Атырау, 9 қараша 18:03
 ашықВ Атырау +4
$ 491.71
€ 529.97
₽ 5.05

Қаржы инспекторымен әңгіме

1 770 просмотра

Облыстық Салық департаментінде кәсіпкерлік мәселесі жөнінде Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы болып өтті.

МИНИСТРЛЕРДЕН СӘЛ СЫПАЙЫ

Алдымен облыстық Кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының төрайымы Әлия БЕКҚОЖИЕВА азғана бережақ сома салдарынан есеп-шоттың жабылуы, ұзын-сонар кезек, салық қызметкерлерінің дөрекілігі мен біліксіздігі секілді өзекті мәселелерді мәлім етті.

- Біздің инспекторларымыз өздерін министрлерден  кем  ұстамайды дегенді естіп жүрміз. Кейбіреулері осындай қылықтары үшін жазаларын алды, - дейді департамент бастығы Асқар ТЫНЫСБЕКОВ.

Атырау қалалық салық басқармасының бастығы Нұржан БАЙҒАЗИЕВ қатысушылардың қаперіне салық бережағы кем дегенде 6 АЕК болған кезде шоттың жабылатынын, ал әлеуметтік және зейнетақы жарналары бойынша берешек болған жағдайда мұндай шектеулердің қойылмайтындығын жеткізді.

 

СӨЗ БЕН ХРОНОМЕТР КҮШІ

Салық департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасының бастығы Ербол ЖҰМАБЕКОВТІҢ айтуынша, жыл басынан бері дара кәсіпкерлермен көптеген түсіндіру әңгімелері жүргізіліпті. Бұл әңгімелерден нәтиже шыққан. Мәселен, сауда үйлерінен жалға орындар алатын 52 дара кәсіпкер қосымша 89 млн теңгені декларациялапты. Атап айтқанда, «Өнерпаз» бойынша 27,5 млн теңге, «Насиха» бойынша 29 млн теңге, «Атырау» сауда-ойын сауық орталығы бойынша – 20 млн теңге шамасында.

Атырау тамақтану орындарының табыстарын қаншалықты төмен етіп көрсететіндігі туралы білу қызықты болды. Мәселен, есеп бойынша «Терем у Гаджи» мейрамханасы күн сайын 64,8 мың теңге көлемінде табыс алып отырған, ал жалдамалы жұмысшылар саны 14 адамды құрайды. Хронометражды тексеру барысында орташа күндік табыс бұдан жоғары, ал жұмысшылар саны іс жүзінде 30 адам екендігі анықталды. Салық қызметкерлерінің айтуынша, хронометраж күндері күзет қызметі орындар болса да залға келушілерді өткізбеген.

 

КЕДЕНДЕГІ КІЛТИПАНДАР

Өткен жылдың 1 шілдесінде кедендік бекеттерді алып тастағаннан кейін, салық қызметкерлері Ресей мен Белоруссия елдерінен кім қандай мөлшерде нені әкеліп жатқандығы туралы ақпараттан бейхабар боп қалды. Ресейден әкелінетін импортқа қосымша құн салығын төлейтін дара кәсіпкерлер мен жеке тұлғалардың саны 2012 жылы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда тіпті азайып кеткен. Мәселен, өткен жылдың бірінші тоқсанында 3-4 млн теңге салық төлеген дара кәсіпкерлер көп. Ал биыл олардан көк тиын да түспеген. Демек, бұл бұрынғы бақылау жүйесінің жойылып, жаңа механизмнің әлі толық жолға қойылмағандығынан болып отыр. Сондықтан да, мәселен, мынадай жайттар орын алып жатады: таң атпай ертелетіп ресейлік фуралар «Дина» базарына көтерме бағамен тауарды түсіріп, кетіп қалады. Содан кейін біздің кәсіпкерлер арқылы ол бөлшек саудамен өткізіледі. Бұл жағдайда ешкім де - ресейлік те, жергілікті кәсіпкерлер де салық төлемейді.

- Базарлар мен сауда үйлерінің басшылары осы мәселені өз аумақтарында реттеуі керек, -деп есептейдіКедендік одақ шеңберіндегі жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасының бастығы Ақбота ТОЙБАЗАРОВА.  

- Ал бізге көмектеспейтін болсаңыздар, біз қайтадан базарларға шығып, күн сайын хронометраж жүргізетін боламыз, - деп қосып қойды А. Тынысбеков.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

25 сәуір 2012, 20:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.