Атырау, 23 желтоқсан 21:58
 бұлттыВ Атырау -3
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

«Қорғандарды қорғау керек»

3 367 просмотра

Таяуда Атырауда ҚР Көркем академиясының филиалы ашылуы ықтимал. Бұл туралы академияның вице-президенті Ермұхан  ЖҮНІСХАН (суретте) мәлім етті.

- Ермұхан аға, жалпы академия жайлы айтып өтсеңіз?

- Академия ғылыми зерттеу институты негізінде қалыптасқан. Оның ішінде археология, бейнелеу өнері, түркология, музыка, поэзия, архитектура салаларының бәрін қамтиды.

Біздің академиктердің қатарында Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ, Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ, Алтынбек ҚОРАЗБАЕВ, Жәния ӘУБӘКІРОВА, Нұржамал ҮСЕНБАЕВА, Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ, Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕДТЕР бар. Көркем академиямыздың №1-інші төсбелгісі мен дипломын ел президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВҚА табыс  етілді. Ол кісі біздің академияның құрметті академигі.

Ал батыс өңірінен Гүлмаржан МАХАМБЕТ, Қамбарбек АМАНОВ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ұстазы Нұрлан БЕРМАҒАМБЕТТЕР академиктер қатарына қабылданған болатын.

- Археологиялық қазба байлықтарына сіздердің тараптарыңыздан қаншалықты мән беріледі?

- Былтыр біз қола дәуірінде өмір сүрген бабаларымыздың қорғандарын зерттеу экспедициясын Жаркент қаласынан бастадық. Бұл жерден сақ-үйсін дәуірінен қалған өте көп көне ескерткіштер мен иероглифтер және балбал тастарды кезіктірдік.

Жалпы Қазақстандағы көне қорғандардың қазба жұмыстарын жасау үшін реттілік керек. Былтыр мен  Алматы облысындағы Каракемер ауылы жанындағы бір қорғанды Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық институт қызметкерлерінің қаза бастағанын көріп, ескерту жасадым. Олар қазып тастады да кетіп қалды. Оған ендігі  жаңбыр суы кіріп, бүліне бастаған болар. Бұлай жасағандары дұрыс болмады. Мәселен, Ирландияда бір қорғанды 4-5 шақырымға дейін маңайын қоршап тастайды да, ол жерге бөгде адамдарды кіргізбейді. Ал бізде қорғаннан екі адым жерге әжетхана, үй, времянка салып қояды. Ал қорғандар солардың арасында қалып, құрып кетеді. Кеңес одағы кезінде қорғандардың орнына саяжайлар, жолдар салынды. 

Бұл жәдігерлерімізді қорғап қалу өте өзекті мәселе болып отыр. Ол тікелей мемлекеттің міндеті болуы керек. Өйткені, бұл біздің ғана емес, әлемдік  деңгейдегі тарихи құндылықтар. Сол себепті де қазір Қазақстан аймағындағы сақ-үйсін қорғандарын ЮНЕСКО-ның қарауына өткізу аясында жұмыс істеп жатырмыз.

Жазып алған Айнұр САПАРОВА

25 сәуір 2012, 20:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.