АҚШ Иерусалимді Израиль астанасы ретінде мойындағаннан кейін, палестиналықтардың жаппай қарсылық шарасы басталды. Демонстарция сонымен бірге Хеврон, Вифлеем және Иордан өзеніндегі Батыс жағалауында да өтіп жатыр. Израиль полициясы бұл аймақтарға қосымша әскерін жіберді, деп хабарлайды Вaq.kz ақпарат агенттігі Азаттыққа сілтеме жасап.
Палестина тұрғындары Израиль полициясына қарсы тас лақтырып жатыр. Тәртіп сақшылары жауап ретінде көзден жас ағызатын газ, резінке оқтар қолданды. Reuters агенттігінің мәлімдеуінше, тәртіпсіздік кезінде 30-дан астам адам жараланды.
Палестиналықтар наразылық акциясын кеше жариялады. Көптеген мектеп пен дүкен жабылды. ХАМАС радикалды тобының лидері Исмаил Хания Палестина халқын жаппай көтеріліске шақырды. Ол жұма күнін "басып алуға қарсы көтеріліс күні" деп жариялады.
Айта кетейік, Естеріңізге сала кетсек, сәрсенбі күні Ақ Үйде Трамп АҚШ-тың Иерусалимді Израиль астанасы деп танитынын мәлімдеген болатын. Трамп шешімі араб елдердің сынына қалды. БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі АҚШ-тың Иерусалимге қатысты ұстанымын жұма күні талқылайды. Трамп болса, өзінің шешімін "шындықты айту" деді.
1995 жылы АҚШ Конгресі Израильдегі Америка елшілігін Иерусалимге көшіру туралы заң қабылдаған. Бірақ қаланың мәртебесіне байланысты жанжалдан кейін дипмиссия Тель-Авивте қалған.
Дереккөз: baq.kz