Біз, әйелдер, өз келбетімізді әдемілеу үшін кем дегенде екі сағат жұмсау керектігіне кінәліміз бе? Ер адамдар үшін жарты сағат жеткілікті: өйткені шалбардың қырын салып, жейдені үтіктеп дайындап қоятын біздер, әйелдер. «Бес минут, қымбаттым» - «Иә, иә, асықпа, жаным. Әлі жарты сағат уақыт бар, оған дейін екінші таймды көріп тастайын... Мә, сен әлі боянған жоқсың ба?» деген сөздер бәріңізге таныс шығар.
Қане, сүйіктім, сен маған боянуға көмектес. Сенің бәтіңкеңді жалтыратып майлап қойдым ғой... Сөйтіп, мен тәжірибе жасап көруді ұйғардым: жастар өз сыңарына тезірек жиналуға - боянуға көмектесу керек. Қане, бастайық!
Альмира, яғни, Мира, мен Арыстанбек жақында ғана шаңырақ құрған. Арыстанбек барбер болып жұмыс жасайды, Альмира үй шаруасымен айналысады.
Тұнған косметикадан Арыстан шошымады. Сөйтсек, ол тәжірибеге кіріспес бұрын макияж жасау сабақтарын іздеп, ғаламторды ақтарыпты. Тәжірибеге жақсы дайындалған екен.
– О, мынау хайлайтер ғой! Мұның не екенін білемін! – деп қуана айқайлады ол Альмираның қабағына қылқаламды жақындатып.
– Тоқтааа, – деп айтып үлгерді моделіміз, оның қолын көзінен қағып жіберіп. – Хайлайтермен көзді боямайды!
– Мен суретшімін. Мен осылай көріп тұрмын,– деп жұбайының қарсылығын жайбарақат баса қойды Арыстанбек:– Ал сіз, ханым, тынышыңызға отырыңыз.
Кейін дұрыс макияж рең беруші негізді жағудан басталатынын еске түсірген Арыстанбек қолына спонж бен рең беретін кремді алды. Он адамның бетіне жағуға жететіндей етіп, сықпа құтыдан көп етіп сығып шығарды. Мираның күйгелектене бастағаны байқалады, бірақ қолынан келгенше тырысып жатқанын түсініп, үндемеді.
Әрі қарай – қастарын бояды, тек олардың екі жағы бірдей боялған-боялмағанын түсіну үшін жиырма минут уақыт кетті.
– Әйелдерге бояну оңай, олардың қанында бар! – деп қояды Арыстанбек.
Әрі қарай ерінге кезек келді.
– Алдымен ерін бояйтын қарындашты ал, жиектеп сыз, сосын далаппен боя. Түсіндің бе?
– Түсіндім, жаным, түсіндім… Бояйтын несі бар, екі жолақ сызасың, болды, дайын, - деп далап құтыларының ішінен Арыстанбек ең ашық далапты таңдады.
Мира демін ішіне тартып:
– Ұмытпа, тістерді емес, ерінді бояу керек…
– Бір минут, түзетемін!
– Бәрі дұрыс сияқты, әрі қарай ше? Ал мынау не үшін керек?
– Бұл көзге арналған сүрме, онымен көз сызығын сызасың.
– Сызық деймісің? Қазір салып беремін!
Осы жерде күтпеген жайт болды. Арыстанбек бірқалыпты қозғалыспен қабақтың үстінен екі жағына да біп-бірдей түзу сызық салып шықты. Әп дегеннен әдемі шыға қойды. Содан кейін кәсіпқой шебер секілді Мираға жасанды кірпік жапсырды. Студиядағы қыздар ду қошемет көрсетті.
Мираға айна ұсынбас бұрын Арыстанбек:
- Сүйіктім, айнадан не көрсең де, жуғанда кетіп қалатынын ұмытпа, деп ескертіп қойды.
Алайда Арыстанбек керемет макияж жасаған еді. Онымен қысылмай кез келген жерге шығуға болады. Бұған 1 сағат 15 минут уақыт кетті.
Кирилл мен Оля фитнес-орталығында танысқан. Екеуі де нұсқаушы болып жұмыс істейді. Шаңырақ құрғандарына бір жыл.
Кирилл Арыстанбек сияқты дұрыс дайындалмапты. Бірақ Олядан қысқаша нұсқау алды. Түрлі қылқаламдар мен далаптарды көргенде оның айтқандарының бәрі есінен шығып кетті. Қане, Кирилл, іске сәт! Сөйтіп ол алдымен қолына спонж алып, Оляға тегіс рең беруші крем жағып, бірден қасқа кірісті. Қастың түзулігіне Кирилл аса мән бере қоймады.
– О, құдайым, қанша көлеңке-бояулар бар! Қайсысымен бояймын? – деді жас жігіт тұрып қалды.
