың ба, Жемісжан?» деп халін сұрап жатады.

Жемістің айтуынша, 9.40-та инкассаторлар зейнетақы ақшалары салынған қаптарды алып келген. Ал 5 минут өтпей жатып, тапаншамен қаруланған екеу баса көктеп кіріп: «Тонау, ешқайсысың қозғалмаңдар!» деп айқай салған. Мұндай талаптан кейін қалай қозғаларсың: зейнетақыларын күтіп тұрған 15-20 қария тапаншаны көргенде мелшиіп қозғалыссыз қалған (куәгерлер енді мұның қолдан жасалған тапанша екендігіне сенімді).

– Сол кезде мен қаптың аузын ашып, ақшаны санай бастаған едім. Бір жақсысы, оны тіземе қойып отырған болатынмын. Айтылған сөздің мағынасы санама жеткен кезде, қапты үстелдің астына қарай тастай салып, аяғыммен жайлап қана түпкі бұрышына қарай ысырып жібердім. Содан соң: «Ақшам! Ақшам!» деп айқайлай бастадым. Біреуі менің оң жағымнан тапаншасын маған кезенді, екіншісі есік алдында әлдебір ер адамның самайына тапаншасының аузын тақап тұрды.

Шабуыл жасаушы Жемістің жіберуге дайындап қойған бланктік есеп құжаттары салынған қоңыр қапқа жабысқан. Кейін қарай шегініп, тапаншаларын түсірмеген күйі олар поштадан шығып, тосып тұрған көлікке мініп кетіп қалған. 10 минуттан кейін поселкелік полиция, тағы бір 10 минуттан соң қаладан полицей қызметкерлері жеткен.

Қырағы куәгерлер көліктің маркасын, түсін және тіпті нөмір белгісін айтып береді. Олардың суреттеуі бойынша, қарақшылардың қаланың жас жігіттері болғаны сөзсіз.

Ал Жеміс жұмыс орнында бір өзі жұмысын жалғастыруда: оны алмастыратын адам жоқ екен, сондықтан басынан өткен жағдайға қарамастан ол бір күн де демалыс ала алмапты.

- Үйдегілер жұмысқа енді қорқынышпен шығарып салатын болды. Оның үстіне әлі өз-өзіме келген жоқпын. «Жедел жәрдем» шақырып, сырқатыма байланысты күн алуым керек еді, - дейді қапаланған Жеміс, жүрегін ұстап. Оның өз денсаулығы үшін мазасызданып отырғаны байқалады. «Жұмыс орнындағы батырлығы» туралы айтқан қошеметті ол қабыл алмады:

- Бұл қариялардың ақшасы ғой, онсыз қариялар не істемек?

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті түсірген автор

25 сәуір 2012, 21:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.