6 желтоқсанда Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВ жақын арада «Ембімұнайгаз» АҚ-на әлеуметтік саясат жөніндегі басқарушы директор болып тағайындалған Сәлімжан НАҚПАЕВТЫҢ орнына келген жаңа орынбасары Нұрсәуле САЙЛАУОВАНЫ таныстырды.
Әкім Нақпаевқа атқарған жұмыстары үшін алғыс білдіріп, жұмысына табыстар тіледі. Сайлауова әлеуметтік мәселелер блогына жетекшілік ететін болады. Бұл сала үшін осы күнге дейін әкімнің басқа орынбасары Әлібек НӘУТИЕВ жауапты болатын. Оған енді Нақпаевтың орнына ауыл шаруашылығы саласына бақылау жасау тапсырылды.
Атырау облысының тумасы Сайлауованың педагогика саласында екі жоғарғы білімі бар, халықаралық «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты. Педагогика ғылымдарының докторы, ҚР ПҒА академигі бастапқыда аспирант болды, Алматы қаласында мектеп психологы болып жұмыс жасады, Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетінде түрлі лауазымдар атқарды. 2008-2014 жылдары Х. Досмұхамедов атындағы АМУ-де еңбек етті, содан кейін Атырау қалалық әкімдігінде білім беру бөліміне басшылық етті. 2015 жылдан бастап Атырау облысы білім басқармасының басшысы лауазымын атқарды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суреттерді түсірген Марат ТАКУЛИН