– Ең күңгіртімен, - деп кеңес бердім мен.
– Жарайды, күңгірт болса, күңгірт жағайын… Оля, қане.
Жер қозғалмаса қозғалмайтын Оля осы кезде күйгелектене бастады. Қылқаламға бояуды көп үйкеп қойған Кирилл қыздың бетіне күңгірт ұнтақтарды сеуіп жібергендей болды. Бояулар сол сәт қыздың бетіне, мұрнына, еріндеріне қона қалды.
– Сылағыш қайда? Лас болып қалды… Оля, айтып жіберші, – деп көмек сұрады Кирилл, қыздың көзіне қарамауға тырысып.
– Спонж ал, сәл сүртіп жібер, абыржыма, – деп нұсқау берді Оля.
Көңілі жайланған Кирилл қайтадан көлеңке-бояу мен қылқаламды қолына алып, қыздың төменгі қабағының астына екі күңгірт дақ жүргізді. Жарайсың! Ал сызықтарды сала алмай, қайта-қайта сүртіп, әлекке түсті. Бұған жарты сағат уақытын жұмсады.
Оля шыдап, үндемей отыр. Сәл қимылдаса, қылқалам мүлт кетіп, көзіне кіріп кетуі мүмкін екенін түсінеді.
– Мынау, таңқурай түсті рең. Керегі осы еді. Оля, сен сондай сұлу боласың…
Далапты екі рет жағып өткенде, далап теп тегіс болып қыздың ерніне жағылды.
Ең соңында контуринг қалды.
– Контуринг дейсіз бе… Ааа, бет сүйегін айқындап, бетті фактуралы ету үшін бе?.. Оны да жасайын…
– Кириииилл, маған сақал салудың қажеті жоқ, – деп айқайлады Оля, Кирилл де макияжын аяқтады.
Егер кей жерлерін түзеп жіберсе, бәрі әп-әсем болып шыққан. Оляны бояндыруға бір сағаттай уақыт кетті.
Бәрі керемет болуы мүмкін емес деп ойладым да, жұбайым Ильямен тәжірибе жасауды ұйғардым. Осы кезде адам сенгісіз треш басталды.
Біріншіден, күнге күйген қызды Илья Гогольдің «Вийіндегі» Панночкаға айналдырып жіберді.
Қасты көп әурелеп жатпады:
– Настя, не керегі бар? Онсыз да қастарың қара ғой.
Енді қабақтарымды бояу керек. Илья көз тұнған көлеңке-бояуларға қарап, абыржып кетті: көз алдына қандай бейненің елестегенін білмеймін, бәлкім менен «Қара аққудағы» Натали Портманды жасағысы келген шығар? Бояулар қабағымның үстіне қабат-қабат жағылып жатты.
– Көзіңді аш, – деп бұйрық берді күйеуім. Бұйрыққа бағындым.
Маған мұқият қарап алып, шамасы, үйлеспейтінін түсінді ме, Илья қабағыма ақ рең бергіш кремді жақты.
– Көгерген жерге ұқсайды екен, – деді Илья. Мен күрсініп алдым. Көзге сызылған сызықтарды мүлдем ұмытқым келеді. Бірақ суреттер естелікке қалады ғой.
Бұрын еріндерді әлдеқайда басқаша бояу керек деп ойлайтын едім…
Құралдардың бәрі қолданылды: көлеңке-бояулар, далаптар, сиқырлы «сылағыш», консилерлер мен алуан түрлі түзеткіштер. Нәтижесінде айнадан өзімді емес, Тим Бертонның фильміндегі Қайшы қол Эдвардты көрдім. Бұл жасалған грим еді. Осылай болуы тиіс те еді, өйткені жұбайым кино десе ішкен асын жерге қоятын адам.
Ильяның макияж жасауы жарты сағат уақыт алды.
– Сен қазір менімен мейрамханаға баруға келісер ме едің?
– Настя, үйден пиццаға тапсырыс берейікші, - деді ол.
Арыстанбектің, Кирилл мен Ильяның «ерлігін» қайталағысы келетін ерлерге арналған сөздік
Барбер – бұл заманауи ер адам шаш үлгісін, мұртын, сақалын әдемілетіп қырып-қидыртатын, өз келбетін сеніп тапсыра алатын
Мейкап – макияж
Консилер – терінің олқы жерлерін көрсетпеу үшін қолданылатын құрал
Хайлайтер (ағылшын тіліндегі highlight – «көмескі жарық түсіру») жарық шағылыстыратын бөлшектері бар макияжға арналған құрал.
Шиммер – жарық шағылыстыратын әсері бар декоративті
Праймер – макияж астына жағылатын негіз.
Контуринг – бет әлпеті мен формасын түзету үшін қолданылатын макияж техникасы.
Анастасия АЛЮШИНА
Суреттерді түсірген автор