Санкт-Петербург, Екатеринбург және Владивостоктағы АҚШ консулдығы 11 желтоқсаннан бастап иммиграциялық емес виза беруге сұхбат алуды қайта бастайды. Бұл туралы АҚШ елшілігінің сайтында хабарланды. Мәскеудегі елшілік те саны шектеулі иммиграциялық және иммиграциялық емес визалар және басқа да мақсаттарға виза беруге сұхбат алуды жалғастырады.
АҚШ-тың Ресейдегі елшісі Джон Хантсманның айтуынша, "америкалықтар ресейліктердің АҚШ-қа саяхаттағанын, өздерінің мәдениетін үйреніп, америкалық университеттерде оқығанын және АҚШ компанияларымен бизнес жүргізгенін қалайды". "Сондықтан біз бұл шектеулі операцияны қайта бастаймыз. Біз азаматтарымыз бен ресейлік іскерлер арасындағы өзара байланыс екі жақты тұрақты қарым-қатынастың негізі деп санаймыз. Бірақ біздің қызметіміз Ресей билігі бізден АҚШ елшілігі мен үш консулдықтағы қызметкерлер санын дереу қысқарту туралы негізсіз талап қойғанға дейінгі деңгейге жетпейді. Біз виза қызметін қайта бастағанымызға қуанғанымызбен, оны шектеу Ресей қабылдаған шешімнің сәтсіз салдары болып қала береді" деді АҚШ елшісі.
Бұған дейін АҚШ елден ресейлік 35 дипломатты шығарып жіберген. Бұған жауап ретінде Ресей билігі елдегі АҚШ елшілігі мен консулдықтарындағы 700-ден астам қызметкерді қысқартуды талап еткен.
23 тамыздан бастап Ресейдің бірнеше аймағындағы АҚШ-тың дипломатиялық өкілдіктері виза беруді тоқтатқан.
Дереккөз: azattyq.org