2000-жылдардың ортасында алуан түрлі субмәдениеттер өркендеді. Панктер, эмо, готтар және басқа бейресмилер Атырауда да болды. Он жылдан соң бұл адамдардың қалай өзгергенін білгім келді. Қырқылған былғары курткалар, төсбелгілер және басқа да заттар әлі күнге дейін шкаф ішінде шаң басып жатыр ма, бұл туралы экс-бейресмилер әңгімелеп берді.
ЮЛЯ
Мұның бәрі жоғары сыныптарда ойлаудың өзіндік тәсіліне айналған рок-музыкаға деген сүйіспеншілігімнен басталды. Бесінші сыныпта оқып жүргенде бір жерден Земфираның әндері жазылған кассетаны сатып алдым, маған оның шығармашылығы қатты ұнайтын. Сәл өскеннен кейін әкемде шаң басып жатқан дискілер мен кассеталарға қызығушылық туды. Олар негізінен терең Deep purple, AC/DC, Kiss, Led zeppelin болатын. Оларды алғаш рет естігенде керемет еді. Сыныптастарым «Жұлдыздар фабрикасының» сүйкімді жігіттерін тыңдап жүрген кезде, мен драйв рок, хэви-метал мен панкты тыңдайтын едім.
Бірте-бірте өзім де, сыртқы келбетім де өзгере бастады. Бастапқыда өзімді панк ретінде көрсеттім, бірақ мен бар болғаны панк «екпіні» бар нәзік қана қыз едім. Ата-анам менің шектен тыс шығып кетпеуіме алаңдайтын. Ернімді екі жерден тестіріп, үйге барған кезімде, «көзімізге көрінбе» деп реніш білдірген еді. Бірақ ұзаққа бармас, өзі де кешікпей жалығып кетер деп, менің бұл әрекетіме мойынсұнды. Содан кейін шашымды «ирокез» стилімен қиып тастадым: айналадағылар ауыздарын ашып, таң қалатын. Өтіп бара жатқан кезде арқамнан күбірлескен сөздерді жиі еститінмін, бірақ бір қызығы, ешкімнің де жақындап келіп, ренжітетін сөз айтуға батылдары бармайтын. Келбетім үшін әзер тауып киетін киімімді де талқыға салатын. Бір киімді өзім тіксем, енді бірін Мәскеуден сатып алатынмын. Ол жақта осындай түрлі мәдениет жақсы дамыған еді.
Меніңше, өтпелі жас кезеңінде көп адамда ішкі қарсылық пен өзіндік «Мен» қасиетін сыртқа жария ету қажеттілігі туындайды. Менің «мен» дегенім басқа адамдарға ұқсағым келмейді, басқаларға ұқсас киім киіп, бәрі сияқты макияж бен шаш жасағым келмейді дегенді білдіретін. Жалпы, кірпіктерді қара бояумен бояған жақсы, ал шашты жасылмен бояу жаман деп кім айтты?
Көпшілікте, неліктен екені белгісіз, мен сияқты жастарды - бейәлеумет тұлғалар деп есептейтін стереотип қалыптасқан. Мен бұл пікірді сейілткім келеді. Түрлі субмәдениет пен ауыр музыкаға әуестік танытқан таныстарымның барлығы да интеллектуалды дамыған, оқу үлгерімі жақсы болатын. Бұл жерде вандализмнің иісі де жоқ. Керісінше, асфальтта өз ДНК іздерін қалдыратын адамдарда неғұрлым көп проблемалар болады деп ойлаймын.
Уақыт өте келе, есейдім. Әрине, пирсинг пен ирокезге орын болмаған ересек істер пайда болды. Бағыма қарай, өмірімде музыка үшін орын қалды – ол, дәлірек айтқанда, бүгінге дейін бар.
Қазір күйеуіммен бірге екі ұл баланы тәрбиелеудеміз. Сол екі мыңыншы жылдарды жылылықпен үнемі еске алып отырамын.
НАСТЯ
Шамамен 12 жылдай бұрын жасөспірімдерді қызықтыратын ақпаратты журналдар мен теледидардан оқып-көретінбіз. Ол кезде баламалы музыкасы бар музыкалық арна болды. Сол үшін ата-анамызды кабельді теледидар қосуға ұзақ уақыт көндіретін едік. Сүйікті музыкалық клиптерді сағаттап күтіп, ал жастар журналының жаңа нөмірін алу үшін дүңгіршектерге жүгіретінбіз. Біз алғанша өтіп кетер деп қорқатын едік. Бөлмемізге плакаттар, қиындылар жапсырып қоятынбыз. Анам Мерлин Менсон бейнеленген құрамалы постердің соңғы бөлігін жапсырған кезде қабырғаға есеңгіреп қараған еді. Айтпақшы, плакаттың биіктігі екі метр болатын.
Интернет пайда болғаннан кейін субмәдениет туралы көбірек біле бастадым. Өзімді эмо деп санайтынмын. Бірақ мен үшін бұл өмір салтынан гөрі стиль болатын. Қара-қызғылт киімдер, бантиктер, тікенекті сым темірлер араласқан белгішелер мен адам қаңқасының сұлбасы бар былғары білезіктер қатты ұнатын. Сәнді қызғылт юбка, қобыраған шаштағы кішкене тәж, қара қарындашпен қалың етіп сызылған көздер - адамдар маған тоқтап, бұрылып қарап, саусақтарымен түртіп көрсететін, бірақ маған бәрібір еді, өзімді кереметтей сезінетінмін.
Эмо келбеті керемет болу үшін, тиісінше, керемет киім қажет болды. Оны Атыраудан табу оңайға соқпады. Бір жақсысы, ата-анам шетелде болып, маған киімдер жіберіп тұрды. Ата-анам белгілі бір кезеңге дейін келбетіме жайбарақаттықпен төзе білді. Сол жылдары бұл эмо серпілісі болатын. Жасөспірім жастағы қыздар мен ұлдар қара-қызғылт киім киініп, бетінің жартысына дейін кекіл жіберіп қоятын. Бірақ менің ата-анамды бұл алаңдатпады. Эмо мәдениетін өз-өзіне қол жұмсауға бейім эмоционалды балалармен байланыстыратын. Жаңалықтарда туыстарымның үрейін ұшыратын өлімдер туралы хабарлар айтылып жататын. Депрессияға бейім емес екенімді жақсы білсе де, олар қатты алаңдайтын. Өзім ана болғаннан кейін, қазір оларды жақсы түсінемін.
Түрлі музыканы тыңдап, «эмо-кор» немесе «поп-панк» деп қарамайтынмын. Бұл, мысалы, The Used немесе Сплин, Placebo немесе Мумий Тролль болатын. Музыка мен үшін әрқашан маңызды нәрсе болды, сондықтан бүгінгі күнге дейін солай қалды.
Бұл жасөспірім кезеңде болды ғой. Көбіміз осы кезеңде өзімізді іздей бастаймыз деп ойлаймын. Бұл эксперименттер жасау үшін лайықты кезең, менде осы батылдықтың болғанына қуаныштымын.
Қазір өзім де анамын – ересек болмаса да, түрлі қылықтары бар ұлым өсіп келеді. Кезіндегі ата-анам секілді, оған да қысым жасамауға тырысамын.
Ең алдымен, жұмысыма байланысты фотосуретпен әуестенемін. Хобби жұмыс деуге болады. Еңбегімнің кішкентай жемісі өз студиям бар. Менің жұмысым, айтпақшы, сыртқы келбетпен таң қалдыруға әлі де мүмкіндік береді.
Тағы бір әуестігім - аспаздық. Мен тамақ дайындағанды қатты ұнатамын, мен үшін бұл медитация сияқты. Егер бос уақытым көп болса, бір кездері белсенді жүргізіліп тұрған аспаздық блогымды жиі толықтырар едім. Қазір әлеуметтік желілердегі парақшама түрлі тәтті тағамдарды жазылушыларымның тәбетін ашып, оқта-текте ғана орналастырып отырамын.
МИША
Мен әрдайым да басқалар үшін аздап әпенділеу, мәжнүн болдым, ылғи бірдеңе ойлап, әлдене іздеп жүремін. Отбасым музыканы қатты жақсы көргендіктен, бұл өзгешелік субмәдениетте айқын көрінді.
Менің сыртқы келбетім жетінші сыныптан бастап өзгере бастады. Сол кездің өзінде ұзын шашты едім, классикалық рок тыңдадым. Он бірінші сыныпта эмо субмәдениеті туралы білдім, мектепті тәмамдаған соң шашымды бояп тастадым. Ағам Астраханьдағы жоғарғы оқу орнында оқыды, мектептегі каникул күндері оған қонаққа баратынмын. Онда сыртқы келбеттері өзгеше қызық бейресмилердің көп екенін көріп, сол жаққа оқуға барғым келді. Ақырында, сол жаққа көшіп барып, керемет музыкалық топты тауып, олардың құрамында ойнай бастадым.
Бейресми келбетке жаңадан ене бастағанымда оны ұнатпайтын құрдастарымнан жиі «таяқ жейтінмін». Кәдімгі олар сияқты достарымды көмекке шақырып, есемді қайтаруыма болатын еді, бірақ менің проблемаларым тек маған ғана қатысты деп есептедім.
Ата-анам менің жаңа түрімді жайбарақат (сырттай солай болды ма) қабылдады. Бірақ қазір қалай киінгенімді, сөйлегенімді және не тыңдағанымды есіме түсірсем, ұяттан жерге кіріп кете жаздаймын.
Қазір мен қарапайым қызығушылықтары бар қарапайым жігіт болдым. Ұзақ уақыт бойы бармен болып, кейін жүйе технигі-инженер ретінде жұмыс істедім, ал қазір достарыммен киім дүкенін ашып жатырмын.
Дайындаған Анастасия АЛЮШИНА
Суреттер жеке мұрағаттардан алынды