Инсульттан немесе ауыр зақым алғаннан кейін қалай науқасты аяғына тұрғызуға болатынын германиялық сарапшы Стана ГРУПП Атырау медициналық колледжінде оқытады. Әлемдік тәжірибеде оңалтуды неғұрлым ертерек – инсульт алғаннан кейін екінші-үшінші күн дегенде бастайды. Ал Қазақстанда пациенттер оңалту орталықтарына тек мүгедектік туралы анықтама алғаннан кейін барады, ал оны ресімдеу бірнеше айларға созылады.
Бірақ соңғы кездері ахуал өзгерді, медициналық мекемелер штатында реабилитологтар пайда бола бастады. Атырау мединалық колледжінің оқытушыларын, сондай-ақ, емханалар мен ауруханалардың медбикелерін оқыту үшін арнайы Германиядан тәжірибесі мол маман Стана Групп шақырылды. Ол «Науқастарды оңалту», «Үйде және стационарда паллиативтік күтім жасау» және «Кинестетиктер» саласы бойынша 3 апталық біліктілікті арттыру курстарын өткізіп, еуропалық әдіспен оқытады. Бізде, мәселен, массаждың алуан түріне көп көңіл бөлінеді. Ал шетелде – емдік қозғалысқа, яғни, науқастарды көбірек қозғалуға ынталандырады. Әрі қарай оқытушылар алған білімдерін өз сабақтарында, ал медбикелер күнделікті тәжірибелеріне пайдаланады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА