Бұрын Индербор кентіндегі зират елдімекеннің шетінде еді, алайда кентте үйлер көбейіп, қорым тұрғын үйлердің арасында қалды. Сорақысы сол, зират маңы қоқыс орнына айналып, арасынан адам өтетін соқпақ жол пайда болды.
-Зиратты көшіру керек. Бұл жерге 60-жылдардан бері ешкімді жерлемейді. Адамдар қорықпай сол зираттағы мүрделердің үстінен әрлі-берлі өтеді. Ол жерде марқұмдар жатқан жоқ па?-дейді жергілікті тұрғындардың бірі.
Индербор кенті әкімі Рулан ТҰРАБАЕВТЫҢ айтуынша, келесі жылы зират аумағын қоршау жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасы жасалады.
- Қазір біз қоқыстардан тазартумен айналысудамыз. Зиратты көшіру үшін үлкен қаржы керек,- дейді Р. Тұрабаев. - Сондай-ақ, марқұмдардың туыстарын анықтап, олардың рұқсатын алуымыз қажет.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген автор