Тәжікстан үкіметінің қаулысына сәйкес, шекараны делимитациялау жөніндегі комиссияны елдің премьер-министрі Кохир Расулзода басқарады. Комиссия құрамына вице-премьер Азим Иброхим, жерді белгілеу және геодезия комитетінің төрағасы Раджаб Ахмадзода, әділет министрі Рустам Шохмурод, сыртқы істер министрі Сироджиддин Аслов және басқа да шенеуніктер кірген. Тізімде барлығы 19 адам бар.
Тәжік-өзбек шекарасын делимитациялау және демаркациялау жөніндегі комиссия 2000 жылы құрылған. 2002 жылға дейін шекара сызығының 84 пайызы анықталып, сол жылдың қазанында екі ел президенттері тәжік-өзбек шекарасы туралы келісімге қол қойған.
Қалған 16 пайыз даулы аймақты делимитациялау 2012 жылдың ақпан айында шешілуі керек болған. Бірақ үш күнге созылған келіссөз нәтижесіз аяқталған. Мұнда негізгі даулы учаске - Фархад бөгеті. 1940 жылдары салынған бұл бөгет Тәжікстан аумағында орналасқан.
Өзбекстанда Шавкат Мирзияев билікке келген соң тараптар шекара бойынша келіссөзді қайта бастауға дайын екенін бірнеше рет мәлімдеген.
Дереккөз: azattyq.org