Желтоқсан басталмай жатып, әлеуметтік желіде пиротехникалық заттар саудасымен толтырған саудагерлердің жарнамасы қызып тұр. ІІД азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау тобының аға инспекторы Нұрлыбек КАБАКАНОВТЫҢ айтуынша, өткен жылы облыс көлемінде пиротехникалық заттарды лицензиясыз, заңсыз сатумен айналысқан 17 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 397 мың теңге айыппұл салынған.
Ал лицензия ІІД-нің 2015 жылдың 8 қаңтардағы №6 бұйрығына сәйкес тек заңды тұлғаларға ғана беріледі. Олардың дабылы мен күзеті бар арнайы жабдықталған қоймасы болуы шарт.
- Қазір облыс көлемінде министрліктен алған лицензиясы негізінде пиротехникалық заттарды сатумен екі ЖШС айналысады, - дейді Кабаканов. – Олардың бірінің қауіптілігі I-ІІІ сынып бұйымдар сататын дүкені бар. Қауіптілігі жоғары IV сыныпты отшашуларды мемлекеттік мерекелік шараларда арнайы тапсырыс түскен жағдайда ғана әкеледі.
- Қазірдің өзінде жеке адамдар әлеуметтік желілерде отшашулардың саудасын жарнамалауда. Олар қайда сатылатынын айтпайды, тек тиісті мекенжайға жеткізіп беру қызметін ғана ұсынады. Оларды қалай анықтайсыздар?
- Біз өткен жылы заңсыз саудагерлерді анықтау мақсатында «сатып аламыз» деп бір мекенжайға шақырту арқылы анықтап, тұлғаларды жауапкершілікке тарттық. Сонда олардың айтатындары «Жолымды өтеу үшін бүгін ғана әкеліп едім, азғантай мөлшерде саттым» деген сылтау. Алайда бұл жауапкершілік пен 25 АЕК айыппұлдан құтқармайды.
Мерекелік отшашуларға келсек, біздің жолдаған ресми сауалымызға жауап берген Атырау қаласы әкімінің орынбасары Полымбет ХАСАНОВ отшашуды қоғамдық мәдени-көпшілік іс-шараларда қолдану үшін жергілікті полиция мен әкімдіктен 10 күн бұрын рұқсат алу керек. Отшашу атқан кезде пиротехник мамандар қауіпсіздікті, полицейлер күзетті қамтамасыз ету керек.
«Атырау қаласында үлкен отшашуларды көрсетуге рұқсат етілген арнайы орын жоқ. Техникалық және қауіпсіздік жағынан қолайлы болғандықтан көбіне өзен жағасы таңдалып алынады. Мұндай шаралар жылына шамамен бес рет өтеді. Жалпы, пиротехникалық заттарды сақтау мен алып жүру рұқсаты ІІМ бұйрығымен реттеледі… Қауіпті жүкті көлікпен тасымалдағанда маршрутты полициямен келісіп алу керек».
ТЖД Өрт қауіпсіздігі басқармасы бастығы Жасболат БЕРЖАНОВ қауіптілігі IV сыныпты азаматтық пиротехникалық заттармен және бұйымдармен отшашуды көрсетуге арналған орын ғимараттардан, электр желілерінен кемінде 500 м, құрылыстардан кемінде 50 м қашықтықта орналасу заңдылығын айтады. Ал, пайдалану кезінде төменгі сыныпты пиротехникалық өнімдер жанбай қалса, оған 10 минут көлемінде жақындауға және қолға алуға болмайды - кенеттен жанып кету қауіптілігі бар.
Біз әлеуметтік желілерге «7-ден бастап 50 рет ату» деген жарнамасын ілген сатушылармен телефон арқылы сөйлестік. Әп дегеннен «Сізге қандай отшашу керек? Туған күнге ме, әлде тойға ма?» деп сұрады. Бағалары: 7 рет ату - 8 мың теңге, 50 рет ату - 50 мың теңге аралығында. Отшашулардың қай жақтан, қалай жеткізілетіні туралы айтуды құпия сақтаған саудагер жігіт біздің «барып, көргіміз келетін» өтінішімізден бас тартты, тек «мекенжайыңызды айтыңыз, жеткізіп береміз» деумен шектелді.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА